Дәрігердің жылы сөзі дәріден де қымбат

1122

 Халық денсаулығының қалыпты болуы – жеке адамның жұмыс уақытының ұзақтығына, еңбек және тұрмыс жағдайларына, дұрыс тамақтануы мен ұйқысына тікелей байланысты. Бірақ ауру айтып келмейді. Елді елең еткізіп, бар назарды өзіне аударған коронавирус әлі де басылар емес. Әлемді мойындатқан ғалымдардың өзі осы індеттің емін таппай әлекке түсуде. Ақпан айында басталған COVID-19 Қазақстандағы барлық аурухананы аяғынан тік тұрғызды. Дәрігерлер күн-түн демей, отбасы, үй – жайды бір шетке ысырып қойып, барын салып науқастарға көмектесті.

Елімізде ешқандай дайындық болмады. Дәрі-дәрмектің жетіс-пеушілігі қатты байқалып, тыныс алу аппараттарына қолы жетпей қанша адам өмірден өтті. Мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлінсе де, оңды жаратылмай, ақшаны жымқырды деген күдікпен Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев ұсталды. Сонымен қоса медициналық бетперде мен антисептик саудалаған алаяқтар да табылды. Тұрғын үйлер карантинге жабылып, мекемелер жұмысын тоқтатты. Көшеге себепсіз шығуға шектеу қойып, бетпердесіз жүрген адамдарға айыппұл салынды. Елдегі жағдай абыр-сабыр болды.Індет өршіген кезде барлық аурухана күндіз-түні науқастарды қабылдап, қолдан келгенше емдік шарасын жасады. Тіпті орын болмай, үйінде емделгендер қаншама. Күнделікті сақтық шаралары тоқтамай жүргізіліп жатса да, Қазақстан бойынша ауырған адамдар мен өлім саны күн санап өсіп жатты. Бірақ, ақ халаттылардың тынымсыз еңбегі мен адамдардың өмірге деген құлшынысының арқасында науқастардың басым көпшілігі жазылып шықты. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше Республика бойынша барлығы 107 979 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Солардың ішінде 103 мыңға жуық науқас емделіп шықты. Әу баста барлығын өтірікке балап, «ешқандай індет жоқ, барлығы саясат үшін» деген халық жақындарын жоғалтқаннан кейін ғана сақтана бастады.Осы індет кезінде барын салып жұмыс істеген емханалардың қатарында «Талдықорған қалалық емханасы» МКК алдыңғы қатарда тұрды десек артық айтқандық емес. Емханада жұмыс істейтін барлық 781 қызметкердің әрқайсысы өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарады.
Қалалық № 22 участоктің жер-гілікті терапевті Руфина Хамитова індеттің өршіген кезі дәрігерлерге оңай болмағанын айтты. Үзіліссіз түскен қоңыраулар, көмек күткен науқастарға үлгеру үшін мамандар жеткіліксіз болған.
– Науқастар өте көп болды. Біз сапалы қызмет көрсетуге үлгермедік. Қолымыздан келгенше жұмыс жасадық. Күніне 80-100 адамға дейін шақырып жатты. Біз тек алғашқы көмекті көрсеттік. Қажет болған жағдайда рентгенге түсіру үшін науқасты емханаға әкеліп жүрдік. Ал, жағдайы нашарлап, ауруы асқынған науқастарды реанимация бөліміне, стационарға тапсырдық. Індет қатты өршіген тұста біздің бөлімде 4 терапевт-дәрігер жұмыс істеді, 2 дәрігер мобильдік топта болды, олар қоңырау шалғандарға барып отырды. Ал, 2 дәрігер фильтрде отырып науқастарды қабылдады. Алғашында дәрі-дәрмек жетіспеушілігі болды. Бірақ маусым айының соңында бізге тегін препараттар алып келді. Сол препараттарды, антибиотиктерді халыққа та-рата бастадық. Протокол бойынша емдік шараларын жүргізгенімізбен нәтижесі бол-мады. Себебі, науқастардың көп-шілігі үйде өз бетімен ем жасап, антибиотик қабылдап қойғандар болды. Сондықтан біз берген дәрі-дәрмектің әсері болмай қалатын. 15 тамызда шыққан жаңа Протоколға ешқандай өзгертулер енгізілмеді. Індет сәл сая-бырсып, науқастар азайғанымен коронавирус жұқтырғандар әлі де бар. Қазір күніне кем дегенде 5-6 адам түседі.
Тамыз айынан бері айтылып келетін екінші толқынға біз үлкен дайындық жасадық. Алдында мобильдік топта екі дәрігер жұмыс істесе, енді он жеті дәрігер жұмыс істейді. Алғашқы кезде қоңырау түскенде фонидоскоп пен пульсоксиметрді алып өзіміз ғана баратынбыз, қазір бізде препараттар бар, арнайы жабдықталған сөмкеміз жанымызда жүреді. Жалпы екінші толқынға дайынбыз, бірақ, болмайды деген үмітіміз де жоқ емес – дейді Руфина Талғатқызы.
Емхана директорының орын-басары Анна Шумилинаның ай-туынша, карантин кезінде емханадан арнайы бөлім ашып, коронавирус жұқтырған науқастарды қабылдаған.
– Індеттің әсерінен әлі де қорқынышта жүрміз. Алғашында наурыз, сәуір айларында аса байқалмағанымен, маусым шілде айлары біз үшін өте ауыр болды. Дәріханаларда дәрі-дәрмек болмай, халыққа көмек көрсете алмай қиналдық. Үйдегі емделіп жатқан, ауруханада орын болмай қалған науқастарға қызмет көрсетілді.
Емханада екі жедел-жәрдем көлігі түскен қоңырауларға барып, коронавирусқа тексеру үшін сол жерде мазок (жағынды) алып, оң нәтиже көрсеткен жағдайда бірден Протокол бойынша емдедік. Ал енді, екінші толқын бола қалған жағдайда індетпен күресуге дайынбыз. Қалай сақтанып, қалай қарсы тұру керек, осыған байланысты 22 дәрігерді оқытып, екі мобильдік топ құрып қойдық. Жедел-жәрдем бөлімі де екінші толқыннан сүрінбей өтетініне сенімдіміз. Екі жедел-жәрдем бригадасы арнайы киімдермен жасақталған, дәрі-дәрмек қоры да жеткілікті. Енді тек халық сақтық шараларын ұстанып, бетперде тағып, адам көп шоғырланатын жерде жүрмей, барынша тәртіпке бағынса, біз бұл күндерді де еңсереміз.
Емханада күндізгі бөлімде офтольмология, наркология, хирургия бөлімі бойынша науқастарды қабылдайды. Сонымен қатар «Жастар денсаулық орталығы» бар. Ондағы дәрігерлер мектептерді, балабақшаларды, жоғары оқу орындарын аралап, жастарға аурудың алдын алу, сақтану жайында ақпараттар береді. Қазіргі жағдайға орай олардың жұмыстары тоқтап тұр. Себебі, сақтық шараларына байланысты көп адам жинауға болмайды.
Бүгінгі таңда терапия бөліміне жөндеу жұмысы жүруде. Техникаларымыздың барлығы жаңа, 100 пайыз жабдықталған. Маман тапшылығы жоқ, өз ісіне жауапты мықты дәрігерлер жұмыс істейді. Биыл Алматы, Шымкент қалаларынан оқу бітірген жас мамандар келді – дейді Анна Гурьевна.
«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегендей, осы уақытқа дейін «дәрігерлер жұмыс жасамайды, қабылдауға барсаң дәрі жазып қайтарады» деп шулайтын халық үшін дәл қазір дәрігерден құрметті адам жоқ. Дей тұрғанменде қаншалықты мықты маман бол-са да, барлық технологиямен жабдықталған, мүмкіндіктері бар емхана болмаса дәрігердің қолы байланады. Заман қарыштап да-мып жатқанда, елімізде ондай қиындықтар болмайды деп сенеміз.

Мадина МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

І. Жансүгіров атындағы ЖУ

4 курс білімгері

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ