Кез келген реформа төменнен басталуға тиісті

300

Реформа жасаудан дүние жүзінде жарыс өтсе, Құдай ақы Қазақстан бас бәйгені алатын шығар. Бізде жоғары лауазымды қызметке тағайындалған әр министр өз реформасын ала келеді. Олардың арасында қызметке қолы жеткендерінен кеткендері жылдам болғандары да жетерлік. Бірінің реформасын екіншісі түкке алғыссыз етіп, жоққа шығарып, өзінің жаңа реформасын тықпалағандардың да жүйелі жұмыстарын халық әлі толық көре қойған жоқ. Былық пен шылыққа батқан саланың бірі ең көп реформа жасалғаны білім саласы десек жаңылмайтын шығармыз. Сот саласы да үздіксіз өзгеріс жасаушылардың қатарында.

Заман ағымына қарай, жаңа жүйе халық кәдесіне асып жатса құба-құп дейсің-ау Алайда, жасалған реформа аяғына жетпей, соқырішектей түйіліп, кесіліп жатуы, мемлекеттік қызметтегі жүйесіздіктің, кландар арасындағы айдаһарлардың бір-бірімен арбасуы, жемсаулары тыйылмаған жемқорлықтың соқтасы солқылдаған сыздауықтай пісіп жетілуінен болып тұр. Бірі бастаған реформаны келесі келген министр неге жалғастырып әкетіп, кем-кетігін толықтырып отырмайды деген сауал көлеңденеңдей береді. 1999 жылдары респубика бойынша ауыл әкімдерін сайлауға эксперимент жасалды. Халықтың тікелей таңдауы арқылы ауыл әкімдерін сайлады. Алматы облысы бойынша Қарасай ауданы, Шамалған ауылының әкімі болып Қайрат Байбақтынов отырды. Бірақ, ол нақты мерзімге сайланбады. Алты жыл ауыл әкімі болған Қайрат Байбақтынов, аудан әкімінің қызметінен соң облыстық деңгейдегі жоғарғы қызметтерді атқарды.
Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде ауыл әкімдерінің қолы байлаулы болды. Өзіндік бюджеті жоқ аудан, қала әкімдігінің ырқында болған ауыл әкімдері жетім қозы, тас бауырдың күйін кешуде. Әлі күнге дейін аудан мен қала басшылығына жәутеңдеген ауыл әкімдерінің аты дардай болғанмен бүйірі тесік бюджеттен көсіле алмай отыр. Ол-ол ма, бірнеше жыл бұрын, ауыл әкімдері өздері шешетін шаруалар да аудан әкімдігінің құзыретіне өтіп кеткен. Мысалы, ауыл тұрғындарына үй салу үшін 10 соттық жер, ауылшаруашылығының жерлері, кіші кәсіппен айналысу үшін шағын дүкен салу үшін ауданға шапқылауға тура келеді . Ауылшаруашылығымен айналысқысы келетін ауыл тұрғыны енді жер алу үшін байқауға қатысу керек болса, үй кезегінде тұру үшін ауылдың емес ауданның есебіне тіркелуі қажет. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп жүріп, құлағынан айырылыпты» дегендей, құзыретімізді ұлғайтамыз деп жүріп, қолындағы барынан айырылған ауыл әкімдері ауыл көшесін жарықтандыру үшін 10 миллион теңге сұрап ала алмай жүргендерін айтады. Тіпті, астындағы мінген көліктері заң жүзінде жеті жылдан кейін, есептен шығарылуы тиісті болса да әлі күнге дейін жамап-жасқап мініп жүргендерін айтады. Қолындағы құзыреті шектеулі ауыл әкімдері, сонда тек елден салық жинау үшін ғана отыр ма? Ауыл көшесін жарықтандыруға, асфальттауға жылу сұрап, аудан әкімдігінің табалдырығын тоздыратын ауыл әкімдерін қайта сайлағанда не өзгереді? Олардың құзыреттілігі қаншалықты ұлғаяды? Интернеттегі ақпараттарға көз сүзсек, кеңес заманындағы ауыл советтің қайта оралатыны айтылуда. Тонның ішкі жағын айналдырып кигендей, бұл ақпарат қаншалықты рас? Советтік кезеңде тұрғындардың барлық мәселесін ауыл советі арқылы шешілетін. Бүгінгі таңда салмақты құзыреті жоқ ауыл әкімдеріне демократиялық процестер арқылы бір шама өкілеттіктер беріп, қабылданып, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы қабылданды. 2020 жылдан бастап республика бойынша, яғни 2 мың 345 ауылдық округте бюджет жүйесінің бұрын болмаған 4-ші деңгейі – ауыл бюджеті енгізілді (І – республикалық, ІІ – облыс не мегаполис бюджеті, ІІІ – аудандық бюджет). Бұған дейін ауылдың төл бюджеті болмайтын, тек аудандық бюджет аясында қазынашылықта әр ауылға жеке шот ашатын. Төртінші бюджет толуы үшін ауылдық округтердің әкімдеріне коммуналдық меншік берілді. Сондай-ақ оларға өз бюджетін салықтар, төлемдер, айыппұлдар, ерікті алымдар, коммуналдық мүліктен түсетін кірістер, сондай-ақ жоғары тұрған бюджеттен берілетін субвенциялар есебінен қалыптастыруға мүмкіндік ұсынылған. Бұл ретте азаматтар төлейтін бірқатар салық – жер, көлік, мүлік, жеке табыс салығы және басқасы аудан және қала әкімінен алынып, ауылдық округ басшысына табысталды.
Бірақ, коммуналдық мүліктен байып кеткен ауылдарды көрмедік. Ауыл әкімдерінің айтуынша, жоспарлау төмен жақтан басталуы керек. Ақыры кеңестік кезеңдегі ауыл советтер жайлы әңгіме қозғап жатыр ғой. Коликтивтендіру кезінде, бар жоғы төрт-ақ кластық білімі бар небір нарқасқалар миллионер колхоз–совхоздарды қалыптастырды. Бір ғана Талдықорған өңіріндегі екі мәрте Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов басқарған ауылдан 22 социалистік еңбек ері шыққанын айтсақ та жеткілікті. Ал, капитализмге қайта көшкен дәуірде жоғары білімі жоқ, адам ауыл әкімі бола алмайды деген талап қойылды. Бұл да, орта дәрежелі білімі бар шаруаның жайын жетік білетін ауыл майталмандарының маңдайына тиген соққы болды. Жоғары білімі болмаса да, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, талай адам ауыл басшысы қызметімен қоштасты. Мақала басында айтылған 1999 жылы халық өздері қалап, сайлап алған ауыл әкімдерінің реформасы аяғына жетпей, желкесі қиылды. Енді Ұлттық экономика министрлігінің тізгінін қолына алған Әсет Ерғалиев жаңа мәртебемен «ауылсоветке» қайта ораламыз деп, қаңтар айында өңірлердің дамуы жайлы жергілікті өзін-өзі басқарудың ұзақ мерзімді жаңа тұжырымдамасын ұсынды. Жаңа реформада, 2021 жылдың ІІ жарты жылдығынан бастап, 2025 жылға дейін 2 045 әкім қайта сайланады. Ұлттық экономика министрінің түсіндіруінше, барлық ауылдық округтерде «Кеңес» атты жаңа өкілетті орган жұмыс істей бастайды. «Ауылдық округ әкімдерінің заңды-легитимді сайлауын өткізу және оларға дербес бюджетті беру – ауылдың әрбір тұрғынын алаңдататын жергілікті, өзекті мәселелер бойынша шешімдер қабылдайтын алқалы орган құрылады. Яғни, жергілікті өзін-өзі басқарудың алқалы органы – ауылдық округ кеңесі болмақ. Енді бар мәселені осы ауыл кеңесі ұйымдастырып, оған өкілетті орган (мәслихат) функциялары беріледі», – деп түсіндірген болатын экономика ведомствосы. Демек, ауылды жерлерде жергілікті қоғамдастықтың жиналысына кіретін ақсақалдар беделді тұлғалар депутатқа айналады. Кеңестің төл аппараты болмайды, оның қызметін жергілікті әкімшілік өз бюджетінен қамтамасыз етеді. Ерғалиевтің жобасы бойынша, құпия дауыс беру арқылы сайланатын нағыз депутаттардан айырмашылығы сол, кеңес мүшелері жергілікті тұрғындардың жиналысында қол көтеру арқылы ашық дауыс беру жолымен 3 жылға сайланбақ. Кеңес мүшесі міндетті түрде сол ауылдық округте тұруға тиіс. Кеңес мүшелерінің саны елді мекендегі халық санына байланысты болмақ. Округке кіретін әр ауылдық кеңесте өз өкілі болуы тиіс. Бұл реформаны біз сұрау салған ауыл әкімдері де қолдап отыр. Бірақ, реформаның жаңа үлгісі дегенмен кейбір элементтері президент пәрменінен аумайды. Мысалы, Президентте көңілінен шықпаса, Парламенті таратып жібере алатын құзіреті бар. Сол үрдіс ауыл кеңесіне де беріліпті. Егер сайланған ақсақалдар яғни беделді тұлғалардың іс-әрекеті ұнамаса, жергілікті қоғамдастық өз жиналысын да, кеңесті таратып жіберуге құқылы. Ауылдық округке кіретін әр ауылдық кеңесте өз өкілі болуы шарт. Мәслихат сияқты кеңестер де өз ауылдық округінде күші жүретін шешімдер мен құқықтық актілер қабылдайды. Кеңестің өкілеттігіне бюджетті, жергілікті қоғамдастықтың даму жоспарын бекіту, сондай-ақ оның орындалуын бақылау кірмек. Абаттандыру, санитария, көше саудасы, мерекелік іс-шаралар, конкурстар өткізу сияқты мәселелерді де енді кеңес реттейтін болады. Бұдан басқа, кеңес жер салығының базалық мөлшерлемелерін ұлғайту немесе азайту; мүлік салығы бойынша салық базасын анықтау үшін аймақтарға бөлу коэфициентін белгілеу секілді салықтар мен төлемдер ставкасының көлемін реттеу бойынша құзыретке ие болмақ. «Ауыл советтің» тағы бір құзыры: әкім аппараты қызметкерлерінің жалақысын, сыйақысын да кеңес мүшелері бекітеді. Енді, кеңес мүшелерінің қадірі артып, әкім командасының айбарына айналмақ. Сондай-ақ, кеңестер жергілікті әкім аппараты көрсететін ақылы қызметтердің тарифтерін де бекітеді. Тәуелсіздік алған 30 жылда әркімге бір жәутең деп, мүсәпірдің күйін кешкен ауылдық әкімдер таратылады. Оның орнына жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігі құрылмақ. Жаңа реформада, «қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппаратын аудан не облыстық маңыздағы қала әкімдігі құрады, таратады»,- деп жазылған. Тәуелсіздік алған отыз жыл ішінде қызмет атқарған ауылдық округ әкімдерінің мүмкіндіктері шектеулі болды. Олар өз окургтерінде тұратын тұрғындардың қажеттілігін толық көлемде қамтамасыз ете алмады. Қаржыландырудың шектеулі болуы, штат санның лимиттелуі, өздерінен жоғары тұрған әкімдікке тым тәуелділігі олардың еркін жұмыс атқаруын тежеді. Жасыратыны жоқ, ауылдықтар ауыл әкімін көрсе «қайыршы» келе жатыр деп мазақтайтын. Ауылды көріктендіру, ауылдағы әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға көмектесу қажет кезде сол ауылдың кәсіпкерлеріне жалынып-жалбарынып, қадірі қашқан ауыл әкімдері де бұл өзгерісті көптен күтті. Олардың айтуынша, салықтар мен түрлі алымдардан жиналатын түсім бес миллионың төңірегінде болса, жылдық бюджеттері 20 миллионның көлемінде екен. Онымен қай жыртығымызды жамаймыз. Қызметкерлердің алатын жалақысы, мекеменің коммуналдық төлемдерінен артылмайды.
Жаңа реформанның да бір қайнауы кем екенін айтушылар бар. Жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігі (ЖӨБӘ) басшысын бұрынғыша әкім деп атайды және оны жергілікті тұрғындар тікелей сайлайды. Ауылдық округ әкімі болғысы келетін кандидаттардың жасы 25-тен жоғары, білімі де жоғары болуы міндетті. Үміткерлерді партиялар ұсынады және олар өзін-өзі де ұсына алады екен. Бұл бағытта қазір қызметте жүрген ауыл әкімдерінің өз айтарлары бар. Мәселен, білімі жоғары болуы керек дегенмен келіспейді. Қалталарында екі-үш жоғары дипломы бар, бірақ қолдарынан іс келмейтін, шолақ ойлайтын, практикалық тәжірбиесі жоқ небір ақсаусақтарды көрдік. Мәселе, жоғары білімде емес, тәжірибеде. Арнаулы орта біліммен ауылдың көркеюіне ат салысқан талай талапты азаматтар бар. Сондай-ақ, Үміткерлерді партиялалар ұсынатын болса, бұл да шектеудің бір түрі. Бізде айналдырған бес-алты партия бар. Оның басым бөлігі билік партиясы «НұрОтан». Ал, өзін-өзі ұсынатындар кімдер партия мүшелері ме, әлде тәуелсіз кандидаттар ма? Осы жағы айшықталмаған деседі.

ТҮЙІН ОРНЫНА: Польша мемлекетінің тәжірбиесіне сүйенген бұл реформа, жергілікті өзін-өзі басқарудағы ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмін көрсетпек. Реформаның бағыт-бағдарына зер салсақ, ауыл әкімдерінің қаржылық мүмкіндіктері артып, мүліктік құ-қықтары кеңейіп, бюджеті арта түспек. Алайда, бастама қоғамда қызу талқыланып, сыни көзбен қарайтын сарапшылар ауыл әкімдерін сайлаудың қауіп-қатерлері де жоқ емес, трайбализм мәселесін ушығады десе, либералды көзқа-растағы саясаттанушылар, керісін-ше демократиялық институттарды жергілікті жерлерден бастап, жо-ғарғы билікке дейін қалыптастыра бастау керек деген пікірде.

Айтақын МҰХАМАДИ

Бөлісу: