Көмек қолын созды

0
2672

Талдықорғандағы орталық «Иман» мешітінде тұрмысында қиыншылығы бар 200 отбасына түрлі азық-түлік табыс етілді. Қайырымдылық  шарасын құрмет орденінің иегері, батыр ана Бибі-Жамал Әбдімәлікқызының ұрпақтары ұйымдастырған.

Мешіт алаңында өткен шарада алдымен жақында ғана өмірден озған Бибі-Жамал ананың рухына құран бағышталды. Жиналған қауым алдында сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңірі бойынша бас имамы Ардақ Оразбаев көзі тірісінде мұқтаж жандарға жасаған жақсылықтары жайында сөз қозғап, ізгі істерінің көпке үлгі екенін жеткізді.

– Бибі-Жамал апа үнемі әрбір қайырымды істің басы-қасында болып, көп адамдарға көмек көрсеткен жомарт жан еді. 42 жасында жары дүние салып, бір өзі 10 бала тәрбиелеп өсірген батыр ана. Күні кешеге дейін мұқтаждардың мұңымен бөлісіп, сырқаттардың жанынан табылып, қолында барын көпке үлестіріп келді. Мәселен, асыл ана көзінің тірісінде әлеуметтік жағдайы төмен 67 отбасына баспана кілтін өз қолымен табыс етсе, 80 адамның жол қаражатын төлеп қасиетті қажылық сапарға аттандырған. Бұдан сырт Арыс қаласында болған жарылыстан, Қызылағаш ауылындағы  және Мақтарал ауданда болған су тасқынынан зардап шеккен біраз адамдарға үлкен көмек көрсетті. Әрі діни басқарма жағынан ұйымдастырылған іс-шараларды демеп, түрлі жарыстарға қомақты жүлде тағайындаған. Осының барлығы абзал ананың әрбір жанды  көпшіл де ізгі адамгершілікке жебейтін асыл қасиеті»,– деді ол.

«Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, бұл жолы Бибі-Жамал ананың ұрпақтары еліміздегі «Жақыныңа жанашыр бол!» бастамасы аясында еліміздің әр облысынан 300, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан 500, барлығы 6300 жанұяға азық-түлік таратып, жоқ-жітік адамдарға көмек көрсетуді  қолға алған.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Кілтсөздер:ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ


ПІКІР ЖАЗУ