Халық ықыласына бөленген «Қарадала»
Соңғы онкүндікте Алматы облысының мәдени өмірінде маңызды серпіліс жасалып, қос қуаныш тойланды. Оның бірі – аттай алпыс жыл бұрын іргесі қаланып, ширек ғасырға жуық көрерменінен жырақта қалған «Нарынқол» халық театры «Хантәңірі» болып шымылдығын қайта түрсе, енді бірі – Ұйғыр ауданында құрылған «Қарадала» халық театры алғашқы қойылымын жұрт назарына ұсынды.
Қойылым прьемерасынан бұрын Б.Римова атындағы драма театрында БАҚ өкілдерімен арнайы баспасөз конференциясы өтті. Іс-шараға ҚР Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан, сондай-ақ қоюшы-режиссер Асқар Наймантаев пен Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары Кәдіржан Бағыбаев қатысты. Шара модераторы Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев жиналғандарды халық театрының толығуымен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.
– Театр – ең алдымен халықтың рухани жағынан сусындап, әдеби-мәдени тәрбие алуына көп септігін тигізетін өнер саласы. Алматы облысы әкімінің қолдауымен өңірдің 17 ауданы мен 3 қаласында халық театрларының бой көтеруі үшін жұмыстар атқарылып, жыл соңына дейін барлық аудан, қалада театр ашылады деп күтілуде. Бүгінде облыста 15 театр жұмыс жасаса, оның ішінде нақты халықтық театр атағын қорғаған 6 театр мен 2 қуыршақ театры бар. Ал 7 театр әлі халық театры атағын алмады,– деген М. Қапашұлы аталған өнер ошақтарына басқарма тарапынан әрқашан көмек көрсетілетінін жеткізді.
Жаңа театр қойылымының тұсаукесеріне арнайы келген Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов театр – тұтас бір өнер ортасын мәдени тұрғыда әзірлейтін рухани орда екендігін айтып, ұжымға ақжарма тілегін де жеткізді.
– Томас Манн деген ойшыл «Ұлттың театры болғаны – сол ұлттың тобырдан мемлекетке айналуының белгісі» деген екен. Яғни, театр тек көңіл көтеретін ойын-сауық орны ғана емес, сол елдің ой-арманы мен мұң-шерін жеткізе отырып, халықпен етене жұмыс жасайтын үлкен мәдени ошақ. Ал осындай халық көңіліне жол тартар өнер ордалары қатарының көбеюі – жұртшылық үшін үлкен қуаныш. Солардың бірі – бүгінгі алғашқы қойылымын сахналағалы отырған «Қарадала» халық театры. Өнер ошағының іргесі мықты, сапары сәтті болсын деген тілектемін,– деді ол.
Осыдан соң «Қарадала» халық театры «Ескендір» қойылымын көрермен назарына ұсынып, Абай поэмасына ерекше жан бітірді. Шығарма – ұлы ойшылдың гуманистік көзқарасын тереңірек танытатын елеулі сюжетті туындысы. Жауыздыққа жетелейтін күншілдік, тойымсыздық пен мансапқорлық сынды жаман әдеттерден аулақ болуды поэма мазмұнына арқау еткен ақынның мақсаты – адамдарды имандылық пен қанағатшылдыққа, тәубешілдікке шақыру. Поэма Шығыста Ескендір Зұлқарнайын деген атпен белгілі, Еуропада Александр Македонский аталатын ежелгі грек қолбасшысының өмірі жайындағы аңызға құрылған. Әңгімеде тойымсыздық пен ашкөздікті көрсете келіп, әділдік, даналықты соған қарсы қойылады. Сондайқ-ақ, аңыз сюжеті сақталғанмен, ақын оны өмір шындығына жақындатып, реалистік негізде баяндауы – шығарманың басты құндылықтарының бірі. Бұрынғы ел билеген жандардың тойымсыз, озбыр әрекеттері бүгінде өзгермей, қазіргі заманмен астасып жатқандығы поэманың өміршеңдігін көрсетсе керек.
– Бірнеше мәдениетті бойымызға сіңіріп, үйретіп кеткен ұлы Абайдың арқасында осындай керемет туындымен де танысқан едік. Ойшылдың көзқарасы мен жұртқа берер тәлім-тәрбиесін көрерменге ұсыну – қазіргі басты мақсатымыз. «Қарадала» театрының ұжымы үлкен сахна көрген кәсіби шеберлер болмаса да, поэманың астарын ашсақ деген үлкен талпыныстың арқасында қойылым көрерменге жол тартты, – деді қоюшы-режиссер А. Наймантаев.
«Жазерке» және «Арзу» ұйғыр ансамбльдерінің өнерпаздары қатысып, актерлер поэманың сахналық нұсқасын шебер сомдай білді. Асқар Наймантаев режиссерлық еткен спектакль көрермен көңілінен шығып, жұртшылық қойылымнан ерекше әсер алды. Халық ықыласына бөленген театр ұжымы Қазақстан театр қайраткерлері одағының мүшелігіне қабылданып, мақтау қағаздарына ие болды. Одан кейінгі кезекте зиялы қауым өкілдері сөз алып, қуанышты шараға ізгі тілектерін жеткізіп, мәдени ошаққа толайым табыстар тіледі.
Лина КӘЛІМХАН