Жетісуда туризм қарқынды дамыған жоқ

0
362

Экономиканың күре тамырларының бірі де бірегейі, жердің асты үстіндегі қазба  байлықтары. Оны тиімді пайдаланған мемлекеттер бүгінде алпауыт елге айналған. Тіпті өздерінде байлық көздерінің сарқылатынын  біліп, қор жинақтап, өзге мемлекеттерге инвестиция салып жүргені де сондықтан. Қазақстан Тәуелсіздік алып, нарық жүйесіне қадам басқанда, жер көлемінен дүние  жүзі бойынша тоғызыншы орында, қазба байлықтардың барлық элементі  бар ел ретінде бізде алпауыт елге айналамыз деп бөрікті аспанға аттық. Алайда, «Алтын сандықтың үстінде отырып» көл-көсір байлықтарды ат төбеліндей  азулылар бөліп алып, «инвестиция тарттық» деп қара халыққа қазанның түбіндегі қаспақты қырып берген сараңбайлардың сарқытына қараша қауым қапалы.

Интернет желісіндегі ақпараттарға зер салсақ, туризм әлемде мұнайдан кейінгі ең табысты сала саналуда.  Бүкіл әлемдік туристік ұйымның дерегінше (UNWTO) өткен жылғы туризм саласындағы халықаралық тенденция туралы қорытындыға зер салсақ (tourprom.ru ақпарат көзіне сілтемемен islam.kz)  өткен жылы туристер қарасы әлем бойынша 7 пайызға артып, 1,3 млрд адамға жеткен. Туристердің дені, яғни 51 пайызы Еуропаға, 24 пайызы Азия мен Тынық мұхиты елдеріне, 16 пайызы Америкаға, қалғаны Африка құрлығы мен  Орта Азияға саяхаттаған. Өткен жылдың қоры-тындысы бойынша туристер ең көп барған ел – Франция, аталмыш елге ағылған туристер қарасы 86 900 000 адамды  құраған. Одан кейінгі орынға Испанияға  – 81 800 000,  АҚШ-қа 75 900 000 турист барған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша туристер көп барған елдердің алғашқы ондығына кірген: Қытай (төртінші орыннан көрінген), Италия, Мексика, Ұлыбритания, Түркия, Германия және Таиланд. Мәселен, Қытайға сапарлайтын туристер қарасы 2,5 пайызға, ал Түркия бағытында 24,1 пайызға артса,  АҚШ-та туристер қарасы 3,8 пайызға кеміген. Ал өзімізге келсек, KazakhTourism ұлттық компаниясының алға тартқан дерегіне сүйенсек, өткен жылы елімізге 7,7 млн турист келген. Ал биыл, яғни, алғашқы кварталда шетелден саяхаттап келушілер қарасы өткен жылғы осы мерзімдегі көрсеткішпен салыстырғанда 29,4 пайызға артқан.  Осы туризмнің көз қызықтырар  өлкесінің бірі Жетісу өңірі. Табиғаты тамсантқан Алатау баурайынан бастап Жоңғар қақпасындағы Алакөл аймағы, Қытай мемлекетімен шектесіп жатқан жібек жолы Хорғас, «Нарыққол», «Кеген», «Шарын», «Алтын емел» ұлтық паркі, «Қапшағай, «Балқаш», «Алакөл»-дей айдын көлдер көрген көздің жауын алатын жақұт табиғатты көрген, кез келген туристер жылма-жыл келіп тұрары хақ. Мәселен, Алматы облысының туризм басқармасының берген мониторинг деректері  бойынша Жетісуда  804 туристі  орналастыру объектісі жұмыс істейді. Деректерге сәйкес 804 нысанның 481-і маусымдыққа байланысты жабылды (Қапшағай, Алакөл, Балқаш – жазғы маусым). 323 орналастыру объектісі санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтай отырып жұмыс істеуін жалғастыруда. Ұлттық парктер, тау курорттары, этно ауылдар, мұражайлар, оның ішінде «Таңбалы» мұражай-қорығына  санитарлық-гигиеналық нормалар шектеулері мен баруға болатынын айтуда. Шомылу маусымына орай, өткен жылдың   жазғы маусымының қорытындысы бойынша Алакөл, Балқаш көлдері мен Қапшағай су қоймасына келушілер саны 1 млн. адамды құраған. Бұл 2019 жылғы деңгейге қарағанда 58,9% – ды құрайды. Алакөлге-798 мың, Балқашқа  –           6 мың, Қапшағайға  212 мың адам келген. Туристерді көптеп тарту үшін, инфрақұрлымдар талапқа сай болуы шарт. Бұл бағытта, көлдер жағалауларына орналастыру орындарының саны 481 бірлікті құраса, бір жолғы сыйымдылығы – 15,5 мың төсек-орынмен қамтылған. Ағымдағы жазғы маусымда эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруын ескере отырып, оптимистік болжам бойынша туристер ағыны 1,2 млн.адам шегінде күтіледі, бұл 2020 жылғы деңгейден 20% – ға жоғары. “Талдықорған-Үшарал-Талдықорған”, “Нұр-сұлтан – Үшарал-Нұр-сұлтан” және “Алматы-Үшарал-Алматы” бағыттары бойынша көліктік қол жетімділікті қамтамасыз ету мақсатында субсидияланатын авиарейстер жүзеге асырылуда. – 2021 жылдың  сәуірінен  31 желтоқсанына дейін “Талдықорған-Үшарал-Талдықорған” бағыты бойынша тасымалдаушы “Жетісу “авиакомпаниясы” АҚ авиакомпаниясы аптасына 14 рет (“L-410” 19 орынға, билет құны-8000 теңге,субсидиялау құны-354 млн. теңге);- 2021 жылдың мамыр айынан қазан айына дейін “Алматы-Үшарал-Алматы ” бағыты бойынша. Тасымалдаушы әуекомпания “SCAT”аптасына 7 рет (“CRJ-200”, 50 орын,билет құны-15000 теңге, субсидиялау құны-226 млн. теңге)   – 2021 жылдың мамыр айынан қазан айына дейін “Нұр-сұлтан-Үшарал-Нұр-сұлтан” бағыты бойынша. Тасымалдаушы “QazaqAir” авиакомпаниясы аптасына 4 рет (78 орындық “BombardierDASH 8 Q-400”, билет құны-16000 теңге, субсидиялау құны 265 млн.теңге) әуе рейісі қатынауда.Сондай-ақ, “Жетіген-Достық-Жетіген” бағыты бойынша әлеуметтік маңызы бар ауданаралық теміржол бағыты субсидияланады, осы мақсаттарға облыс бюджетімен 2017 жылдан 2021 жылға дейін 85,0 млн.теңге қарастырылған. Курс 2021 жылғы 1 маусымнан 31 тамызға дейін аптасына 3 рет жүргізіледі. 324 орындық 7 вагон іске қосылады. Плацкарт билетінің құны – 2686 тг, купе-4500 тг. Тасымалдаушы “Тұран-Экспресс “жолаушылар компаниясы” ЖШС. Жазғы маусымда “Нұр-сұлтан-Достық”, “Алматы-1-достық”, “Алматы -1-достық” (жаңа бағыт), “Ақтоғай-Достық” пойыздары қатынауда-дейді, Алматы облыстық туризм басқармасы. Ел экономикасының бюджеттін толықтырудың басты көзінің бірі де, бірегейі осы туризм саласы. Осы бағытта, көлге келушілердің санын артыруда, Алакөл маңына бар инфра-құрлымдар жұмылдырылуда. Демалушылардың мақсат-мүддесінен шығу үшін  көл маңындағы кәріз жүйесін құрылысы тәулігіне  6,5мың м3 кәріздік тазарту қондырғысының (КТҚ) құрылысын”  кезең-кезең мен жоба әзірленді. Мәселен, I  кезеңде  1,5 млрд.  теңге сомасына құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Анықтамалық кестеге көз жүгіртсек, 2020 жылы 1,0 млрд. теңгеигерілсе, (РБ – 900,0 млн.теңге, ЖБ – 100,0 млн. теңге). 2021 жылға республикалық бюджеттен бөлінген  550,0 млн.теңге теңгеге, ұзындығы 69,1 км кәріз желілерін төсеу қарастырылған.  II кезең бойынша қуаты тәулігіне 6,5 мың м куб болатын кәріздік-тазарту құрылыстарын салу көзделген.  Жобаны іске асыру үшін 2021 жылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде 3,5 млрд.теңге қолдау тапқан. Сондай-ақ,  Алакөл ауданының  демалыс аймағын ескере отырып, Ақши ауылының Алакөл көлінің жағалауын сумен жабдықтау жүйесін реконструкциялау және салу жобасы бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2020 жылы республикалық бюджеттен 900,0 млн.теңге, жергілікті бюджеттен 100,0 млн. теңге бөлінді және игерілді. 2021 жылға 1,1 млрд. теңге қарастырылған. Жобамен 53,5 км су құбыры желілерінің, су тартқыштың және 2 көтермелі сорғы станциясының құрылысы көзделгенін  мониторинг желісінен анық білуге болады. Көлдің динамикалық жүйесін сақтау кезінде жағалаудың одан әрі бұзылуын болдырмау, осы ауданның рекреациялық тартымдылығын жақсарту мақсатында Алматы облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша жалпы құны 6,8 млрд.теңге болатын “Алакөл көлінің қоршау бөгетін салу” жобасы әзірленіп, онымердігер “Спецстрой”ЖШС-гі,  бүгінгі күні ҚМЖ жүргізуде. Жоғарыда аталған инфрақұрылымдық жобалар бойынша 1 маусымнан 31 тамызға дейін жазғы маусымда құрылыс жұмыстарын тоқтата тұру қарастырылуда. Қазіргі уақытта Үшарал қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңартуда жалпы сомасы 7,5 млрд.теңгеге жобалау-сметалық құжаттама  дайындалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды (1 кезең – 4,7 млрд. теңге, 2 кезең – 2,8 млрд. теңге). Игерілмек. 2021 жылы “Үшарал қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту” бірінші кезеңі бойынша 4,7 млрд.теңге сомасында қаражат бөлу мақұлданған. Сонымен қатар, жөндеу жұмыстарын бастауға жергілікті бюджеттен 200 млн.теңге бөлінген.  Былтырдан бері, әлемді дүрліктірген тәжтажалдың кесірі туризм саласының тоқырауына алып келді. Күні бүгінге дейін, біресе баялап, біресе өрттей қайта қаулаған індеттің қауіпі, әлі сейіле қойған жоқ. Осы бағытта шомылу маусымына келушілерге орай, облыстың аудандары мен қалаларының әкімдіктеріне туризм нысандарының қызметкерлерін вакцинациялау және «Ashyq» жүйесін енгізу бойынша ұсыныс хат жолданып, жұмыстар жүргізілуде.  Жалпы туризм саласы бойынша Жетісу өңірінде әлі де кең көсіле алмай отырған жайы  бар. Бар мүмкіндік бір ғана Алакөл маңайына  тоғытылып, іргедегі Балқаш көліне инфрақұрлымдар толық жүзе аспады. Әгәрәки, жол, көл маңындағы реконструкциялау жобасы  қолға алынса, өзендер өрнектеген Жетісуда туризмнің қарқыны артар еді. Облыстағы Қапшағай, Алакөл, Балқаш көлдерінен бөлек  Сарқан ауданына қарасты «Райкөл» аты тағы бір шипалы су бар. Оның батпағы да тұнып тұрған ем. Одан бөлек, Панфилов ауданындағы Қоңырөлең елді мекенінде «Найзатапқан» аты тағы бір шипалы су бар. Осылардың бәріне  қараша қауым өз беттерімен барып,  дерттеріне шипа алып жүр. Мұның кері   демалушылар санитарлық жағдайды елеп ескермей, маңайларын ластауда. Бұдан бөлек, «Алтын-Емел», «Көлсай», дала мұражайлары, ұлттық парктер, тау курорттары, этно ауылдарға келіп, кетіп жатқан туристер бар. «Алтын-Емел» Мемлекеттік ұлттық паркіне 2020 жылы 9798 турист  келсе, соның 228 шетелдік, ал 2021 жеті айда 5948 келсе,  оның 268 шетелді туристер болған. Бұл туризм саласы   жыл бойы жұмыс істейтінін ескерсек, індет өршіп кетпесе келушілер саны өткен жылғыдан артық болмаса кем болмайтыны ақиқат. Анығын айтқанда, жазғы маусымдағы шомылу кезеңі болмаса, Жетісуда туризм саласы қарқынды дамып кеткен жоқ. Бір ғана Грузин мемлекеті туризм саласын жандандырып қыруар табысқа кенелуде. Ал, бізде ондай мүмкіндіктер баршылық. Жарнамасын жарқыратып,  әлем назарын  Жетісу табиғатына бұрса, инфрақұрылымдар жасалса, «төрінен қонақ, белдеуінен ат кетпейтін» өңір туризмге сұранып-ақ тұр.

                                                                Айтақын МҰХАМАДИ

 

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ