Бір күнде 17 жол-көлік оқиғасы орын алды

26

Босағадан шығып бара жатқан сиыр жылы  халықтың қолайына жаққан жайлы  жыл болмады.  Ерте көктемде жаңбырлатып бастағанмен, ала жаздай  Батыс және Солтүстік  пен Қызылорда облыстарына  нәр тамбай,  қуаңшылық болды.  Есесіне өршіген індетпен бір бүйірден соққан құрғақшылықтан Батыс өңірлерінде жаппай төрт-түлік мал қырылып,  шаруалар таяқтарын қолына ұстап қалды. 

Қоңыр күз келгенде жиын-терін науқанында сіркіреген жаңбыр аяғы  қарашада қалың қарға ұласты. Әсіресе, Солтүстік пен Арқа төсіндегі  Қарағанды,  Ақмола облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласын ақ ұлпаға оранып,  қара жолдар көк мұзға айналды. Тіпті, апталап жауған қарды жол тазалаушылар тазартып үлгермеді. Қытымыр қыстың аязды салқыны Солтүстік өңірлерді дүркін-дүркін жауған қармен  есеңгіретіп тастады. Қараша қауым  аяздан бүрсеңдеп  көмір таппай, бекеттерде апталап күзетке тұрғандарын айтып зар жылады.  Жалпы,  қатты отынның тапшылығы биыл Республиканың барлық аймағында сезілді. Кейбір ауылдар «көгілдір отын биыл берілетін болды» деп жайбырақат жүріп суыққа ұрынғандарын айтып мұңдарын да шақты. Жә,  бұл бөлек әңгіме. Ал,  Оңтүстік өңірлерде Қызылорда,  Түркістан,  Жамбыл, Алматы облыстары мен шырайлы  Шымкент  және Алматы қалаларында таулы аймақтарда болмаса етектегі елге қар ұшқыны ғана себелеп, арты нөсер жаңбырға ұласты.  Желтоқсан айы аяқталып қалса да қар жаумай қарасуық пен қалың  тұман жапқан өңірлерде жаңбырлатып, 25-28 желтоқсан аралығында күре жолдарда көктайғақ болып,  көлік апаттарының саны артты. Әсіресе, Алматы-Қорғас бағытындағы цементтен төселген жолдарда жаңбыр соңы аязға ұласып,  көктайғақ жолдардан бірнеше бағыттағы көліктер қозғалысы шектелді.  Аталған жайтқа байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаменті ескертулер жариялады.

“Қазгидромет” РМК-ның дауылды ескертуі негізінде 26-28 желтоқсан күндері Алматы облысының тауларында тұман, көктайғақ болады және қалың қар түседі. Азаматтарды ауа райының өзгеруін бақылауға және сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырамыз. Ұялы телефонға келетін СМС-хабарламаларға назар аударыңыздар, бұқаралық ақпарат құралдарының ескертуіне мән беріңіздер”, – делінген  департамент  хабарламасында.  Алайда көлік тізгіндегендер бұл ескертулерге аса мән бермеуінен 25 желтоқсанда «Алматы-Қорғас» автожолының 134-ші шақырымында жолды қалың тұман басуына байланысты 17 автокөлік соқтығысқан жол-көлік оқиғасы орын  алды. Жол апатынан 5 адам зардап шегіп,  олар Шелек ауылының аумақтық ауруханасына жеткізілді. Оқиға орнында патрульдік полицейлер қызмет атқарған. Аталған автожолдың 84 шақырымынан бастап, 136 шақырымына дейін жабылды. Ішкі істер органдары жүргізушілерге қозғалыс кезінде өте мұқият болуларын және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауларын өтінгенімен, бұл ескертуді елемей, тұманды көктайғақта  жылдамдық тәртібін бұзып, арақашықтықты сақтамай жол ережесін естен шығарған көлік жүргізушілерінің видеолары интернет желілеріне тарап жатты. Қарашадан бері қар жаумай қара жолда еркін көсілген автокөлік жүргізушілерінің қауіп-қатерді мүлде естерінен шығарып алғандары көңіл алаңдатады. Бұл арада жол сапасы да назарда болуы шарт. Цементтен төселген автожолдар қыстың көзі қырауда ғана емес жаздың өзінде жаңбырлы күндері көліктердің сырғанап жататынын кез келген көлік иелері біледі. Ауа-райының құбылуына қатысты тек қана Алматы, Шелек-Қорғас автожолдары ғана емес, Үшарал-Достық  (64-184 шақырым-дары), 26 желтоқсанда Республикалық маңызы бар «Алматы-Өскемен», Қапшағай-Сарыөзек бағытындағы қозғалыс жолдары арқылы қатынауға шектеу қойылған-ды. Апат айтып келмейтінін  ескерсек,  Алматы облысының ТЖД азаматтардан 112 қызметі беретін СМС хабарларды назардан тыс қалдырмауды ұдайы сұрап келеді. Алыс жолға шығар алдында, ауа-райы болжамымен танысып, төтенше жағдайларда сізге көмектесетін барлық қажетті  заттарды өзіңізбен бірге алып жүріңіз», – деп ескертеді. Мәселен, 22 желтоқсанда Алматы облысының Алакөл ауданы «Ырғайты» учаскесінде, «Үшарал-Достық» автожолының 92 шақырымында қар құрсауында бір жеңіл автомашина тұрып қалған. Оқиға орнына Ақши ауылының жедел-құтқару жасағының 9 құтқарушысы «Трекол» қар батпағының 1 бірлік техникасы көмекке барған. Ақши ауылынан 50 км қашықтықта қар құрсауында қалған жеңіл көлікті тазартылған жолға шығарған. «Сақтанғанды Құдай сақтаймын» – деген тәмсілді жүргізушілер  көлік жүргізгенде ұдайы жадыларына ұстау керек-ті. Жылдың төрт мезгілінде де жол-көлік оқиғалары бір толастаған емес. Ал, қыстың көзі қырауда қар әлі қалың жауған жоқ – деп, жауын-шашынды елемей, тұманды күні  жолға шыққандар Алматы, Шелек-Қорғас  автожолындағы төтенше жағдайлардан сабақ алса игі.  Жалпы, Алматы облысының аумағында 11 айда 2044 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 414-і қаза тауып, 2928 адам әр түрлі дене жарақаттарын алған. Алматы  облыстық сотының баспасөз  өкілдерінің берген мәліметіне жүгінсек, 2020 жылы 345-бап бойынша, көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүру немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу бабы бойынша сотты болғандар 99 адам болса,  2 адамға  айыппұл салынып, 14-і қоғамдық жұмысқа тартылып, біреуі түзеу жұмыстарына, 17-і бас бостандығын шектеу, 16-ы бас бостандығынан айыру, 48-і шартты түрде сотталса, бір адам жазадан амнистия бойынша босатылған. Осы жылдар аралығында көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлікті осындай адамның басқаруына беру бабы бойынша,  яғни  346-бап бойынша барлығы 106 адам сотты болған. 2 адамға айыппұл салынып, қоғамдық жұмысқа 15-і тартылған. 68 адам бас бостандығынан шектеліп, 12 жүргізуші бас бостандығынан айырылып, 8-і шартты түрде сотталған. Жалпы 2020 жылы 345 бап бойынша 127 тұлғаға қатысты 127 іс сотқа түскен. Оның 99 үкім шығарумен аяқталған. Барлығы 131 тұлғаға қатысты 131 іс қаралды. Ал, 346 бап бойынша 122 тұлғаға қатысты 122  іс тіркеліп,  оның 106-на үкім шығарылған. Барлығы 114 тұлғаға қатысты 114 іс қаралған. 347 бап бойынша барлығы бір тұлғаға қатысты  іс  зерделенген.  Ал, сиыр жылы, яғни, 2021 жылы 345-бап бойынша көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу бабы бойынша сотталғандар – 122, айыппұл салынғаны – 7, қоғамдық жұмысқа тартылғандар – 18, түзеу жұмыстарына тартылғандар біреу, бас бостандығын шектеу – 12, бас бостандығынан айыру – 27, шартты түрде сотталғандар – 55, жазадан амнистия бойынша босатылғандар – 2. 346-бап бойынша көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру бабы бойынша барлығы сотталғандар – 103, айыппұл салынғандар жоқ, қоғамдық жұмысқа тартылғандар – 10, түзеу жұмыстарына тартылғандар жоқ, бас бостандығын шектеу –  65, бас бостандығынан айыру – 23, шартты түрде сотталғандар – 5, жазадан амнистия бойынша босатылғандар жоқ. 347-бап бойынша жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу бабы бойынша сотталғандар – 1, айыппұл салынғандар жоқ, қоғамдық жұмысқа тартылған біреу, бас бостандығын шектеу жоқ, шартты түрде сотталғандар жоқ, жазадан амнистия бойынша босатылғандар жоқ.

Биылғы жылы 345-бап бойынша 144 тұлғаға қатысты 144 іс келіп түсті, оның 124-і үкім шығарумен аяқталып, барлығы 145 тұлғаға қатысты 145 іс қаралған. 346 бап бойынша 115 тұлғаға қатысты 114 іс қаралып, оның 102-і үкім шығарумен аяқталған. Барлығы 114 тұлғаға қатысты 113 іс  қаралды – дейді Алматы облыстық сотының баспасөз өкілі.

ТҮЙІН ОРНЫНА:  Бүгінгі қоғамда, қыбырлаған құмырысқадан, жыпырлаған көлік көп екенін ескерсек, жылдамдықты арттырып, одан қалды тыйым салынған ішімдікпен уатты заттарды пайдаланып рөлге отырғандар саны артпаса кеміп отырған жоқ.  Ал, ондай адамдар  көктайғақ, тұманды күндері көлік тізгініне отырмайды деп ешкімде кепілдік бере алмайды. Көлік жүргізушілер қыстың көзі қырауда ТЖД-департаментінің СМС жаңалықтарына құлақ түріп, жолда мұқият болулары керек-ақ. «Пәле қайдан, жала қайдан» – дегізбей, көлік тізгінінде сауысқандай сақ болу қажет-ақ. Аязды, тұманды күндері жолға шығушылар абай болыңдар»,  – деп ескертеді Төтенше жағдайлар департаменті.

Айтақын МҰХАМАДИ

 

Бөлісу: