Мәдениет үйін жөндеуге 572 млн. теңге бөлінді

0
1897

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында Есік қаласындағы аудандық мәдениет үйін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Нысанның жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 572 миллион теңге бөлінді. Бүгінгі таңда негізгі құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталды. Бұл туралы «Jetisý Media» көшпелі баспасөз конференциясы барысында Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Қуанышбек Қашқымбаев мәлімдеді.

Аудан басшысының айтуынша, аумағы 3200 шаршы метрді құрайтын ғимараттың негізі 1982 жылы қаланыпты. Мұнда соңғы 15 жылда күрделі жөндеу жүргізілмеген. Мәдениет үйі 480 көрермен орнына арналған және жөндеу жұмыстары аяқталған соң мемлекеттік қызметтің бірнеше бөліміне әкімшілік кеңсе қызметін атқармақ. Сонымен қатар жақын арада, мәдениет ошағының 30-ға жуық бос кеңсесі жастар ресурстық орталығы, тіл орталығы, жастар саясаты мәселелері жөніндегі бөлім сияқты ұйымдарға берілетінін айтты әкім.
«Жобада мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізуге, ауыл тұрғындарын қолданбалы өнерге баулуға арналған бөлмелер көзделген. Оған қоса мәдениет үйі жарық және дыбыс құрылғыларымен жабдықталады. Жалпы ауданға аталған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға 8 млрд.972 млн. теңге бөлінді. Оның 572 млрд. теңгесі аудандық мәдениет үйін жөндеуге бағытталған. Муниципалды инфрақұрылымға мәдениет пен спорт нысандары айтарлықтай үлес қосатынын ескерсек, жаңарған мәдениет үйі ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары ғана емес, сонымен қатар бос уақытты түрлі үйірмелер мен мәдени сипаттағы басқа да қызықты іс-шараларды өткізу мүмкіндігі бар», – дейді аудан басшысы Қ. Қамшқымбаев.
Айта кетейік, мәденет үйінің акт залы қазіргі заманғы акустикалық жүйемен жабдықталған, ал ғимаратты қайта құру кезінде Қазақстанда жасалған құрылыс материалдары пайдаланылған.
Ал аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Әділжан Смағұловтың сөзінше сыртқы әрлеу де толығымен қайта жасалып, ғимарат стандарттарға сәйкес жылытылыпты.
«Ғимараттың сыртқы келбеті жаңартылды. Біз минералды сылақты жылу плитасымен алмастырдық, қолданылған материалдардың сапасы өте жоғары, сәйкесінше ғимарат әлдеқайда жылы болады. Нысанда мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыспен қамту орталығы арқылы 87 адам еңбек етуде. Жұмыстың көп бөлігі аяқталды. Жыл соңына дейін жөндеу жұмыстарын аяқтап, нысанды жергілікті халықтың игілігіне тапсырамыз», – дейді ол.
Бүгінгі таңда мәдениет үйінде 26 шығармашылық бірлестік пен ұжым, 5 халық оркестрі, 56 ансамбль жұмыс істейді.
* * *
«JETISÝ MEDIA» көшпелі баспасөз конференциясында аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Дәурен Мәлібеков аудандағы ауыз су мәселесінің кезең-кезеңмен шешімін тауып келетінін тілге тиек етті. Айтуынша, Еңбекшіқазақ ауданында топтық су құбырының құрылысы жүргізілуде, ол ауданның 9 елді мекеніне, соның ішінде Есік қаласына су жеткізетін болады. Яғни, ауданның 105 мыңнан астам тұрғыны орталықтандырылған ауызсумен қам-тамасыз етіледі.
Ал, 40 шақырымнан астам су құбыры «Жұмыспен қамтудың жол картасы» өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында салынуда. Оны іске асыруға 4 млрд. теңге бөлініпті.
«Аталған бағдарлама аясында іске асырылып жатқан жобалардың ең ірісі осы ауызсу тарту нысаны болып табылады. Бұл нысан 105-тен астам жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтамасыз етуде. Бүгінгі таңда 27 км су құбыры салынды және 800 текше метр болатын екі су резервуарын монтаждау жұмыстары басталды»,– дейді Дәурен Мәлібеков.
Орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосуға бағытталған ауқымды жобаның аяқталуы 2022 жылға жоспарланыпты.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 109 жоба жүзеге асуда. Бүгінгі таңда 88 нысан немесе жалпы санының 80,7 пайызы аяқталса, оның ішінде: 43 білім беру нысаны, 6 тұрғын үй шаруашылығы объектісі және 39 автомобиль жолы бар. Еңбекшіқазақ ауданында Жұмыспен қамту орталығы арқылы халықты жұмысқа орналастыру жоспары 109,3 пайызға орындалыпты.

С. БАЗАРҚҰЛОВА.


ПІКІР ЖАЗУ