Мәдениет мәселесі сөз болды

0
2294

«Nur Otan» партиясының Алматы облыстық филиалында «Мiras» аймақтық қоғамдық кеңесінің онлайн отырысы өтті. Жиынды облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, комиссия төрағасы Нүсіпбай Әбдірахым ашып, жүргізді.

Өңірдегі мәдениет пен өнерді дамыту мәселелерімен айналысатын кеңес отырысының күн тәртібінде Алматы облысындағы мәдениет ошақтарының жай-күйі мен мәдени саясатты жүзеге асыру жұмыстары қаралды. Жиында алғаш болып сөз алған Нүсіпбай Додабайұлы қала орталықтарынан шалғай орналасқан ауылдардағы мәдени ошақтардың қазіргі ахуалы жайлы сөз етіп, өзекті мәселелерге тоқталды.
– Жыл басынан бергі елдегі эпидахуалға байланысты облыс көлеміндегі мәдени іс-шаралардың біразы бәсеңсіп қалғаны мәлім. Алайда өңірде өнер қайраткерлерімен кездесулер, ақын-жазушылардың әдеби кештері мен ұлы тұлғаларға арналған жыр мүшәйралары онлайн түрде өткізіліп келді. Тіпті, күні кеше ғана екі ауданда халық театрларының ашылуы Жетісудың мәдени өміріне тың серпіліс берді. Әрине, облыстың мәдениет саласындағы атқарылған істері ауыз толтырып айтарлықтай. Дегенмен, мұндағы өзекті мәселелерді де көтеру маңызды деп есептеймін. Атап айтсақ, бүгінде шағын елді мекендердегі мәдениет саласы ғимараттарының жай-күйі көңіл көншітпейтіні жасырын емес. Әсіресе, мәдениет ошақтарының, соның ішінде мәдениет үйлері мен кітапханалардың жағдайы тіптен сын көтермейді. Аталған мәселелер төңірегінде биік мінберлерде айтылып, әкімдік тарапынан халыққа уәде берілгенімен, нәтиже оңды болмай тұр. Көптеген ауылда мәдениет үйлері түгілі жастардың демалуына арналған орындар жоқтың қасы. Сондықтан бюджеттен қаржы бөлініп, ғимараттар күрделі жөндеу жұмыстарынан өтсе, алғашқылардың бірі болып қуанатын жастар болмақ,– деді ол.
Күн тәртібіндегі келелі мәселелер туралы сөз қозғаған Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров аймақтағы мәдени өмірдегі өзгерістерге кеңінен тоқталды.
– Облыста 558 мәдениет мекемесі бар. Оның ішінде 247-і мәдениет үйі мен клубтар болса, 278-і кітапхана, сонымен бірге 26 музей, 2 галерея және 5 облыстық мәдениет мекемесі бар. Бұған қоса 88 «Халықтық», «Үлгілі» атағы бар ұжымдар мен 1489 көркемөнерпаздар үйірмесі жұмыс істейді әрі мәдениет қызметкерлерінің саны 3366 адамды құрап отыр. Сонымен қатар, биылғы жылы 4 нысанның күрделі жөндеу жұмысына 172 миллионнан артық қаржы бөлінсе, 27 нысанды ағымдағы жөндеуден өткізуге 439 млн. 400 мың теңге, ал 21 нысанға жобалық сметалық құжаттама әзірлеуге 203 млн. 100 мың теңге қарастырылды. Тек бұл ғана емес, «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында қаражат бөлініп, тиісінше жұмыстар атқарылды. Осылайша халыққа мәдени қызмет көрсету сапасы артуда,– деді Т.Нүсіпжанұлы.
Бөлім басшысының айтуынша, Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары аясында 26 жоба жүзеге асырылуда. Мәселен, Сүйінбай атындағы облыстық филармониясы жанынан «Ақ жауын» камералық ансамблі ашылып, карантин жағдайында 35 мыңға жуық шара ұйымдастырылған. Сондай-ақ, «Жырлайды жүрек» облыстық әншілер, «Жетісу жұлдыздары» балалар байқауы, ауылдық мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын арттыруға бағытталған «Ауылым – алтын бесігім» сынды мәдени шаралар жыл сайын тұрақты өткізіліп келеді. Бұдан бөлек, 2006 жылдан бері жергілікті ақын-жазушылардың кітаптары шығарылып, ынталандыру үшін тоқсан сайын арнайы стипендиялар берілуде.
Ұлы Жеңістің 75 жылдығы мерейлі мерекесіне орай «Ерліктің даңқы, елдіктің нарқы» және «Жетісулықтардың жеңіс жолы» атты кітаптар жарық көріп, қалың оқырманға жол тартыпты. Сонымен қатар, «Ескерткіштер – ел тарихы» жобасы шеңберінде ҰОС ардагерлеріне арналған 238 ескерткішке жөндеу, абаттандыру жұмыстары жүргізілген.
Биылғы жылы облыста ұлы Абайдың 175 жылдығына арналып түрлі шаралар ұйымдастырылып, барлығы да жоғары деңгейде өткізілген. «Сурет әлеміндегі Абай бейнесі» көрме-байқауы, «Абай мұрасы – халық мұрасы» республикалық онлайн конференциясы мен «Абайға арнау» ақындар мүшәйрасы өткізіліп, «Адамзаттың Абайы» атты кітаптың шығуы соның жарқын дәлелі.
Жиында осы және өзге де мәліметтерді ортаға салған баяндамашыға Қапал өңіріндегі мәдениет ошақтарының жағдайы мен шекаралық аймақтағы елді мекендердің әлеуметтік-мәдени ахуалына байланысты сұрақтар қойылып, тұшымды жауап алынды.

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ