Сақтық шаралары – басты орында

840

 Журналистер үйіндегі «Жетісу медиа» ақпараттық алаңында «Алматы облысындағы шектеу шаралары»  тақырыбымен  баспасөз мәслихаты өтті. Оған облыс әкімі Амандық Баталов қатысып, өңірдегі короновирус  ахуалының деңгейін және оның алдын-алу, сақтану шараларының қалай жүргізіліп жатқанын баяндады.

Облыс әкімі алдымен өңірдегі індет жағдайына тоқталды.  Жұқтырғандар санының азаймауына байланысты карантиндік шаралардың жеңілдетілмейтінін жеткізді. Қазіргі уақытта күшейтілген шектеу шарасы облыс орталығы Талдықорған, Кеген және Талғар аудандарына қатысты. Ал қалған аудан-қалалар біртіндеп қалыпты өмірге орала бастамақ. Қазіргі таңда 1415 адам медицина қызметкерлерінің бақылауында.1085 адам үй карантинінде жатыр. Індеттің 31 ошағынан карантин режимі алынған. Бірақ,  сақтық шараларының басты орында болуы  керектігін де ескертті.

«Бізде бұрын алты зертхана болса жетіншісі Талдықорғанда ашылды. Мынаны баса айтқым келеді. Карантиндік шаралар қалай босады, азаматтар да босаңсып кетті. Көшеде маскасыз жүретін халық қарасы көбейді. Азаматтарда жауапкершілік болу керек. Әуелі отбасы, туған-туыс, достарыңды ойлаған жөн. Мысалы  осындай жауапсыздықтың салдарынан талғарлық азамат айналасына осылай дерт жұқтырған. Әкімдерге осы туралы тапсырма бердім» , – деді өңір басшысы.

Облыстың әлеуметтік, экономикалық  ахуалына шолу жасаған әкім қазір жағдай тұрақты. Алаңдауға еш негіз жоғын жеткізді. Спикер «Жол картасы» бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасады. Биыл аймақта 23 мың адам жұмыспен қамтылып, соның екі мыңдайы тұрақты жұмыс көзіне ие болмақ.  Бұл бағытта 109,2 млрд.теңге бөлінген.  Ішкі туризмге де серпін берілмек. Алдағы жылы Үшаралдағы аэропорт күрделі жөндеуден өтеді.  Қазірше Нұр-Сұлтан, Алматы және Талдықорған қалаларынан тікелей рейстер ашылған. Күніне 5-6 мәрте қатынайтын ұшақ көлге бару уақыты мен жол ұзақтығын қысқартпақ. Өзен-көлдердегі шомылу кезеңін маусымның 12 -нен ары қарай ашу жоспарда. Былтыр Алакөл мен Қапшағайға демалуға келгендердің саны 4 миллион адамға жеткен. Әкім қайта салынып жатқан Алматы-Өскемен халықаралық күре жолының жұмысына да ризашылығын білдірді. Көпшіліктің көкейінде жүрген Қорғас халықаралық сауда дәлізі туралы әкім оның қазір ашылмайтынын айтты.

Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету, баға саясатын реттеу мәселелері әкім назарынан тыс қалмады. Тұрғындарды сабырлыққа, ортақ тәртіпке бағынуға шақырды.

«Зат бағасын тұрақтандыру үшін 2 миллиард теңге қаржы бөлдік. Соның жартысы азық-түлік өнімдерінің қымбаттамауын қадағалуға жұмсалды. Ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтері бөлінген ақшаларға ұн сатып алып, оны наубайханаларға арзан бағаға өткізді. Осының арқасында біз бағаның күрт шарықтап кетуін болдырмадық. Қазіргі басты міндет індетке ортақ қарсы тұру. Ол дәрігерлердің ғана жұмысы емес, барлығымыз біріккенде ғана індетті жеңе аламыз. Мен жұртшылықтың жасалып жатқан шаруаларға түсіністік танытады деп сенемін», – деді облыс әкімі.

Баспасөз мәслихатының соңында Амандық Ғаббасұлы тілшілер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Кейбір маңызды мәселелер бойынша тиісті орын басшыларына тапсырма жүктеді.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ