Карантин режимі жеңілдейді

0
1333

«Jetisy media» ақпараттық алаңында «Алматы облысында карантин режимін жеңілдету» тақырыбында баспасөз- мәслихаты өтті. Жиынға Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов пен Алматы облысы бойынша бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қайрат Баймұханбетов қатысып, өңірде орын алатын өзгерістер туралы айтты.

Алдымен  Батыржан Құлаймергенұлы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуіне сәйкес, ел аумағында карантин режимі 11 мамырға дейін ұзартылғанын еске салып, осыған сәйкес облыс көлемінде болатын өзгерістер жайына тоқталды.

«Осы ретте ел аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі мемлекеттік комиссия карантиндік режимдегі кейбір шағын бизнес субъектілерінің жұмысын жандандыру шешімін қабылдады. Атап айтсақ, олардың қатарына автожуу, сто, шиномонтаж, нотариустық қызмет көрсету, тағы басқалар  кіреді.»,– деді ол.

Спикердің мәлімдеуінше,  өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бүгінгі күнде Алматы облысында 122  коронавирустық жағдай тіркелсе, оның ішінде 10 науқас жазылып шыққан. Бұған қоса, таяу арада тағы 13 адам емделіп шығады деп күтілуде. Сонымен бірге, 2170 адам бақылауда екендігін, олардың 1079-ы ауруханада ем алып жатса, 1091 адам үй карантиніне алынғанын тілге тиек етті.

«18 сәуірден бастап жалпы облыс көлемін қамтыған жедел жаппай тестілеу басталды. Осы уақыт аралығында аталған тестілеуден 1400 адам өткен. Экспресс-тестілеуді медицина қызметкерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, медициналық және әлеуметтік мекемелер, әскери қызметкерлер және басқалар жүргізуде», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Ал Алматы облысы бойынша бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қайрат Баймұханбетовтың айтуынша, қазіргі таңда облыста тіркелген 122 жағдайдың 80 пайызы аурудың белсенді түріне жатады.

«Өткен аптада өңірде аурудың өсу қарқыны өте жоғары болды. Ал қазірге дейін қайтадан қалыпқа түсіп келеді. Сақтық шаралары негізінде осы уақыттарда әр сала қызметкерлеріне тексеру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мәселен, қазірге дейін 11500 адам тексерілді. Бұлардың қатарында медицина қызметкерлері, инфекциялық стационарларда болғандар, ауруханалардың қабылдау бөліміндегі қызметкерлер, қарттар мен балалар үйіндегі және созылмалы дертпен тіркелген жандар бар»,– дейді ол. Сондай-ақ, жұқпалы дертті дер кезінде анықтау мақсатымен алдағы уақытта тексеру жұмыстарының ауқымы кеңейтіліп, профилактикалық жұмыстар жүргізілетіндігін жеткізді.

Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды ұзарту және жеңілдетілген карантиндік шараларды енгізу туралы мәлімдемеге сәйкес, арнайы қаулы қабылданып, кезең-кезеңімен жеңілдетілген карантин шаралары енгізілмек. Қаулыда көрсетілгендей,  05.00-20.00 аралығында растайтын құжаттары бар болған жағдайда бау-бақшалар мен саяжайларға баратын азаматтарға, қоғамдық және жеке көліктерге салынған тыйым алынып тасталады. Тұрғындарға аула ішіндегі аумақтар мен балалар алаңдарында сағат таңғы 09.00 бен кешкі 20.00 аралығында серуендеуге рұқсат етіледі. Алайда, азаматтар қол алысып амандаспай, бір-бірінен 2 метр ара қашықтықты сақтай отырып, қорғану шараларын естен шығармауы керек.

Сонымен бірге, жаңа қаулыда екінші деңгейлі банктер мен ақша айырбастау пункттері, микроқаржылық ұйымдар қалыпты режимде жұмыстарын жалғастырса, автобөлшектері мен құрылыс материалдарын саудалайтын жеке тұрған дүкендер сағат 09.00 мен 18.00 аралығында ашық болатындығы көрсетілген.

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ

 

Кілтсөздер:ҚОҒАМ


ПІКІР ЖАЗУ