Екпе алу – індетті жеңу

269

Күллі адамзатты кіріптар қылған коронавируспен күресте  Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханасының неврология бөлімінің меңгерушісі  Индира Тоқтарқызы күн-түн демей науқастардың жанынан табылып келеді.

Пандемия басталған уақыттан  қысқа мерзім ішінде ол невропатологтан инфекционист дәрігеріне айналды. Оның айтуынша, ауруханадағы аурулардың   көптігінен  тізе бүгетін уақыт жоқ.

«Коронавирустың  бірінші  толқынында қатты қиналдық, бірақ  біз  үшін  үлкен тәжірибе  болды. Бұл дерт әлі зерттеліп үлгермеген аурудың жаңа түрі болғандықтан,   вирусқа  шалдыққандардың саны  артып, өлім-жітім көбейді.  Оның үстіне ауруларды  емдеудің  анық  протоколы да болмады. Емдеу тәсілі де нақты жолға қойылмады.  Бірінші  толқында вирус жұқтырып, өте ауыр халде ауруханаға  түскендердің жайына алаңдағаным  әлі күнге дейін  есімде. Бірақ, қандай  жағдай болмасын  біз  қиындыққа төтеп бере алдық – дейді   бүгінгінің  батыр қызы.

Қазіргі таңда    емдеудің нақты жолы, анық протоколы  бар. Оның үстіне тәжді тажалмен күресуде дәрігерлер де біраз тәжірибе жинақтап үлгерді.  Нәтижесінде  өкпесі 100 пайызға дейін қабынған науқастарды да емдеп, жазып алуда.

Дәрігер сөзінше,  әлемдік медицинаның  тәжірибелеріне сүйеніп, еліміздің денсаулық сақтау саласының арнайы протоколы бойынша жұмыс істеудің арқасында дертпен күресудің жолы біршама жеңілденген.

Бүгінгі таңда елімізде коронавируспен күрестің үшінші толқыны жүріп жатыр. Дәрігерлеріміз емдеу протоколдары әзірленген ковидпен ғана емес, оның қауіпті түрі – дельта штамымен  күресуде.  Себебі жағдайы ауыр науқастардың қатары  көбейген.  Осы штамды жұқтырғандар  арасында  созылмалы ауруы  бар науқастар, қарттармен  қатар   дені сау жастардың да  саны  артқан.  Ал, олардың дені  вакцина алмағандар болып отыр. Салдарынан ауру асқынып, көз жұмғандар көбейіпті.

Индира Тоқтарқызы дертке қарсы екпе алғандардың ауруы вакцина алмағандардың қасында жеңіл  өтіп, өлім-жітімге  жол бермейтінін  айтады. Сондықтан, пандемияны  жеңу үшін  жаппай вакцина алып, індеттің жолына тосқауыл қойған абзал. Сондай-ақ,  ол вакцинацияның  қалыпты өмірге оралуға көмектесетінін  еске салды.

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ