Паровозшы апаның өмірінен үзік сыр

324

Майдангер Алтынай апамыз жетімдіктің, ашаршылықтың, соғыстың азабына еш мойымаған адам. Оның әр жүріп өткен жолы ұрпаққа үлгі. Басына түскен қиындыққа берілмей жүріп, әйел болса да ердің жұмысын атқарған апамыздың соғыс тұсында паравоз жүргізгенін оның өмірінен хабардар әрбір жан жақсы білуі тиіс. Қос ғасырдың шежіресі атанған апамызбен арнайы жолығып, әңгімелесудің реті туды. Паравозшы апам қан майданның жан түршігер сәтттерінен көп дүниені баяндағысы келді, бірақ анасының  көп сөйлесе шаршап қалатынын айтқан  қызы Қызжібек  оның басынан кешкен  оқиғалардың біразын өзі тізбектеп айтып берді.

…Басқұншақ деген жерде ең алғаш паровозға шабуыл жасалыпты. Төбеден тұтқиылдан ұшып келген ұшақ паровозға тақап тұрып, бомбалар лақтырған. Паровоз жанып барады, жауынгерлер біртіндеп секіре бастағанда қаршадай қыз сасқалақтап, не істерін білмей тұрып қалады. Жан-жақтан шулап «секір» деген дауыстан соң есін жиып, секірген екен. Басын төмен қаратып, шөп арасына жасырынған белі қатпаған шынашақтай бойжеткеннің жүрегі дүрсілдеп, құдды бір ажалмен бетпе-бет келгендей күйге еніпті.

* * *

…Одессадан келген ІІ Украин завком дивизиясының жалғыз ұлымен жұмыс жасапты. Көмірмен жүретін паровозға күніне 16 тонна көмірді күрекпен лақтырып жағу үшін кезекке екеуі тұрған. Үздіксіз күректі пайдаланудың салдарынан белі қатпаған қыздың саусақтары ер адамның қатты қолындай тас болып қалады. Әбден қолдары ауырып өзінің бір күндік кезегін аяқтап, демалайын десе, әлгі завком дивизиясының жалғыз ұлы: «Аня, мен шаршап тұрмын. Менің кезегімді бүгін тағы сен атқаршы» деп теріс қарап жатып алады екен. Осындай әділетсіздікті байқап, ұйқы қысса да поездің тоқтамауы үшін 16 тоннамен арпалысқа түскен қыздың бұл ісі теңдессіз ерлік.

  • Апаның айтқандарынан:
    *Біздің әскерлерге дайындап қойған асты жаулар алып кететін, тамақ ішпей қалатын аш күндеріміз көп болды.
    *Қолаң шашымды поездан аққан май цементтей қатырса да, қазақылығымды сақтап, белден асатын бұрымымды қимадым.
    *Германия тұрғындары тазалықты басты назарда ұстайтын еді. Қанша қырғын болып жатса да үйлердің терезелері жылтырап тұратын. Олар бомбалап кеткен жерді лезде тазалап, қалыпқа келтіріп отыратын еді.
    *Тазалықпен қатар бір-біріне деген құрмет те басым еді. Себебі, соғыстың кесірінен су құбырлары жарылғандықтан бір жерде ғана аққан суды ұрыспай-керіспей, қанша шөлдесе де ұзын-сонар кезекке тұрып, күтіп тұрған адамдарды көрдім.

Жазып алған: А. ӘСКЕРБЕК.

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ