Дәрігерлер қандай құрметке де лайық

421

Ұлт саулығы – еліміздің тұрақты дамуының кепілі. Ал, саулығымызды сақтауға септігін тигізетін саланың бірі  – медицина. Соңғы жылдарда осы салаға қатысты мәселе мінбердегілердің  назарынан   тыс қалған емес.

Жыл санап елімізде, соның ішінде ауылдарда  медициналық  ұйымдардың  бой көтеруі денсаулық сақтау саласының көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқандығының куәсі дерсің.  Десе де көпшілік   ауылдардағы   жағдайға  алаңдаулы-ақ. Осы тұста біз  ауыл медицинасының ахуалын  саралауда  газетімізден арнайы    айдар  ашып отырмыз. Ондағы мақсат – елді мекендердегі  медициналық мекемелердің тыныс-тіршілігінен  және онда еңбек етіп келетін ақ желеңді абзал жандар туралы жазу.  Ал, «айдардың»  алғашқы мақаласы   Ақсу ауданына қарасты   Сағабүйен  ауылының  дәрігерлік амбулаториясы мен ондағы ел денсаулығын  сақтауда  аянбай  тер төгіп  жүрген  дәрігерлерге арналады.

Денсаулықты сақтайтын – дәрігер болса, олардың халыққа қызмет жасауына мүмкіндік жасайтын – емхана емес пе.  Екі мыңға жуық  адамға медициналық қызмет көрсетіп келетін Сағабүйен ауылының  дәрігерлік  амбулаториясы  1983 жылдан бері  жұмыс  жасап  келеді.  Осыдан біраз жыл бұрын дәрігерлік амбулатория  орналасқан   ғимаратттың тозығы жетіп,  ауылдағы жеке  тұрғын үйдің біріне көшіріліпті.  Бүгінде  Алматы-Өскемен  автожолы бойында орналасқан ауылдық   дәрігерлік  амбулаторияда   2  дәрігер, 13  медбике,  2 тазалықшы, көлік  жүргізушісі   ел игілігі жолында қызмет етуде.  Сонымен қатар  6 орынды  күндізгі  емдеу стационары  жұмыс істейді. Емхана жұмысымен  медициналық  мекемеде  отыз бес жылдан астам уақыт  еңбек етіп  келетін  терапевт-дәрігер  Бақытгүл  САҒЫМБЕКОВА   таныстырды. Әңгіме барысында  ауылдық  амбулаторияның күндізгі емдеу стационарында ауыл тұрғындары күнделікті ем қабылдап жатқанын байқадық.  Олар ақ халатты абзал жандарға дән ризашылықтарын да білдіріп жатты.

Терапевт-дәрігер Бақытгүл  Бимолдақызының сөзінше, Сағабүйен  ауылдық    дәрігерлік  амбулаториясынан  бөлек, Сағакүрес пен Қарашілік елді мекенінде  фельдшерлік пункт бар.

Кез   келген   дертті ауыздықтауда   дәрігер біліктілігі аса қажет. Тарас ауылының тумасы орта мектепті тәмамдаған соң Талдықорған қаласындағы зооветеринариялық техникумын үздік аяқтап,  сол кездегі  Целиноград мемлекеттік медициналық университетінің емдеу ісі бойынша оқуға қабылданып, 1985 жылы терапевт-дәрігер мамандығын меңгерді.

Еңбек жолын Талдықорған  қалалық  ауруханасында  Бауыржан Искаковтың  қарамағында  жұмыс істеуден бастады. 1986 жылдан бастап  Сағабүйен  ауылдық дәрігерлік амбулаториясында терапевт-дәрігер қызметін атқарады.

Ауылдың тынысы қандай кең болса адамдарының пейілі де сондай. Әрбір отбасының  бір жақын адамына айналып кете баратын ауыл дәрігері күн мен түннің  қай бір мезгілінде болмасын жәрдеміне мұқтаждың жанынан табылып, талай бақытсыздықтың алдын бөгеп, алғашқы берген тиянақты ем, нақты нұсқамасымен нешеме дерттінің аяғынан нық тұрып кетуіне себепкер болды.

«Дәрігерлік мамандыққа бала кезімнен қызығушы едім. Қызығушылығым мақсатыма айналып, осы мамандықтың  иесі атандым. Өмірде екі нәрседен қателеспеу қажет дейді. Бірі – өмірлік жар таңдау болса,  екіншісі – мамандық. Мен екеуінен де жаңылмаған, бақытты жанмын. Жұмысым – менің сүйікті ісім. Ал науқастың алғысын алу мен үшін үлкен мәртебе. Ризашылық білдірген науқастың шынайы ілтипатын естігенде бұл мамандықты таңдағаныма қуанамын»,  – дейді  Бақытгүл  Бимолдақызы.

Тынымсыз  еңбек жолында ел көңілінен шығып үлгірген ауыл дәрігері    бұл дәрежеге  ең алдымен бала кезінен өзі қалаған  дәрігерлік мамандыққа деген құштарлығының арқасында қол жеткізді.  Кәсібін шын сүйген оның мехнатын маңдайының терімен жеңілдетіп, жүрек жалынымен өзін де, өзгені де жылыта біледі. Денсаулық күзетіндегі отыз бес жылда Бақытгүл  апайды  сағабүйендік қауымға бауырдай етіп жіберген де осы мінезі, осы қасиеті болар.

Ол  2008-2010  жылдарда  Көшкенталда,  2010-2011  жылдары  Қызылағаш ауылдық  дәрігерлік амбулаториясы жұмысын жауапкершілігіне алып, меңгерушілік қызметті  атқарды.  «2010 жылдың көктемінде  Қызылағаш ауылын су шайып кеткенін білесіздер.  Сол шақта  ауылда жұқпалы аурудың тарап кетпеуі  жолында  аудандық аурухананың  бас дәрігері А. Жұмагелдин мен  қазіргі орынбасар  Б. Құрымбайдың  атсалысумен үлкен жұмыс атқарылды. Бұл  еңбегіміз еленіп, Денсаулық сақтау министрлігінің Алғыс хатымен  марапатталдық», – деп өткен күндерден сыр шерткен Бақытгүл Бимолдақызы  ауыл тұрғындарының сұрауымен 2010 жылдың күзінде қайта  Сағабүйен  ауылдық  дәрігерлік амбулаториясына терапевт-дәрігер болып еңбек жолын жалғастырған.

«Өздеріңізге мәлім, 6 орынды  күндізгі  емдеу стационары  жұмыс істейді деп айттым. Мұнда айына 35-40 адам  тиісті емін алып шығады. Атап айтқанда, жедел, созылмалы бронхитпен,  бүйректің созылмалы ауруларымен, қан қысымының көтерілуі сынды сырқаты  барлар. Жалпы, медицина – жауапкершілігі мол әрі өте күрделі сала  ғой.  Сондықтан, айрандай  ұйыған  ұжымымыз  ауыл  тұрғындары денсаулығын  нығайтуда  күн мен түн, мереке  демей  өз жұмысына жауапкершілікпен қарауды үйренген. Аудандық аурухана басшыларынан  бастап,  бөлім дәрігерлерімен тікелей байланыста жұмыс істейміз. Жүкті әйелдердің,  ана мен баланың денсаулығына көңіл бөлуде де  қалыпты жұмыстар атқарылуда. 

Әңгіме басында  1995 жылдан бері  жеке тұрғын үйді ықшамдап,   ауылдық  дәрігерлік амбулатория етіп  алғанымызды тілге тиек еткенмін.  Алдағы  уақытта  жаңа дәрігерлік амбулаторияның  құрылысын  бастау  туралы жоспарға еніпті деп естідік. Мұны енді,  уақыт көрсетер»,  – деген   ауыл дәрігері  қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті. Айтуынша, соңғы жылда   5 түрлі ауруға байланысты скринингтік тексерулер жүргізілуде.  Нақты айтсақ, артериялық қан қысымы, жүрек қан тамырлары,  жатыр-мойын,  емшек  бездерінің қатерлі ісіктері   бойынша алдын ала тексерулерден өту.  Бұл  –  ауруды асқындырмай,  дер кезінде анықтау жолындағы мемлекет тарапынан белгіленген жұмыстардың бірі болып табылады. Ал,  тексеруден   жылына  220-230 адам өтеді екен.  Мұнымен қатар ауруларды басқару бағдарламасы шеңберінде де ауқымды жұмыстар қолға алынған. Жобаның мәні пациенттің медициналық қызметкерлердің мультитәртіптік командасымен ынтымақтастықта өз денсаулығының жағдайын өзі бақылап отыруы болып табылады.

«Аурудың алдын алуда ел арасында жүргізілетін ақпаратты жұмыстардың  маңызы өте зор. Әсіресе,  қазіргі таңда орын алған коронавирус инфекциясының таралуы кезіндегі дерттің қалай жұғатыны, оның алғашқы  белгілері туралы, ана мен бала денсаулығына қатысты ақпараттарды мобильді  телефон,  аудио және видео жазбалар арқылы таратып отырамыз. Осы орайда вакцина алуға қатысты  жұмыстар да күн тәртібіндегі басты  мәселенің біріне айналды. Екпенің бірінші  және екінші компонентін алғандар ревакцинациядан өтуде. Аудандық аурухананың арнайы мамандары ел ішінде түсіндірме жұмыстарын да тиянақты   жүргізіп  келеді. 

Сағабүйен ауылдық дәрігерлік амбулаториясы  орын тепкен жер   жол үсті  болғандықтан біз  көлікте келе жатып  қан қысымы көтерілгендерге, жол апатына ұшырағандарға алғашқы дәрігерлік көмек беруге  даяр тұрамыз.  Қысқасы,  өзімізге жүктелген барлық шаруаны жедел әрі мінсіз атқаруға үйренгенбіз»,  –  дейді Б. Бимолдақызы.

Мамандығын сүйетін білікті   маман отбасында аяулы жар, екі баланың  анасы. Бүгінде немере сүйіп отырған ардақты әже. Тындырымды тірлігінің арқасында Денсаулық сақтау министрлігінің  Алғыс хаты және  Құрмет грамотасымен  марапатталды.  Еңбектің еленіп,  алғыс болып қайтқанына қуанатын маманның мамандығына деген құрметі үлгі алуға тұрарлық.

Ақ желеңді абзал жанның қай-қайсысы да құрметке лайық. Десе де, өмірге ұрпағының аман-сау келуіне үлес қосатын акушерлік  қызметін әрбір ана ұмытпаса керек. Өмірге перзенттің келуі – жауапты әрі таңғажайып құбылыс. Осы сәтте анаға дем беріп, дені сау ұрпағын бауырына басуға себепкер болатын да осы сала мамандары. Адамзат өмірі үшін жауапкершілік арқалайтын маман иесі – Сағабүйен ауылдық   дәрігерлік амбулаториясының  акушері  Нәзгүл  ЖҰМАБЕКОВА.

Медицина саласындағы жиырма жылдық еңбек өтілі акушерлік қызметпен астасқан ол Есеболатов  ауылындағы он жылдық мектепті бітірген соң анасының ізімен медицина жолын таңдаған.  Талдықорғандағы  медициналық   училищенің  фельдшер мамандығы бойынша білім алды.   Оқу орнын  тәмамдаған жылы Ақсу аудандық орталық ауруханасына медбике болып  орнығып, он жыл тапжылмай еңбек етті.  2002 жылдан бері  Сағабүйен ауылдық  дәрігерлік амбулаториясында акушерлік қызметті атқарып келеді.

«Өмірге ұрпақтың келуі – маңызды үрдіс. Болашақ мемлекет иелерінің саулығы – бүгінгі ананың саулығымен тікелей байланысты. Біз сол  ана мен баланың амандығы үшін еңбек етеміз.  Мен үшін нағыз бақыт – бөпесін бауырына басып, қуанған ананың жымиған жүзін көру», – деген Нәзгүл Барлыққызы   өткен жылда   жүктілік кезеңіндегі  50 әйелдің  аман-есен босанғанын,  қазіргі таңда тіркеуде 21 жүкті әйел тұрғанын  айтты. Олардың арасында дәрігердің күнделікті қадағалауына алынғандары да бар.

Отыз жылдан астам бір салада еңбек етіп келетін Н. Жұмабекова  дәрігер болу үлкен мәртебе екенін, ал мамандық таңдау үшін адам ең алдымен өзін, өз бейімділігін тануы қажеттігін де баса  айтты.

Қалай десек те, өзге адамның денсаулығы үшін еңбек етіп, ыстық ықыласы мен аялы алақанын ұсына білетін ақ халаттылардың еңбегі ерен-ақ. Қазіргі пандемия бұрынға қарағанда дәрігердің қадірін арттырып, адам өміріндегі орнын айқындай түскендей. Үзілгелі тұрған үмітті қайта жалғайтын, тіпті кейде ажалдан арашалап, екінші өмір сыйлайтын ақ халаттылар қандай құрметке де лайық дерсің.

Сарби ӘЙТЕНОВА

АҚСУ АУДАНЫ

 

 

 

 

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ