Мамандығы – маңдайдағы бағы

294

ОЛ –  Ресейдің Орынбор облысындағы  Прииск-Кумак кеншілер қаласында өмірге келді.  Ата-анасы  Бердібай Кунафейұлы мен Ғанижамал Қасенқызы зобалаң жылдардың құрбанына  айналған    отбасынан  шықты.  Кейіпкеріміздің әкесі  Бердібай Тәженов  Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан даласына аттанып, елге аман-есен оралған соң  жоғары білім алып, өмір бойы қаржыгер болып қызмет етсе, анасы –  Ғанижамал  бастауыш сыныптың  мұғалімі болды. 

БАЛА  кезінен  Қымбат   әжесінің  тәрбиесін көрген  Раушан Бердібайқызы мектепте оқып жүргенде математика пәнін жақсы көрген. Сондықтан  әкесі қызын ізін жалғастырып  қаржыгер болады  деп ойлаған.  Алайда, немересінің құлағына  «дәрігер боласың» деп үнемі айтатын  әже сөзін  періштелер қабыл етсе керек-ті. Осылайша,  мектепті   Алтын белгіге   бітірген  Раушан  Алматы қаласындағы С. Асфендияров атындағы медициналық  институттың студенті атанады. 1971 жылы иститутты да  үздік аяқтап,  оған  Ленинградқа аспирантурада оқуын жалғастыруға жолдама беріледі. Бірақ, аспирантураға барудан  бас тартады. Себебі бұл кезде  өзінен бір курс жоғары оқыған Тұрғанбаев Базарбек есімді азаматпен  шаңырақ көтерген еді.  Содан  ол Талдықорған  қаласындағы облыстық ауруханаға кардиолог маманы ретінде жіберіледі. Бірақ,  мұнда да бармай,  жолдасының ауылына  бет түзейді.  Сөйтіп, 1971 жылдан 1992 жылға дейін  Қапал аудандық ауруханасында  терапевт,  инфекционист   болып  20 жыл  қызмет атқарады.  1992 жылы құдай қосқан  қосағы  Базарбек   Байжомартұлы   «Арасан-Қапал» шипажайының бас дәрігері болып тағайындалады. Осы жылдан бастап  Раушан Бердібайқызы  Арасан ауылының ауруханасына ауысып, бір жерде   тапжылмай  26 жыл еңбек етті.

«Дәрігерлік қызметке  мәңгі адал боламын»  деген позицияны  ұстанған  кейіпкеріміз: – Дәрігер  деген  мамандықтардың ішіндегі ең қасиеттісі әрі абыройлысы ғой. Бұл мамандықтың қыр-сырын анық біліп, сол жолды таңдау үшін үлкен жүрек керек. Ал,  дәрігерге дүниедегі ең қымбат нәрсе –  адам  өмірі мен денсаулығы сеніп тапсырылады. Мейірімділікпен, ізгілікпен, жігерлілікпен өзінің бар білім мен іскерлігін сол науқас үшін сарп ететін дәрігер –  нағыз дәрігер»,  – деп жалғады  сөзін ол.  – Денсаулық – ең қымбат байлық. Егер алдыңа келген науқасқа жаныңды салып қарамасаң, оның психологиясын білуге зер салмасаң, халық денсаулығын  жақсарту жолындағы  еңбегің еш кетеді.  Елу жылға  жуық   еңбек өтілімде  алдыма келген әр науқасқа қолымнан келгенше көмек беруге тырыстым.  Сонау  жетпісінші жылдардан бастау алған дәрігерлік жолдан  сыр шертер болсам  айтып тауыса алмас   жайттар көп болды ғой.

Өмір жолында отбасым – мен үшін берік қорған бола білді. Жұмыста қанша қиын болғанымен, бәрібір үйге ораласың. Үйде жаныңа жайлылық сыйлайтын жағдай орнаса, онда барлығы жақсы болады. Жолдасым  да дәрігер болғандықтан,  мені әрқашан түсіне білді, әрдайым қолдау көрсетті.

Өз сөзінде  кейіпкеріміз  Арасан ауылында жұмыс істеген жылдардағы әріптес болған  қыздарының   да   медицинаға  сіңірген еңбегінің зор екендігін атап өтті.

АҚСУ  ауданы медицинасының  алға жылжуына елеулі  үлес қосқан  Раушан Бердібайқызының   жолдасы  Базарбек аға  да   қолы епті дәрігер болған. Бұл тұстағы  ойын  ол  былайша тарқатты.

 – Мен  үнемі жолдасыма «сен денсаулық сақтау саласының  ұйымдастырушысы болып босқа бардың,  өйтпегеніңде  нағыз емдеу ісінің дәрігері болатын едің» дейтінмін. Неге десеңіз,  оның бойында кез келген науқастың диагнозын  қолмен ұстап көріп  білетін қыры болды. Институтты бітірген соң  бірден   Қапал ауылдық  ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары етіп сайланды. Кейін  бас дәрігер болып   тағайындалды.  Басшылық қызметте жүріп  Қапал  ауылындағы жаңа аурухананың бой көтеруіне атсалысты.  Аурухана құрылысы 1982 жылы  басталып, 1984 жылы  үш қабатты ғимарат пайдалануға беріліп,  қуанған  күніміз  әлі күнге есімде. Ол  өзі туған ауылдың   медицинасына   өлшеусіз еңбек  сіңірді.

Бүгінде бір мамандықта өмірін тоғыстырған жандар аз емес.  Раушан  Тәженова  да  құдай қосқан қосағы  Базарбек  Байжомартұлымен   ортақ  кәсіпті меңгеріп,  бас қосып, шаңырақ көтергені  туралы  мақала басында  жаздық.  Тұрғанбаевтар әулеті үш баланы тәрбиелеп өсіріп,  ел ішінде  үлгілі отбасы атанды.  Екеуі  бірдей  негізгі жұмысымен қатар шаңырақтың шайқалмауына,  Алла берген балаларына  қамқор ата-ана болуға барын салды.

– Екі дәрігердің  жұптасып, бір үйде өмір сүруі жақсы ғой,  – деп жалғады сөзін  Раушан Бердібайқызы. – Себебі арада ортақ әңгіме бар.  Бірақ,  бір ауру туралы   сөз қозғалып  қалса,   оған жетер жолды  таппай  қалатын  сәттер  болатын. Көп жағдайда арада  бірден  келісім орнайтын.

 Ол  қашанда   жұмысына  жауапкершілікпен қарады. Сырт көзге қаталдау көрінгенімен,  жаны жұмсақ еді. Айтқан сөзінде тұратын, уәде берсе орындайтын, біреудің қуаныш-жақсылығына, қайғы-қасіретіне жаны ауырып отыратын. Бір-бірімізді үнемі қолдап, қолпаштап келдік. Ортақ мәміле, қарым-қатынас болған жерде, тазалық  пен адалдық орныққанда  ғана береке-бірлік, ынтымақ болады деген ғой. Мұндайда бақыт та сол отбасының босағасынан кетпейді екен.

«Қалай өмір сүріп жатырсыз, не сөйлемейді, қабағын да ашпайды ғой» дейтіндерге «жұмыста бастық болғанымен, үйде бас дәрігер ол  емес қой» деуші едім  (ред – күлді). 

Үш қызды тәрбиелеп жеткіздік. Үлкені Әлия, одан кейінгі Эльмира  және кішісі Әсия. Біздің жолды  Әлия  таңдады. Сол кезеңде  мектепте оқитын 10 мен 11 сыныптардағы балаларды  нақты бір мамандыққа баулуда кәсіптік білім берілді. Қызымның сыныбына   «Кіші медициналық қызметкерлер» туралы курс оқытылатын болып, оқытушы ретінде мені жіберді.  Мен оларды оқытып қана қоя салмадым, өзіммен бірге ауруханаға апарып, ондағы тыныс-тіршілікті көзбен көрсін дедім. Нәтижесінде   сыныптағы     24 баланың  7-і дәрігер, 4-і орта медициналық  қызметкер, барлығы  11 оқушы   медицинаны  таңдады.  Яғни, 50 пайызы осы салаға бет бұрды,  соның ішінде  өзімнің  қызым да бар. Бүгінде  олардың бәрі  еліміздің денсаулық  сақтау  саласында  елеулі  еңбек  етіп  келеді. Аракідік бас қоса қалғанда  «Маған  қарап бой түзеп, медицинаны таңдағандарын және бұған еш өкінбейтіндіктерін»  айтып, сыр шертіседі екен.  Мұны  елу жылдағы жеткен жеңісім деп есептеймін.  Ел  медицинасына   қосқан сүбелі үлесім десем  болады.     

ҚАПАЛДАҒЫ   жиырма жылдық  еңбек өтілінде тек дәрігер болып қана емес,   мектеп қабырғасында жүрген  балалардың медицинаны  таңдауына, бұл саланы  жан-тәнімен  жақсы көруіне  себепші  болған  Раушан Бердібайқызымен әңгімелесуде  оның өз мамандығына деген шексіз махаббатты аңғармау  мүмкін емес еді.

– Мамандығымды маңдайыма жазылған бақытым деп білемін. Кез келген салада жұмыс істеп  кете алғаныммен, өзімді  басқа мамандықтың иесі ретінде елестете алмаймын, – деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.  Ал,  «дәрігер болу үшін адамның   бойында қандай қасиет болуы керек?»  деген сауалға ойланбастан  науқасты жақсы көру керек деді.

– Осы салада жүргендердің басым бөлігі  медицинаны  жақсы көргендіктен дәрігер болдым деп жатады ғой.  Мен, олай демес   едім.  Медицинаны, үстіне киген ақ халатты  әркім-ақ жақсы көреді. Бірақ, сен  медицинаны емес, науқасты жақсы көруің керек.  Егер  алдыңа  келген  адамға дәрігерлік  махаббатыңды төкпесең, мейірімділік танытпасаң,  онда  өзіңді нағыз дәрігердің қатарына қосу  бос әурешілік.  Науқасты жақсы көру  арқылы ғана  дәрігерлік мәртебең биік тұрады. Елу жыл ішінде өзіммен бірге жұмыс істеген қыздарыма  үнемі  «егер алдыңа келген науқасқа дұрыс ниет танытпасаң, онда  ақ  халатыңды шешіп,  артыңа қарайламастан кете бер» дейтінмін.  Айтпағым,  ақ халатты киіп алу шарт емес, әрбір дәрігер маман адам өмірінің арашасы екендігін білуге тиіс. Батылдық, жан жылуы, өзгелерге жәрдем беру екенін естен шығармау керек.

Осылай  деген Раушан Тәженова  өзі оқыған кездегі   медицина институтындағы  атағы жер жарған академиктердің  лекция  алдында айтатын  сөздерін  де мысал етті. Кейінгі тұстарда   күн  санап  дамып келе-тін медицина  саласының  маңыздылығы  туралы да  сөз қозғады.

ОЛ  зейнетке шыққан сон  да зейнеткер-дәрігер болып 14 жыл еңбек етті. Бір  ауданда, бір орында тапжылмай елу  жылға жуық  қызмет ету, мамандығын  жүрегімен жақсы көру екінің бірінің   қолынан келе бермесі анық. Раушан  Тәженованың  медицинаға  сіңірген  бұл  еңбегін  сол кездегі  аудандық  орталық аурханасын  басқарған  басшылық  тарапы елеп-ескермегенімен,  Арасан  ауылының  дүйім  халқы  дүркіретіп  тұрып той жасап,  құрмет көрсетіп, шығарып салғанын ол әлі де ұмытқан жоқ.

Өткен күндерден сыр шерткен  дәрігердің  әр  сөзі  жүректі қозғады.  Соның ішінде жедел жәрдем көлігі  жайындағы әңгімесі оның  мамандығына деген адалдығы ма дерсің…  Арасан  ауылының  ауруханасына тиесілі жедел жәрдем көлігі  тозығы жетсе де   жүргізушінің  күтіп  ұстауынан   тоқтаусыз  жүріп келген. Негізінде, жеті жылдан соң көліктің жүру мерзімі бітіп, жаңасына ауыстырылуы қажет екен. Ал бұл көліктің тоқтаусыз жүргеніне 17 жыл болған.  Сондықтан  жұмыстан кетерінің  алдында  Раушан Бердібайқызы  сол кездегі  аудандық  орталық  ауруханасының  бас дәрігеріне жолығып: «Мен кетіп барамын.  Маған  сізден  ештеңе қажет емес. Тек Арасанға жаңа жедел жәрдем көлігін беріңізші» – деп өтінішін айтқан.

Бас  дәрігер: «Жақсы, сіздерге бірінші мезетте  беріледі»  десе де,   артынша  сөзден ауып,  көрші ауылға берген. Мұның себебін  Суықсайда  5 мың   халық тұрса,  Арасандағы  халықтың саны  небәрі 2 мың 200 ғана   деп түсіндірген. Алайда, Суықсайда тұратын халықтың  саны Арасанмен салыстырғанда анағұрлым төмен екен.

Ресейде туғанымен  Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында, соның ішінде денсаулық сақтау  саласының дамуына айрықша  үлес  қосқан  Раушан  Тәженова құдай қосқан қосағы Базарбек  ағамен  елу жылдан аса уақыт  бірге ғұмыр кешті.

«Зейнетке шыққан соң балалардың жанына барайық деп Алматыға қоныс аудардық.  Жолдасым коронавирус дертінен көз жұмды. Оның маған айтқан соңғы сөзі: «Сені балаларға әкеп тапсырдым, енді ары қарай өзің өмір сүр» (ред: көзі жасқа тұнып, арада үнсіздік орнады).»

Бүгінде Раушан Тәженованың   үш  қызынан  төрт немересі бар. Үлкені – Әділет заңгер болып қызмет етеді. Одан кейінгі Рустамбегі журналист,  Естияры – Халықаралық IT университетінің студенті, Ерасылы – сегізінші сыныпта оқиды.  Бір кездері Д. Қонавтың өзі тұсауын кескен немересі Әділетінен  екі бірдей  шөбере сүйіп отыр.

ЕҢБЕК етпей бақытты өмір сүру мүмкін емес. Мақаламызға  арқау болған  кейіпкеріміз  Раушан Бердібайқызы да  өз ісін жақсы көргендіктен мамандығына адал болды.  Жаның  сүйетін іс өзгелерге пайдалы болса, одан асқан   бақыт та  жоқ шығар. Кейіпкеріміздің өзі айтқандай-ақ, ол  үшін ең басты марапат – елдің алғысы  мен сыйластығы.

– 1982ж  КСРО  Жоғарғы Кеңесі Президиумның жарлығымен «Құрмет белгісі» орденін  иеленді. 

– 2001ж. «Қазақстан медицина саласының үздігі» белгісінің иегері атанды.

– 2007ж. «Қазақстан дәрігерлерінің  3-ші съезіне» делегат болып  барды.

– 2007ж. Қазақстан Республикасы бойынша шығатын  «Қазақ  жерінің  зиялы  азаматтары» атты  кітабының 14-ші томына аты  жазылды.  

– Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің, облыстық

денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ

ТАЛДЫҚОРҒАН – АЛМАТЫ

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ