Жас ұшқыштар мектебі ашылды

0
897

Биылғы «Балалар жылы» аясында Талдықорғандағы Оқушылар сарайында «Жас ұшқыш» мектебі ашылды. Бұл қуанышты жаңалық Балаларды қорғау күні мерекесіне орайластырылды.  Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған қосымша білім беру ұйымында 160 бала авиация саласының алғашқы әліппесі туралы дәріс алатын болады. Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев мектептің ашылу рәсіміне  қатысып, ондағы оқушылармен кездесті.

Оқушылар сарайындағы арнайы жасақталған кабинеттің материалдық базасымен танысқан Қанат Бозымбаев балаларды мерекелерімен құттықтады.

– Күні ертең біреуің ұшқыш, бірің стюардесса, енді бірің борт механигі болып, болашақ өмірлеріңді авиациямен байланыстыруларың мүмкін. Бұл мектеп сол арман-мақсаттарыңа жол көрсетеді. Болашақта облыс аумағында авиациялық колледж ашылады, елімізде азаматтық авиация академиясы, әскери училищелер бар. Осы мектептен қанаттанып шығып, білімдеріңді сол оқу орындарында жалғастыруларыңа болады. Осы мектепте жақсы оқып, дұрыс білім алып, Талдықорғанның атын шығарып, үлкен дәрежеге жетесіңдер деп сенемін, – деді Қ.Бозымбаев.

Мерекелік шарада Азаматтық авиация академиясының проректоры Алжапар Сәретбаев та жеткіншектерге Айдын Айымбетовтей азамат болуларына тілектестік білдірді. Оның айтуынша, мұндай мектеп тек Ақтөбеде бар. Бұл — елімізде ашылып отырған екінші мектеп. Балаларға кәсіби бағыт-бағдар беруде бұл үйірменің берері көп болмақ.

Қонақтармен әңгімелесуде балалар армандарын айтып, ойларымен бөлісті.

Мәселен, мектепке алғашқылардың бірі  Динара Диханбекова өзінің стюардесса болғысы келетінін,  «Жас ұшқыш» мектебінің  ашылғанына қуанышты екенін айтты.

«Жас ұшқыш» үйірмесінің жетекшісі Сергей Чернышовтың айтуынша, мұнда 5-10 сынып оқушылары – 20 баладан 8 топ, яғни 160 бала дәріс алмақ.

Оларға сабақ-тапсырмалар жас ерекшелік деңгейіне қарай беріледі.

Педагогикалық ұжымда 3 жетекші жұмыс істейді.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ