Полина ГОТФРИД, неміс қызы: Өзгеден емес, өзіңнен ұял!

0
1639

«Өз тілін білмеген,  Отанын сатқанмен бірдей. Ал ана тіліңді білмесең, өзгеден емес, өзіңнен өзің  ұялу керек»  дейді қаршадай  неміс  қызы Полина. Осы сәтте ойға «өзге ұлт өкілінің қазақша сайрап отырғанын көргенде, өзімнен ұялдым»  деген әріптес  сөзі  оралды.  Себебі,  қоғамда  әлі де  қазақшасы  жоқ  қазақтардың саны басым. Неге? Оны тағы сол  өзімізден   іздеу  керек шығар.  Қалай болғанда,  балалық шақта қай тілде дүниетанымымыз қалыптасса, мидағы түпсанамызға тек сол тілдің жайғасатыны  белгілі ғой. 

Мақалаға  арқау  болған   кейіпкерлердің  бірі қазақ тілін  бала  кезінен бойына сіңірсе,  енді бірі қазақ отбасына келін болған соң үйренген.

Полина ГОТФРИД – неміс ұлтының қызы. Бірақ онымен бір кездесіп, әңгімелескен адам өзге ұлттың өкілі дегенге сене қоймайды. Себебі, ол – қазақ тілінде сөйлеп қана қоймай,  ұлтымыздың құндылықтарын жадына сіңіріп, салты мен дәстүрін де берік ұстанады.

Оның шұрайлы Текелі  шаһарының   тұрғыны  қатарына  кіріккелі үш жылдың жүзі болған. Бүгінде осы қаладағы кәсіптік колледждің  білімгері болып табылады. Яғни,  тоғыз жылдықты тәмамдаған соң,  ары қарайғы білімін осы оқу орнында  жалғауда.

«ҚАЗАҚ тіліне деген махаббатымды  оятқан   адам, ол – асқар тау әкем»,  – деп бастады әңгімесін Полина . – Отбасында жеті  қызбыз.  Олардың  бәрі қазақша  біледі.  Үштөбе  ауылындағы №13 орта мектепте оқыдым. Анам  ерте көз жұмды. Ол кезде бар болғаны  тоғыздамын. Сондықтан  шешем жайында естеліктер   айта алмаймын.  Бала  кезімнен әкем –  Александр Готфрид қазақ тілін үйренуіме көп септігін тигізді. Балаларына үнемі  тіл  деген  халықтың жаны әрі ары,  достықтың кілті, ынтымақтың бастауы, ырыс-берекенің алды,  қазақ елі деген қарашаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешсек  ең алдымен, осы қазақ халқының меймандостығы мен құнарлы да бай тілінің арқасы  деп айтудан  еш жалыққан емес. Қазақ тілін барынша қастерлеп, құрметтеген әке  ізін өшіріп алмай, жалғау біздің бала міндетіміз ғой.

 Әлбетте, қазіргі таңда өз ана тілін білмей, қазақша екі сөздің басын қосып айта алмайтын  қазақтар көп. Олардың  қазақ тілінде сөйлейтін,  өзім секілді өзге ұлттарға таңданыспен қарағанына қарап, кейде көңілім құлазып қалады. Қандай ұлт болмасын тілдің тірегі өзіміз екенін естен шығармаса деймін. Қазақтың біртуар перзенті Мағжан Жұмабаев: «…Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілінің кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат ешнәрсе болмасқа тиіс» – деп тіл жайында терең толғанғанын білесіз.  Меніңше, мемлекеттік тіл  мәртебесінің  артуы   үшін бәріміз де қастерлі тілдің аясында ұйысумыз қажет деп ойлаймын… Кей қазақтардың орысша қойған сауалдарына қазақ тілінде жауап берсем: «қазақша сайрап тұр екенсің ғой» деп қуанып та қалып жататын кездер аз емес. Қалай айтсақ та,  тілді білу, ол біздің парыз әрі міндет қой.

Бүгінде кез келген  ортада, түрлі шараларға қатысып жүруім  қазақ тілін білгенімнің пайдасы деуге  әбден болады.  Үйде, түзде де қазақша сөйлеп, қазақша ән тыңдағанды жақсы көремін. Жаным да, жүрегім де қазақ тілі деп соғады. Болашақ жарым да қазақ ұлтынан болса деп армандаймын. КЕЛЕШЕКТЕ   өз балаларымның  қазақ тілінде сөйлеп, қазақ болғанын қалаймын»,  – деп ағынан жарылды   Полина.

Әңгіме арасында:

– Сенің ұғымыңда  қазақ тілі қандай тіл?

–  Өте бай  әрі таза тіл деп айтар едім. Меніңше, әр ата-ана баласын  қазақ

тілінде тәрбиелеуі  тиіс.

– Тіл байлығын молайту үшін кітапты көп оқу керек дедің. Соған қарағанда кітапты көп оқисың ғой?

– Кітап оқымаған адам — тамырсыз  қаңбаққа тең. Дей тұрғанмен, өзімді  кітапты көп  оқитындар санатына  жатқызбаймын. Алайда, ақындардың кітабына көп көз жүгіртемін, жүрегіме жақындарын жаттап та аламын. Негізінде,  қазақ тілінде өтетін түрлі шараларға қатысу үшін  кітапты көп ақтаратын кездерім аз болмайды.

–  Намазға жығылсам деп айтып қалдың. Бұл туралы не айтасың?

– Иә,  ондай  ойым бар. Қазақтың тілін үйреніп қана  емес,  дініне де бет бұрғым келеді.

 

БІР ШАҢЫРАҚ АСТЫНДА: Махаббатқа ұласқан достық…

 Қазақта орыстан әйел алған абзал азаматтар жетерлік. Олардың  орыс әйел алуының сыры  туралы әркім әртүрлі айтып жатады.  Мәселен, қоғам қайраткері, ақын  Ахмет Байтұрсынов өзінің орыс әйел алғаны туралы  айтқан жыр шумағында былай дейді.

Сұрасаңыз есімі Александра Ивановна,

Ризамын құдайдың оны маған қиғанына.

Бір кәпірді мұсылман қылып сауап тапсам,

Тұрмай ма он молданың иманына.

Бүгінде қазақ отбасына сіңісіп, нағыз қазақтың келіні болған өзге ұлттың қыздары көп қой.  Солардың қатарында   ескелділік Любовь  САВЧЕНКО  да бар.

Отбасындағы  тоғыз баланың сүт  кенжесі Любаның туып-өскен жері Сарқан қаласы. Он жылдықты тәмамдаған соң    Панфилов ауданындағы педагогикалық училищенің  сырттай бөліміне оқуға түседі.  Содан Ескелді ауданына қарасты қазіргі Қайнарлы ауылында тұратын   үлкен әпкесінің қолына келіп,  мектепке  пионер кеңесшісі болып  жұмысқа орнығады.

«Алғаш мектеп табалдырығын аттағанда  ата-анам «Құрақсу»  деген ауылда тұрды. Ол жерде орыс сыныбы болмағандықтан, біріншіні қазақша бітірдім.  Одан кейін Сарқан қаласына  қоныс аударып, екіншіден бастап орыс сыныбын оқыдым. Біз өскен соң ата-анамыз қалаға қарай жылжыды. Аэропортқа жақын маңдағы Алмалы деген жерден үй алды. Сөйтіп, көктемгі каникулда әке-шешем тұратын ауылға бардым. Болашақ жарымды сол жерде жолықтырдым.  Есімі – Марат.  Ол кезде  –  фермер қожалығы басшысының  арнайы жүргізушісі болды.  Ал, менің   әкем  сол қожалықта  тракторист болып жұмыс істеді. Екеуі  бір-бірін жақсы біледі. Бірде  Марат жұмыстан кеш шығып,  түнге қалған соң, әкем «біздің үйге қона сал» деп ертіп келіпті. Осы жолы ол мені, мен оны  алғаш рет көрдім. Содан біз тығыз араласып кеттік. 1993 жылдың  наурыз айының  жетісінде  мені үйіне қонаққа шақырды. Бардым, осы жолы анасымен  де таныстым. Бірақ, дәл сол отбасына келін боламын-ау деген ой үш ұйықтасам, түсіме  кірмепті. Арада үш-төрт күн өтті.   Қайнарлыға қайтуға жиналып жатқан едім. Үйімізге Марат келіп:  «Люба, достар болып  біздің үйге жиналамыз деп шештік. Сені алып кетуге  келдім» деді. Ойымда  түк жоқ, асығыс киіндім де  машинасына  отырып кете бардым. Көзді ашып-жұмғанша  Мараттың  үйіне келдік. Бұл аралық кеш қарая бастаған шақ. Көліктен  түскен бойда үлкендер шығып,  шашу шашты, басыма орамал салды. Ішімнен «қазақтың салты шығар, келген қонақты солай  күтетін болар» деп ойлап жүрмін.

«Табалдырықты оң аяғыңмен аттайсың» деген   Мараттың досы  жарыққа келіп, менің жүзімді  көрген  бойда: «ой, мынау орыс қой» деп бұрыла сала,  қашып  жөнелді. Сол күні  таңға дейін отырдық. Бұл үйге келін болдым деп отырған мен жоқ. Ертеңгісін кетуге  жиналып жатқанымда ғана   келін болып түскенімді бірақ білдім. Шыны керек, басында   ренжідім. «Мені үйге апарып тастаңдар» деп бөлмеден шықпай қойдым. Содан үйдің ең кенже қызы келіп, маған орысша түсіндіріп әлек болды.  «Я, так не договаривалась» деп қоямын оған. Содан қойшы, іштей  «Алланың жазуы шығар, қалсам қалайын. Егер ұнамай бара жатса, кетіп қалармын» деп ойладым ( ред: күлді). Осылайша қазақ шаңырағына келін боп, бір жыл енемнің қолында тұрдық. Бұл отбасында 12 бала, жеті қыз, бес ұл екен. Менің жолдасым үйдің төртіншісі.

Жаңа шаңыраққа келін болып түскенде  әрбір қыз өзін қалай қабылдар екен деп қатты уайымдайды. Ағайын-туыс – қазақтың ең басты байлығы. Оны әр келін түсіне білу керек.   Ең бастысы, жаңа туыстарыңа деген сыйластығың берік болуы тиіс.  Әрине, алғашқы күндері қиын болды: өзге ұлт, өзге дін, өзге дәстүр. Алайда ниет болса, кез келген мәселенің түйіні шешіледі екен.

Шыны керек, енем орысша білмейді,  мен қазақша сөйлей алмаймын. Бірақ, бір-бірімізді түсініп  бағуға тырысып бақтық.  Бір жылдың ішінде қазақша сөздердің біразын айтатындай  жағдайға  жеттім. Қазақтың ас мәзірін жасап үйренуге де дағдыландым. Бір жылдан соң ұлымыз дүниеге  келді. Содан енем бізді бөлек шығарды. Бөлек шыққанда көршілеріміз  қытайдан келген қазақтар болды. Олар орысша сөйлемек түгілі, мүлдем түсінбейді.  Сөйтіп,  өз қазақшамды жетілдіруге тура келді. Осылай қазақ тілі өзімнің  ана тілімдей  болып кетті ғой.   

Қазаққа тұрмысқа шығу біздің үйдегі  дәстүр ме деймін. Неге десеңіз, алдымдағы төрт әпкем де қазақ отбасына келін болып түскен. Бір ғана әпкем неміс ұлтына шыққан. Қазір ресейде тұрады.

Жалпы,  ата-анам  таза орыс ұлтынан емес. Әкемнің қаны  украин мен шешен аралас , анам  болса  ингуш ұлтынан. Олардың ата-анасы Қазақстанға қоныс аударып келгендер ғой.  Әкемнің негізгі мамандығы тарих-география пәнінің мұғалімі,  шешем – аспазшы болған.

 Қазақтың тілін ғана емес, дінін қабылдап,  салт-дәстүрін   үйрендік.  Шынымды айтсам, қазақтың ешкімді жатырқамай, бауырына басатын қасиеті  де бойға сіңіп кеткен. Бір күн  үйге адам келмей қалса, біртүрлі болып тұрасың.

…Ә деп келін болып түскенде, қазақтардың шай ішуін көріп, таң қалатынмын. Үйге  кісілер келгенде  келін болып шай  құясың ғой.  Яғни, қонақтар  кеткенше қызмет етуің абзал. Бірде үйге көрші апалар келді. Мен шай құйып отырмын. Орыстарда бір шыныға толтырып шай құяды да, оны суыса да іше береді. Ал қазақтар  шайды  ыстық етіп ішеді.  Бір қарасам шәугімдегі  шайым  суытыңқырап  қалыпты.  Содан жанымда  отырған енеме сыбырлап: «мам, чай горячий?»  дедім. Ол болса жылып кетті дегенді айта алмай: «да, чуть-чуть  горячий» демесі бар ма. Кейін оның бұл сөзі қалжың сөзге ұласып кетті.  Мені көрсе «Люба, маған чуть-чуть горячий шай әкелесің бе» деп отыратын еді.

 Енді, міне, енемнің жолын беріп, өзім де ене атанып отырған жайым бар. Ұлым – Елдос үйленіп, Айгерім атты келін түсірдік. Құдайға шүкір деймін. Ұлдан кейінгі қызымыз – Назерке мектепте оқиды.

Осы күнге  аман-есен жетіп, келін түсіріп, қуанышқа кенеліп  отырғаным     үлкеннің  алдын кесіп өтпей, ақ батасын алғанның арқасы  шығар деймін. Қалай десек те,  бір шаңырақ астында, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай болып тату-тәтті өмір  сүргенге ештеңе жетпейді. Ендігі арманым   немеремді жетектеп, апа атанып, оған  ертегі айтып, бойына қазақылықты  сіңіре алып жатсам, бұдан асқан бақыт бар ма?!» – дейді    Любовь  САВЧЕНКО.

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге барынша үлес қосып жүрген   түрлі  ұлт өкілдері ынтымақтың  арқасында берекелі ғұмыр кешіп отыр. Бейбітшілікті ту еткен олардың  қазақ халқымен бірге тәуелсіз еліміздің іргесін қалаудағы  үлесі зор-ақ…

Сарби  ӘЙТЕНОВА

 

 

 

 

 

 

 

 


ПІКІР ЖАЗУ