«Алтын Орда» базары маңындағы жол учаскесі пайдалануға берілді

0
989

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес көлік легін өткізу қабілетін ұлғайту, инфрақұрылымды жақсартып, халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында бүгін Алматы – Бішкек автожолының «Алтын орда» базары маңындағы 16-19 шақырымындағы жол учаскесі пайдалануға берілді. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап «Алатау» газеті хабарлайды.

Жолдың ашылу салтанатына Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев қатысты.  Шара аясында  Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев өңірде «Нұрлы жол» бағдарламасы және Алматы агломерациясы аясында жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында атқарылған істерге тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы агломерациясын дамытудағы тапсырмаларының бірі – транспорттық модель құру және көлік инфрақұрылымын жақсарту. Осы міндеттерге сәйкес бүгін эстакада арқылы көлік қозғалысы ашылып отыр. Бұл өз кезегінде мегаполистен шығатын көлік жолын барынша босатуға мүмкіндік береді. Жоба шеңберінде жолдың жүру бөлігіне 8-10 қозғалыс жолағына дейін кеңейту жүргізілді. Бұрылу эстакадалары және ұзындығы 600 метр болатын негізгі магистралдық эстакада салынды. Сондай-ақ, үш жерүсті жаяу жүргінші өткелі бой көтерді,  – деген облыс басшысы  тұрғындардың «Алтын орда» сауда орталығына қатынау жолын жеңілдетіп,  шағын кәсіпкерлікті дамытуға септігін тигізетінін айтты.

Жол әзірге асфальттың соңғы төсемінсіз іске қосылды. Ол технологиялық талаптарға сәйкес ауа райы жылыған көктем кезінде төселеді. Жалпы учаскенің ұзындығы – 3,86 шақырым. Жол құрылысы барысында мердігер мекеме «Сине Мидас Строй» компаниясының 224 маманы мен 55 бірлік техника жұмыс істеді.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ