Тазалық тасада қалып қойды ма?

0
1460

АДАМ  баласы дүниеге күнәдан пәк, таза болмыспен келеді. Анасынанан аппақ  ақ уыз еміп өседі.  Бұл шақта  оның жан дүниесі де мөлдір су бетіне түскен ай сәулесіндей тап-таза болады. Ал дүниетанымы  былғанбаған ақ парақтай тұп-тұнық күйінде тұрады. Шіркін-ай,  балалық кездегі  осы бір кіршіксіз мінезді өмір бойы сақтар ма еді дейсің еріксіз. Мұны неге айтты демеңіз. Әңгіме ауанын сол тазалыққа әкеп тіремекпіз.

ҚАЛАЙ  десек те тазалықтың адам өмірінде алар орны ерекше ғой. Күнделікті асымыздың таза болуы, бойымыздың тазалығы секілді тұрғылықты жеріміздің  де тазалығын сақтау парыз. Бірақ? Соңғы  уақытта  қала  көшелері   қоқысқа қақалып тұрғандай.  Апталап емес, айлап жатып қалатын   қоқыс салынған қапшықтарды көшедегі бұралқы иттер мен мысықтар жыртып, оның ішіндегі  тұрмыстық қалдықтар шашылып,  айналаны ластап, қала көркін одан әрі  қашыруда. Ал мұны  жасап  отырған  өзіміз. Яғни, аула сыртына тұрмыстық қалдықтарды шығарып тастап, дым болмағандай жүре беретіндер көбейді.

Елімізге дендеп енген тәжді тажалмен күресіп келетін дәрігерлер құрлы жоқпыз па деймін кейде. Адам жанына араша болған сол бір  ақ желеңділер күн демей, түн демей індетке қарсы тұрған шақта аядай ғана қаламыздың тазалығын сақтауға күшіміз келер емес. Олар   өмірімізді сақтап қалуға барын салып  жатқанда, біз айналаны ластамауға неге күш жұмсамаймыз екен деймін де. «Тазалық – саулық негізі» деген  ұғым  санада сайрап тұрғанымен   тазалыққа келгенде  салғырттық  басым.  Көліктің ішінде келе жатып терезеден қоқыс лақтыру, бос бөтелкенің шынысын әр жерге тастау былай тұрсын   енді көше бойына   медициалық бетпердені   тастай салатындардың  қатары  жиіледі.  Неге?

ЕГЕР  дәл осылай жүре берсек,  қоқыстан көз ашпайтын елге айналмасымызға кім кепіл? Бірнеше көлікке жүк боларлық қоқыстарды  көргенде, осы  біз  экологиямызға зиянымызды тигізіп, табиғатты бүлдірудің шеберіне айналып бара жатқан жоқпыз ба деген ой қылаң береді санада.

Баяғыша  тазалықты талап ететін «СЭС» қызметі қайда қарап отыр деуді де айтудан қалдық қазір. Бұған сан түрлі себеп айтуға болатын шығар. Менің естіп, білгенім «бүгінгілер «СЭС» деген мекеменің сесінен де қорықпайды. Солай  деп келісе салғанмен,  тазалық  деген   бейжай  қарайтын мәселе емес еді ғой.

Осыдан он шақты жыл бұрын Астана қаласын одан әрi дамыту бойынша өткен маңызды бір  жиында Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев:  «Қалада ұсақ-түйек қылмыс болмауы керек. Көшеге сағыз лақтырылса да,  жазалануға тиiс. Алғашында ескерту жасалып, ол адамға қатысты мә-лiметтер базасы жасақталу керек. Бұл тәртiпсiздiк екiншi мәрте қайталанса, әкiмшiлiк жауапқа тартылып, айыппұл төленсiн. Тiптi  болмаса, үш күнге қамауға алынсын! Осы жағдайда ғана тәртiп болады. Үлкен қылмыстарға жол берiлмейдi», – деген еді. Бұл дегеніңіз, қала тазалығын қатаң тәртiппен жолға қоюға кiрісу дегенді меңземей ме.

АЛ,   жапон елiнде «Сенiң жерiң – сенiң ұрпағыңның мәңгiлiк мекенi!» деген ұғым қалыптасқан. Соның нәтижесiнде балабақшадағы бүлдiршiннiң өзi бiр жапырақ қағазды көшеге тастамайды екен. Олар келер ұрпаққа таза, жасыл мекен қалдырамыз деген ұранды ұстанады. Ал бiз ше?!

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ

 


ПІКІР ЖАЗУ