Майлы дақылдарды өңдейтін зауыт бой көтерді

781

 Талдықорғанда күнбағыс, мақсары майын мәнерлейтін жаңа зауыт жұмысын бастады. «Жетісу Мажико» деп аталатын жаңа нысан бұдан былай өңірдегі ең ірі кәспорындардың бірі болмақ. Төтенше жағдайға байланысты зауыт жұмысын қазірше 50 адаммен бастады. Басшылық болашақта жұмысшылар санын бес-алты есеге дейін көбейтуді  көздейді. Құрылысқа бас-аяғы 5,8 миллиард теңге қаражат кеткен.

Қаладағы  индустриалды аймақта орналасқан  кешеннің іргесі осыдан жеті жыл бұрын қаланып, қазығы қағылаған. Сол аралықта темір жол, газ, су, электр қуаты тартылыпты. Облыс әкімдігімен бірлескен жобаға екі жақ  қолдарынан келген көмектерін аянып қалмаған. Инвесторлар қаржы құйса, жергілікті билік жиырма гектарға жуық аумақтың инженерлік желілерін жақсартып, қолайлы жағдай жасаған.

Өндіріс кешенінің ашылуында сөз алған аймақ басшысы жобаның маңыздылығына тоқталды. Өңірдің агро-өнеркәсібін дамытуға атсалысқан азаматтарға алғыс білдірді. Зауыт жұмысына табыс тіледі.

– Естеріңізде болса осыдан біраз жыл бұрын елге танымал кәсіпкерлерді өңірге инвестиция құюға шақырған едік. Міне,  соның жемісін көре бастадық. Алматы облысы агро-өнеркәсіптік аймақ. Сол бағытта ашылып отырған жаңа кәсіпорынның берері мол болмақ. Экономикалық өсімінің маңызды факторы саналатын өңдеу саласына инвестиция тартудың рөлі зор. Облысымызда қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру және іскерлік белсенділікке тарту шаралары тұрақты жасалуда, деді облыс әкімі.                 

 Қазір өндіріс орнының қуаты күніне 400 тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы. Шикзатты алыс та болса Шығыс қазақстан облысы мен көршілес Ресейден сатып алады. Бұған облыста майлы дақылдың аз егілетіндігі себеп. Облыс диқандарының еккен өнімі зауыт жұмысын толықтай қамтамасыз ете алмайды. Кәспорын директоры Сергей Симанов биылдан бастап олқылықтың орнын толтыруға ниетті екенін жеткізді.

– Біз сұйық май шикзатын амалсыз алыстан тасуға мәжбүрміз. Оған түрлі себеп бар. Ең бастысы жетіспеушілік. Облыс әкімдігімен осы мәселе бойынша ортақ шешімге келдік. Алдағы уақытта Жетісу жеріндегі майлы дақыл алқабын ұлғайту, сол арқылы жергілікті шаруалардың өнімін тұтыну жоспарда. Бұл бағытта 200 мың гектар жер күнбағыс пен мақсары дақылдарын егуге істетілмек, –  дейді.

Талдықорған қаласының  индустриалды аймағында ашылып жатқан жаңа жобаның берері мол. Ол тек облыс жұртшылығын сұйық маймен толық қамдаудан сырт, республикаға, тіпті көршілес елдерге де экспорттауға мүмкіндігі бар. Тіпті лентасын қиып үлгермеген жаңа зауытқа қытайдан 5 миллион тонна сұйық майға тапсырыс келіп түскен. Зауыт болашақта дәнді дақылдардың бәрінен май тартпақ. Қазірдің өзінде мұнда жылына шамамен 325 мың тонна өнім өндіру жоспарда. Қалдықсыз өнім өндіруді қолға алған кәсіпорын өңдеуден кейінгі жымықты қоспа жем ретінде өңдеп нарыққа шығармақ. Бұл бордақылау кәсібімен айналысып отырған ағайын үшін таптырмас мал азығы. Агрокешенге Германиядан 100 жаңа қондырғы сатып алған. Олар автоматты басқару жүйесіне қосылыпты. Ал, зертханалардың соңғы үлгідегі неміс технологиясымен жабдықталуы шығарылатын өнімнің жоғары сапалы болуына кепілдік береді. Жұмысқа жуырда ғана қабылданған бас механик Жандос Баймұханбетов келушілерді өндіріс орнындағы өзінің қызметімен таныстырды.              

–Мұнда мен автоматты қондырғылардың жұмыс істеу барысын қадағалаймын. Өз басым жаңа жұмыстың Төтенше жағдай кезінде қаламыздан, үйіміздің іргесінен ашылғанына қатты қуандым. Жалақысы да жақсы. Өнімдеріміз алдағы уақытта барлықтарыңыздың асханаларыңыздан табылады деген сенімдемін», дейді ол.

Қазір зауыттағы сатып алынған жаңа жабдықтар біртіндеп іске қосылауда. Төтенше жағдай аяқталып, қалыпты өмірге қадам басқан сәттен  мұнда 350-дей адамды жұмыспен қамтымақ. Кешеннің ашылу салтанатына Қазақстанның Бірінші Премьер-Министрі әрі аталмыш кәспорынның бас құрылтайшысы Сергей Терещенко мен кәсіпкер Темірхан Досмұхамбетов арнайы қатыстып, өндіріс орнына жоғары бағаларын берді.

Айта кету керек Талдықорғандағы индустриалды аймақ құрыларда өңірдің экономикалық көрсеткішін көтеріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мұрындық болады деп жоспарланған болатын. Жаңадан ашылған «Жетісу Мажико» зауытынан басқа бұл арнайы аймақта кезең-кезеңімен іске қосылатын тағы 3 ірі инвестициялық жоба бар. Олардың жалпы құны шамамен 23 миллиард теңгені құрамақ.

А.НАЗЫМ.

Бөлісу:
ТегтерӨНДІРІС

ПІКІР ЖАЗУ