АСЫРА ПАЙДАЛАНАДЫ

0
1808

Бүгінде қызмет бабын қолданып, өкілеттілігін  пайдасына бұрмалайтындардың саны артты. Жаңбырдан соңғы саңы-рауқұлақша қаптаған індетке жең ұшынан жалғасқан жемқорлық мәселесі қосылуда. Күн сайын әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдарында жария-ланған мәліметтерге назар аударсақ, қоғамның қай саласында болмасын осы бір дерттің дендеп келетіндігін байқаймыз. Соңғы бір ай көлемінде елде біршама қылмыстық іс орын алса, соның ішінде қызмет бабын асыра пайдалану дерегі де көптеп кездеседі. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Стратегия және жедел басқару департаментінің басшысы Нұрлан Жақсымбетовтың мәліметінше, екі апта ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бұрын аяқталған қылмыстық істер бойынша 37 адамға қатысты 29 айыптау үкімі шығарылса, олардың 15-і түрлі деңгейдегі басшылар екен. Оның айтуынша, 8 адам бас бостандығынан айырылды.  Сонымен бірге, жалпы сомасы 100 млн.теңгеден астам еселік айыппұлмен 19 адам сотталған. Бұл деректерге қарап жауаптылар  жазасын тартыпты дегенімізбен,  қоғамда мұндай әрекеттердің жиілеп келетіндігі байқалады. Мәселен, тұтқындарға құрбы-сының пәтерін жөндеткен Қарағандыдағы тергеу изоля-торының бастығы 5 жылға бас бостандығынан айырылса, Түркістан облысында 9 мың теңге пара алған судья 3 жылға сотталды. Бұған қоса, қандай да бір мемлекеттік қызметке тұру құқығынан өмір бойына шеттетілді. Міне, азғантай ақшаға бола тұтас өмірінің мәнін қашырғандарға қарап басқаларының да заңның уысынан құтыла алмайтынын түсінсе дейміз. Бүгінде қоғамда   көріп  тұрса да көрмегенсудің  қарасы көбейді. Тіпті, қылмысқа араласып, істі болғандардың арасында құқық қорғау саласының өкілдері де бар. Жуырда  Шу станциясында есірткі сатумен айналысқан полиция қызметкерлерін ұстау бойынша арнайы операция өткізілген. «Время» газетіндегі  мәліметке сүйенсек, Өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметкерлері қуғындаған автокөліктің ішінен салмағы 55 келі болатын марихуана  тапқан. Есірткі сатумен айналысты деген күдікке ілінген желілік полиция қызметкерлерін ұстау барысында біреуі қаза тауып, тағы екі адам жарақат алған. Ал Шығыс Қазақстанда мал ұрлығына қатысы бар деген күдікті тергеу кезінде қайтыс болған. Енді марқұмды тергеу барысында қинап өлтірген тәртіп сақшыларына қатысты іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Осылайша қарапайым халық әділдік іздейтін судьяның да, бас амандығына жауапты құқық қорғау органдары өкілдерінің де бармақ басты, көз қысты әрекеттері көбейіп, қылмыстары күн санап өсуде. Неге?

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ

 

 

Кілтсөздер:НЕГЕ?


ПІКІР ЖАЗУ