Кәсіпкерлер көтерілісі

0
1336

«Ауру кірді, әлек кірді» деген осы! Бір жылдан бері әлемді дүрліктірген «Ковид- 19» бен « Пандемия» кеселі жер шарындағы барлық мемлекеттің экономикасын шайқалтты. Әлі күнге дейін емі табылмаған індет екінші жылға айналды. Адам шығыны көбеймесе азайған жоқ. Тіпті, індеттің жаңа түрлері қалыптасуда. Тажалға қарсы күресіп жатқан әлем ғалымдары мен дәрігерлер тежеусіз кеткен індеттің қашан тоқтайтынын нақты айта алмауда. Ал, экономиканы ойсыратып, кәсіпкерлерді ұлардай шулатқан карантин шарасына шағын кәсіп иелерінің көңілдері толмайды.

«Бірінші байлық — денсаулық» дейміз-ау! Денің сау, тәнің бүтін болса, қам-қарекет жасайсың. Басқа-басқа, кеңірдекке тоқтау жоқ. Күн көріс қамы кім-кімді де болса, қажытып жіберді. Шағын кәсіп иесі тұрмақ, ірі кәсіпкерлердің тірлігі тұманданып тұр. Былтыр жазда қынадай қырылып қалған Алматы облысы биыл тағы да бірде қызыл, бірде сары аймаққа өтуде. Қараша қауымда үрей басым. Адамдар көп шоғырланатын базар, мейрамхана, асханалар мен азық-түлік дүкендерінен басқасы сенбі-жексенбіде жұмыс жасауларына тыйым салынды. Алайда, «Ақыш таздың амалы-ай» демекші, індет өршіп тұрса да, амалын тауып, той-тойлатып жүргендер айылын жияр емес. Моноторинг жүргізіп, той өткізген мейрамхана мен кафелердің қожайындарына миллиондап айыппұл да салынды. «Үш күннен кейін көрге де үйренесің» дегендей, өршіген індетке бойы үйренген адамзат баласы сақтық шараларын бірі орындаса, бірі пысқырып та жүрген жоқ. Қорғаныс үшін киілетін бетпердені де кимей, базарлар мен сауда нүктелерінде қырғауылдай жорғалап жүр. Енді, міне, шағын кәсіп иелері көтеріліске шығуда. Бұларды да түсінуге болады. Мойындарында банкіден алған несиелері бар. «Карантиндік шара базарларға ғана тіреліп қалды ма? Ең құрыса сенбі, жекенбі күні өтетін коммуналдық базардағы жәрмеңкемізге рұқсат беріңдер» – дейді олар.
«Магнум», «Смол» сауда үйлері күндіз-түні еш кедергісіз істеп тұр. Онда да адамдар құмырсқадай құжынап жүр. Алған саудаларына есеп жасауда сарылып тұрады. «Сонда, індет тек базарға ғана келе мекен» деген наздарын жеткізуде саудагерлер. Осындай қоғамдық көтеріліс Көксу ауданында орын алды. Ондағы базаршылар «жексенбі күні базар жұмыс жасасын» деп зар илеуде. Ал, Талдықорғандағы 450-ден аса саудагер санитарлық дәрігердің шығарған қаулысы «мүлдем логикаға сыймайды» деп ұлардай шулауда. Айтуларынша, соңғы 15 жылдан бері халық коммуналдық базарға тек сенбі күні ғана барады. Жай күндері сауда бұл жерде жүрмейді. Қарап тұрсаң «Былай тартсаң арба, былай тартсаң өгіз өледі» дегеннің кері. Кәсіпкерлерге жұмыс жасатпайын деп тұрған жергілікті билік жоқ. Оларды да түсінуге болады. Жалпы республика бойынша күн жылыған сайын аты жаман ауру өрттей қаулап келеді. Қызыл аймаққа енгендіктен сақтық шарасы қатаң болғаны жөн. Алайда, бұл шаралар шағын кәсіп иелерінің шамына тиюде. Екі тараптың да іс-шараларына қарап тұрсаң «Қожанасыр туралы» әзіл еріксіз ойыңа түседі. Бірде екі көрші бірінің үстінен бірі шағым айтып, Қожанасырға келіпті. Бірінші келген көршісінің арыз-шағымын мұқият тыңдаған Қожанасыр: «Сіздікі дұрыс» деп шығарып салыпты. Артын ала екінші көрші келіп, алдыңғы келіп кеткен көршісінің үстінен арызданыпты. Оныда мұқият тыңдаған Қожанасыр: «Сіздікі де дұрыс» депті. Көршілер кеткен соң бәйбішесі: «Қожеке мұныңыз қалай, сіз арызданушылардың екеуіне де дұрыс деп айттыңыз, екеуінің біреуі айыпты болуы керек қой» десе, әйеліне қарап сенікі де «дұрыс» деген екен. Сол, Қожанасыр айтпақшы, бізде екі тараптың да талабы дұрыс деп тұрмыз. Әйтпесе, күнделікті бюджетке кіріс кіргізіп отырған кәсіпкерлердің жұмысына тоқтау салатын, әкімдік пен санитарлық дәрігерлерлер мұндай шара-ларға еріккеннен барып отырған жоқ. Кәсіпкерлердің қойып отырған талабы: бізге сенбі-жексенбі күні жұмыс жасауға мүмкіндік берілсін. Нөпір халық тек қана, базарда жүрген жоқ, үлкен сауда үйлерінде де жүр. «Ала қойды бөле қырыққандай» біздің аяқ -қолымызды тұсап тастады. Мойнымызда банктерден алған несиемізді қалай төлейміз деп, тіпті сауда жасаған күннің өзінде, саудаларының жүрмей тұралап қалғанын айтып, ащы айғайға басуда.
Мұрат Ысқақов, саудагер: – Міне, таң атқалы бір «покупатель» келген жоқ. Балығымыз кеуіп, бұзылып жатыр. Біздің талабымыз сенбі күні жұмыс істесе. Жоғарғы жақтағылар осы уақытқа дейін еш әрекет етпеді. Біздің жылағанымызды күткендей.
Гүлнәр Құрманбаева, саудагер: – «Магнум», «Смол» істеп жатыр. Олар 24 сағат істейді. Ол жерде коронавирус жоқ па? Бес күн істейді, бес күннің бірақ күнінде коронавирус келеді ме, неге бұлар халықпен ойнайды. Әр қайсымыздың несиеміз бар, бала-шағаны асырауымыз керек.
Тыңдап тұрсаң бұлардікі де жөн. 450-ден аса саудагер жиылып «сенбі күні коммуаналдық базар жұмыс жасасын» деп өтініштерін СЭС-тің басшылығына тапсырды. Тура осындай талапты, Көксу ауданның шағын кәсіп иелері де ереуілдеп, Көксу ауданындағы базар жексенбі күні жұмыс жасасын деген талаптарын қоюда. Алайда, базарларда көбіне санитарлық талаптар сақтала бермейді. Сатушы мен саудагерлер арасындағы арақашықтық, бетперде мәселесі ескеріліп жатқан жоқ. Оларға тек саудасы дөңгелесе болды. Мұндай, талаптар үлкен сауда үйлерінде де кездеседі. Онда тұтынушылардың бетпердесі болғанымен, есеп айырысатын касса алдындағы арақашықтық талабы сақталмаған. Бұл көріністерді жанар-жағармай бекеттерінен де, көруге болады. Осы көріністерді көрген соң ғой базардағы кәсіпкерлердің көтеріліп жүргені. Әсілі, қабылданған қатаң шараларды кәсіпкерлер мен тұтынушылар да мұқият сақтауы тиіс. Жұқпалы індеттің өршуіне және кәсіпкерлердің арыз-шағымдарына қатысты санитариялық мекеменің өкілдерінің қойып отырған талабы да дұрыс.
Гауһар Каткенова, Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
– «Әрбір келуші термометриядан өтуі, бетпердесі болуы керек. Сонымен қатар сатушының да бетпердесі, бір рет қолданылатын қолғаптары болуы шарт. Сатушы мен келушінің арасында әлеуметтік арақашықтық сақталуы тиіс. Талаптар сақталатын болса, коммуналдық базар ашық базар болғандықтан олардың сенбі күні жұмыс істеуіне қарсы болмаймыз» деген талабына базардағы шағын кәсіп иелері, барлық талапты сақтаймыз деп уәделерін берді. Енді, санитариялық мекеменің қойған талаптарын саудагерлер қаншалықты орындайтынын коммуналдық базар жұмыс жасағанда анық көрінетін болады.
25-сәуірде Көксу ауданының Балпық би тұрғындары да жексенбі күні істейтін базардың ашылуын талап еткен-ді. Ондағы саудагерлердің айтуынша, Теке-лі, Үштөбе қалаларындағы жексенбі жұмыс істейтін базарлары ашық. Ал, Балпық би базары жабық. Жексенбілік базарды келесі аптадан бастап ашуын сұрап, оның бірнеше себебін алға тартты. Негізі бұл базарда сауда-саттық жасайтындардың көбі өз өнімдерімен және қолданыста болған киім-кешектерді, тұрмыстық заттарды сатумен айналысады. Олардың айтуынша, көшеттер мен тұқымдардың сату мерзімі аяқталып келеді. Нәпақамызды жексенбілік базардан тауып отырмыз, жергілікті билік осыған назар аударсын. Табыс таппасақ, несиені қалай төлейміз? Қымбатшылық белең алып барады. Жабық базармен ашық базар арасында қандай айырмашылық бар деген базардағы саудагерлердің өкпе-реніштері үлкен сауда үйлеріндегі сауданың қызып, шағын-кәсіп иелерінің жұмысы тұралғанына налуда. Айтып ауыз жиғанша болған жоқ, өткен сенбі күні Талдықорғандағы коммуналдық және Көксудағы жексенбілік базар сенбіде жұмыс жасады. Көтеріліс жасаған кәсіпкерлердің талабы орындалды. Ал, енді санитариялық талаптардың қаншалықты орындалатынын уақыт көрсетеді.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ