Талаптарға құлақ аспайтындар көп

961

Төтенше жағдай режимі аяқталса, карантин не үшін сақталады? Бұл – көптің көкейіндегі сұрақ. Елімізде коронавирус індетіне байланысты енгізіліп, 2 айдай уақытқа жалғасқан төтенше жағдай режимі 11 мамыр күні аяқталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдеуінде ел аумағында төтенше жағдай режимі алынғанымен, карантиндік шаралар әр өңірдегі жағдайға байланысты жалғаса беретіндігі айтылған.

Алайда бұл сәтті  асыға күткен алыс-жақындағы ағайын сол күні-ақ блок-бекеттерге ағылып жатты. Халық төтенше жағдай ренжимі аяқталса, карантин де бітеді деп түсінген сыңайлы. Мамырдың 11-і күні Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының айналасындағы блок-бекеттерге жиналған жұрттың қарасы қалың. Иін тіресіп кептелісте тұрған көліктер мен ұзын-сонар кезектегі жаяу жүргіншілердің бірі қалаға кіруге, енді бірі қаладан шығып, өзге облыс аумағына өтуге үміттенген. Алайда карантин жұмыстары әлі күшін жоймағандықтан, өңіраралық блок-посттардың қашан алынатындығы әзірге белгісіз. Тек бекеттерден емін-еркін өту үшін тұрғындарда жұмыс атқаратын орнынан берілген арнайы анықтама болуы шарт.  

Талдықорған қаласының ішіндегі жағдай да осыған ұқсас. Ірі сауда орталықтары мен басқа да кешендер ашылмағанына қарамастан жұртшылық орталыққа қарай ағылып, қала бәз-баяғы қалпына түскендей. Саябақтарда серуендеуге рұқсат беріліп, жалпы аумағы 500 шаршы метрге дейін болатын азық-түліктік емес дүкендер жұмысын бастаған. Тек мұнда санитарлық талаптардың сақталуы қатаң міндеттеледі. Дегенмен, қала көшелерінде қорғаныш маскаларынсыз жайбарақат жүрген халықтың саны басым. Қауіпті дерт басталғалы күніне сан мәрте ескертулер жасалып, қауіпсіздік шараларын сақтау талаптары қойылса да, оны елең көрмейтін жұрттың бар екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.

Ал Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысының мәлімдеуінше, облыс көлемінде карантиндік режим мамыр айының соңына дейін жалғасады. Өңір әкімінің тапсырмасымен аудан және қала ішіндегі посттар алынып тасталған. Бірақ, аудан және облыс шекераларындағы блок-бекеттер жұмысын жалғастыра бермек.

Ауру белгісі алғаш анықталған Қытайдың Хубэй өлкесінде араға біраз уақыттар салып аты жаман дертті жұқтырғандар қайта тіркелгенін, бұл дерттің жағдайы бүкіл әлем бойынша оңала қоймағанын ескерсек, біздің дәл бұлай алаңсыз жүруімізге ешқандай себеп жоқ. Керісінше, ауруды дер кезінде ауыздықтай білу үшін көп болып атсалысып, әркім өзінің денсаулығы мен бас амандығы үшін сақтық шараларын ұстанып, жауапкершілікті болуға тиіс. Шектеулер алынды деп қамсыз жүруге де болмайды. Сақтық шараларын қатаң ұстанып, көпшілік жиналған аумақта бетперде тағып жүру қалыпты жағдайға айналуы міндетті. Алайда биліктің халыққа қойған қатаң талаптарына құлақ түрмейтіндер азаймай тұр. Неге?

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ 

Бөлісу:
ТегтерНЕГЕ?

ПІКІР ЖАЗУ