Жиырма мыңнан бір миллионға дейін пара алғандар

937

Жемқорлық та айықпайтын кеселге айналды. Бұл да коронавирустан кем болып тұрған  жоқ. Айналасын жайпап, мемлекеттің іргесін шайқап-шайқап жіберуде. Құдды бір жемтік талғамайтын құзғын секілді. «Құзғын» дейін десең ол өлексе жейді. Ал, біздің жемқорлар өлексе жемейді. Майлы жілікті, ақмайымен  қара кесегімен  уыстап қарпып жүр.  «Бірқазан» дейтін  есек аяқты құстар отрядына жататын бір құс бар. Тұмсығы ұзын, тамақ астында созылмалы тері қапшығы бар. Осы құс жемтігін суға басымен мойнын батырып жіберіп, тамаққа салып қылғыта береді. Біздің жемқорлар да осы бірқазан сияқты бюджетке ұзын қолдарын бастарымен  сүңгітіп жіберіп, теңгені теңімен қылғытуда. Қылғытамын деп, қылқынып жатқандары қаншама?

Бірақ, бұдан жемқорлық көбеймесе азайған жоқ. Індеттің де ірісі осы болып тұр! Мемлекет ішінде ірің мен соқтасы солқылдап тұрған жемқорлық, парақорлық, тамыр-таныстық, сыбайластықты түп-тамырымен жоятын бізге де бір Грузия мемлекетін басқарған экс президент  Саакашвили  жетіспей тұр. Бұл кеселдің асқынғаны соншалық,  жоғарғы эшалоннан бастап, құзырлы орган прокуратура, сот, полиция, облыс және аудан әкімдері, әлеуметтік сала,  спорт, мектеп, жоғары оқу орындары денсаулық  саласына дейін дендеп, жұлынға кірген құрттай қаулады. Пара алып, ішкен жегендерді түрмеге тоғыта бермей миллиярдтап, миллиондап алғандарын он, жүз есе өсіммен қайырып аламыз деген жоғары биліктің заңы зәнтәлаққа айналды. Жегіштер, кеміргіштер тұтылғанмен айыппұл төлеп,  болмаса түрмеде жазасын жарым-жартылай өтеп, абақтыдан пыр-пырлап ұшып шығуда.

 Осыны көргендер «ат жақсысы кермеде, жігіт жақсысы түрмеде» деген,  ұсталсақ айыппұл,  әрі кетсе түрмеден түлеп шығамыз деп, бюджетті бүйірден, параны үйірден алуда. «Ынсап, қанағат, тәубе, мейірім жоқ» ашкөздердің  айылы жиылмады. Китін де, шортанын да, итін де, битін де ұстадық, ұтқанымыз шамалы. Осы ұсталғандардың бәрі  жоғары білімді, ел басқарған азаматтар. Мемлекеттің қаржысын  талан-таражға салғандардан, тендр ойнатып, теңселіп жүргендер мен қатар мектеп директорлары  қыл аяғы еден жуушыдан да пара  дәметкендерден не қайыр, не үміт.  Арандары апанның аузындай ашылғандар жайлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде кеңес өткізді.  Ол қол астындағы басшы қызметкерлердің жемқорлық үшін қызметтен босату қағидаты енгізілгенін атап өтіп, шенеуніктер арасында екі облыс әкімі барын,  осы жылдың жеті айында 912 адам сыбайлас жемқорлықпен қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын  баса айтты. Мұндай жағдаяттардан Алматы облысы да кенжелеп тұрған жоқ. «Нұрлы жолы» бекетінде сегіз кеденші ұсталды. Олар Қазақстан мен Қытай шекарасы арқылы көлікті кедергісіз өткізгендері үшін  пара алды деп күдікке ілінген. Қарасай ауданы   әкімінің орынбасары  «Жол картасы»  аясында кезекті құрылыс нысаны бойынша рәсімделген келісім шарттың жалпы құны 660 миллион теңге болған. Әкім орынбасары осы қаржыдан 33,5 миллион теңгені заңсыз сыйақы ретінде алған. Тәбеті  жаман емес, жанын қинамай, жұмасақ креслода отырып опырыпты. Кербұлақ ауданы әкімі аппаратының жетекшісі жекеменшік фирма өкілімен бірге 5000000 (бес миллион) теңге көлемінде бюджет қаражатын «Жұмыспен қамту жол картасы»  аясында бөлінген қаржыдан қарпыған. Текелі қаласы әкімінің аппарат жетекшісі пара алып жатқан кезде  тұтқындауға келген сыбайлас жемқорлыққа қарсы полициядан қашып, «сасқан үйрек артымен  сүңгиді» дегендей,  өзенге секіріп біраз малтады. Басқа-басқа мүгедектер қоғамына қомағайлана барған шенеунік директордан 1,5 миллион теңге көлемінде пара дәметкен. Ол Текелі қаласын абаттандыруға қатысты рәсімделген келісім шарттарға қамқорлық жасауға уәде беріпті.

Жыл басынан бері Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінде  137 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Жемқорлыққа қатысты  ауыр және аса ауыр қылмыстар ретінде сараласақ,  85,5% немесе 88 қылмыстан келеді екен.

Жедел-тергеу тәжірибесіндегі талдау көрсеткендей, сыбайлас жемқорлық қылмыстардың үлесі көбінесе парақорлықпен байланысты болған. Оларға әрбір екінші тіркелген қылмыс 62,2% немесе 64 қылмыстан келсе, 13,6% немесе 14 – лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланса, 5%  тапсырылған бөтен мүлікті иемдену және ысырап жасаған теріс қылықтары әшкерленген. Парасат- пайымдары парақорлыпен танылған,  лауазымдық өкілеттіктерін пайдаланып асыра сілтегендерді көрі:  «осы біздің  билік мемлекеттік қызметке алғанда, біліммен біліктілігінен бөлек, қандай қадір-қасиеттеріне қарайды» деген ойға қаласың. Қызметке орныққанда «сүттан аппақ, судан таза болғандар» халыққа үлгі-өнеге көрсетеді деп  ел тізгін сеніп тапсырғандар неғып тәубесінен жаңылып жүр. Осылардың қатарында министрлерден бастап облыс әкімдерінің көрініс беруі «балықтың басынан шірігенін» анық көруге болады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы да жемқорлыққа қарсы кеңесте айтты. Жоғарыдағы жорғалап жүріп жүрісінен жаңылғандарды көрген етектегілер  екі асаймыз деп етпетінен құлап жатыр.  Енді қайта айналып,  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы  іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша  департаменті  берген мәліметке    жүгінелік.

Қылмыстық жауапкершілікке тартылған  87 тұлға  жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері болған. Олардың  37% ҚР Қорғаныс министрлігінің лауазымды тұлғалары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, 4,7% мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері  және 16,3%   өзге тұлғалар.

Есептік кезеңде аяқталған қылмыстық істер бойынша жалпы залал 3,6 млрд.теңгені құраған. Бүгінгі күні осы келтірілген залалдың 2,8 млрд. теңгесі өтелген. Сонымен қатар, аяқталған қылмыстық істер бойынша 289,5 млн. теңге мүлікке тыйым салынды дейді.  Миллирад пен миллондардың айналасында болып жатқан  жемқорлыққа қарсы, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Е.Мақажановтың және Алматы облысының әкімі А.Баталовтың төрағалығымен облыстық сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы  өтті. Қаралған өзекті мәселеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жедел-тергеу қызметімен қатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ұшырайтын салалар мен бағыттарды анықтау бойынша талдау жұмыстарының нәтежесі айтылды. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 9 түрлі сала мен бағытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізген.

Жастар практикасын іске асыру тиімділігі  Алматы облысында салттық қызметтер көрсету бағытында – денсаулық,  жер қатынастары,   медицина қызметкерлеріне төлемдерді бөлу,  автожол,  білім беру гранттары,  қызметтік тұрғын үйді бөлу және “Жетісу” АҚ қызметі саласындағы жүргізілген мониторинг  талқыланды. Жер қатынастары саласына наурыз айында   жүргізілген мониторинг бойынша, өтініш берушінің өзі жер комиссиясының мүшесі бола отырып, жер учаскесін мемлекеттік қызмет арқылы ұзақ мерзімді жалға алған кезде облыста жаппай тәжірибе болғаны анықталған. Бұдан басқа, жер  инвестициялық жобалар бойынша берілген жерлерді мақсатсыз пайдалану әрі  өзге тұлғаларға жалға берілген. “Атамекен” ҰКП-мен өзара іс-қимылдың жол картасы шеңберінде “Жетісу”АҚ қызметінде  қоғамның ұйымдастырушылық және нормативтік-құқықтық қызметіндегі сыбайлас жемқорлық алғышарттарын тудыратын бірқатар жүйелік проблемалар анықталған.  Мәселен, тауар интервенциялары (тұрақтандыру қоры) арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде “Жетісу” АҚ іске асырылатын іс-шаралардың тиімсіздігі, ішкі аудит қызметінің қызметі формальды сипатта болғанын көрсеткен. Яғни, 2018 жылдан бастап 2020 жылға дейін АҚ Ережеде көзделген функцияларды толық іске асыру қамтамасыз етілмеген.  Сондай-ақ, мамандандырылған техниканың баға белгілеу мониторингі барысында сатып алынатын техниканың баға нарығына талдау жүргізгенде  жоғары бағамен сатып алу фактілері әшкерленген.   Бұдан бөлек, департамент  мемлекеттік органдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асырудың әлсіреу фактісін байқаған.  Мәселен, жемқорлыққа қарсы өткізілетін іс-шаралардың көпшілігі формальды  және есеп беру үшін ғана жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша алдын алу шараларын қабылдауға мүдделі еместігін көрсетеді.

Бірқатар басқарма, оның ішінде ОМО аумақтық департаменттері мен жергілікті атқарушы органдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан саясатқа формальды түрде қарауға жол бергені айтылды. Жыл басынан бері департамент мемлекеттік сатып алу мониторингін жүргізу кезінде жалпы сомасы 816 млн.теңгеге бағаның жоғарылағанын айтып, бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне жоспарланған тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу бағаларын қайта қарау бойынша  51 хат енгізген.

Жемқорлықтың жолын кесеміз, құқық бұзғандарды құрықтаймыз деген айырықша органның пәрмені,  жүргізіп отырған саясаты салмақты. Алайда, жоғарыда аты аталған мекемелер мен жең ұшынан жалқасқан жемқорлар, парақорлар бір басын шапсаң, екінші басы сопаң етіп шыға келетін жеті басты айдаһармен пара-пар болып тұр. Айтулы жиында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы

Е. Мақажанов облыс әкімі Амандық Ғаббасұлына  «Жетісу»  ӘКК  100% мемлекет қатысатын қоғам болып табылатынын ескере отырып, мұнда сіздің қоғам қызметінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру бойынша нақты жүйелі шаралар қабылдау туралы нұсқауы қажет екенін айтты.   Сондай-ақ, жиын барысында Е Мақажанов: «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы»  ҚР Заңының 8-бабының 5-тармағына сәйкес «мемлекеттік органдар, ұйымдар және квазимемлекеттік сектор субъектілері сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдауды жүзеге асырады, оның нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде шаралар қабылдайды.  Егер мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу бойынша осы талдамалық жұмысты қалай жүргізуге қатысты проблемалар болса, онда біз өз тарапымыздан әдіснамалық қолдау көрсетуге дайынбыз.  Заңнамалық деңгейде, бірінші басшылардың қол астындағылардың сыбайлас жемқорлық үшін отставкаға кетуі бекітілгенін  әкімге құлаққағыс етті.  Алматы облысы бойынша 4 бірінші басшы отставкаға кетеді деп күтілетінін,  бұл тұлғалардың отставкасын қабылдау сіздің қалауыңызда қалатын болады» –деді.

Өз сөзінде ол бүгінгі таңда облыста 7 сервистік, (Ақсу, Балқаш, Қарасай, Қаратал, Көксу, Райымбек аудандарымен, Талдықорған қаласында) ашылғанны мәлемі етіп,  бұл көрсеткіш республикалық деңгейде ең төмен болып тұрғандығын да тілге тиек етті. Осыған байланысты, ағымдағы жылдың соңына дейін облыс бойынша сервистік әкімдіктердің ашылуына өтініш білдірді.

Бүгінгі күні жоғары және орта буындағы мемлекеттік қызметшілер арасындағы сыбайлас жемқорлық деңгейі салыстырмалы түрде жоғары деңгейде қалыпты. (Мамандар, бөлім бастықтары, сектор меңгерушілері, аудандық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшылары, ауылдық округтердің әкімдері). Жоғарыда аталған лауазымдар арасында орташа статистикалық “пара” алу 20 000 теңгеден 1000 000 теңгенің аралығында екен. Мемлекеттік қызметшілердің неге осындай қылмыстық әрекеттерге баратынына, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың туындауына не  себеп болатындығына талдау жүргізетін департамент  талдау нәтижесіне сүйеніп,  мемлекеттік қызметшілердің төмен жалақысы ең көп таралған факторлардың бірі  екенін айтуда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке көптеген хат  түсуде. Мысалы, жұмыс істеп тұрған мемлекеттік қызметшінің (Алматы облысы мемлекеттік органдарының бірінің бөлім бастығы) анонимді хаттарының бірінде мемлекеттік қызметші барлық есептеулерді жүргізіп, мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлықтың жоғары болу проблемасының екінші жағын көрсеткен. Онда, мемлекеттік қызметшінің шығыстары оның табысынан 2 есе артық болған. Мұның бәрі мемлекеттік қызметшінің заңсыз ақша қаражатын алуды, оның ішінде “пара алуды” “үнемі іздеуде”екенін көрсетілген.

Бұл көрініс жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерінде сыбайлас жемқорлықтың жоғары деңгейде қалуының бір себебі. Бұл проблема кешенді шешім қабылдауды талап етеді. Сыбайлас жемқорлықты жою тек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ғана құзыры емес. Оған жемқорлыққа қарсы саясатқа барлық мемлекеттік органдар жұмылдырылуы тиіс, сонда ғана тиімді нәтижеге қол жеткізуге болады. Мемлекеттік органдардың негізгі назары сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға аударылуы тиіс. Бұл бағытта біз жан-жақты әдістемелік көмек көрсетуге дайынбыз деген департамент басшысы

Е.Мақажанов: «Біз азаматтар мен мемлекеттік институттарды сыбайлас жемқорлықтан сенімді қорғайтын кәсіби, ашық, тиімді және нәтижелі құқық қорғау органының мәртебесіне толық сай болу үшін басталған жұмысты жалғастырамыз» –деді.

Ақордада өткен жемқорлықты жоюға қарсы өткізген кеңесте Президент Қамсым-Жомарт Тоқаев жемқорлықпен сотталған шенеуніктерді мерзімінен бұрын бостандыққа шағармауды нығарлап тұрып құзырлы органдарға тапсырды. Сондай-ақ,  Қазақстан беделді  халықаралық ГРЕКО ұйымына, яғни сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына мүше болғаны да айтылды.

                                                                                         Айтақын МҰХАМАДИ

 

Бөлісу: