Тарихын табыс көзі еткен Түркия

Әлемге әйгілі Топқапы сарайы

Бесінші күні жолымыз Сырлы Стамбулмен қайта түйісті. Шынын айтқан-да, төрт күндікте тарихы тасқа, шежіресі құмға сіңген сұлтандар елі туралы көптеген мәліметке қанық болдық. Осындай керемет көңіл күймен әлемге әйгілі Топқапы музейіне де барып, өзімізді құдды бір Осман империясының дәуірінде жүргендей сезінгеніміз де рас.


Осы уақытқа дейін бізге қаланы таныстырып, тарихтан там-тұмдап әңгіме айтып жүрген Беркан мырзадан біз де білмейтінімізді тәптіштеп сұрап, көңілге қонымды жауап ала алдық. «1453 жылы II Мехмет бастаған османлы әскері Константинополь қаласын басып алады. Сол кезде Топқапы орнында Византия императорларының сарайы болған. Бұл сарайдың қазіргі уақытта қалдықтары қалған жоқ.

II Мехмет жеңістен кейін Византия сарайының орнына осы Топқапы сарайын салдыртады. Ең алғашында 50 жыл бойы бұл сарай сұлтандардың басқару резиденциясы болды. Алғашқы 50 жылда Топқапы сарайы сұлтандардың тек жұмыс орталығы ғана болған, осы жағдай II Баязит сарайы кезінде де орын алған. I Сүлеймен сарайды қайта салған. Бұл II Мехмет негізін қалағаннан кейін болған ең үлкен өзгерістердің бірі. 1854 жылы бұл сарайдың құрылысы жалғастырылған, 400 жыл бойы Ұлы Османлы мемлекетінің басты сарайы болып қалған. Ал 1923 жылы музей атаған» – деген жолбастаушы бұл аумақты толық аралап шығу үшін кемі 15 күндей уақыт керек екендігін де айтып қалды. Себебі, музейдің ауданы – 700 000 шаршы метрді құрайды.

Біз Сұлтан Сүлеймен тағын, гаремдер бөлмесін, Хюррем ханшайымның хауыз-моншасын, сұлтандардың кеңес өткізген бөлмелерін мүмкіндігімізше аралап көрдік. Музейлердегі алтындалған бұйымдар, соғыс қарулары, жаһұт жәдігерлер көздің жауын ала-ды екен. Тіпті, салтанат сарайларының бояу-нақыштарына да таңырқамай өте алмайсың. Ал, бұл сарайға туристер «Сұлтан Сүлеймен» көп сериялы фильмі шыққан соң бұрынғыдан да көбірек ағыла бастапты. Топқапы сарайы – Түркияның ұлттық мақтанышы, бүгінде ел билігі мұражай кешенін мінсіз жағдайда ұстауға көп күш жұмсауда…


Жалпы, бұл сапар туралы таңды таңға ұрып айта беруге болады-ақ. Ал, әсем қалалардың мыңжылдықтарға созылған тарихын, сан халықтардан сіңген рухани дүниесін, өткен дәуірлерден жеткен жауһарларын түгел бір сапарға шығып қана көріп-түйсіну мүмкін емес екен. Маңыздысы сол, әлемді жайлаған тәжтажалдың құрсауында қалмаудың жолын қарастырған түркі елінің «Қаупсіз туризм» бағдарламасы шеңберінде туризімін қайта жандандыруды қолға алуы көңілге қонымды дүние дер едім, әрі бұл көпке үлгі боларлықтай істің басы деуге де болады-ақ. Ақын тілімен айтсақ, тоғыз мәдениеттің тоғысқан жерін тек көзбен көру ғана керек…

P.S: «Стамбул – Бурса» жобасын үйлестірген Түркияның туризмді насихаттау және дамыту Агенттігі (TGA). Агенттік ел экономикасына туристік инвестицияларды көбейтіп, ішкі және халықаралық туризм нарығында қызмет көрсету сапасын жоғарлатумен айналысады. Ведомства Түркияның туристік әлеуетінде қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді, маркетингтік байланыстарды дамытуда бренд саналады.
Түркияның туризмді насихаттау және дамыту Агенттігі (TGA) мемлекеттің мәдениет және туризм министрлігінің саясаты мен стратегиясы аясында, туризм саласын дамыту мақсатында барлық жарнамалық, маркетингтік, коммуникациялық шаралар атқарады.
«Қауіпсіз туризмді сертификаттау» бағдарламасы 2020 жылы саланың негізгі секторларымен ақылдасып, қабылданған. Оның ауқымы кең. Бағдарлама туристер мен жергілікті тұрғындардың денсаулығын, әл-ауқатын сақтау мақсатында бір- бірімен тығыз байланысқан бірнеше органдардың жұмысын айқындайды. Тізімде азық-түлік пен сусындар өндіретін кәсіпорындар, көлік пен қонақ үй бизнесі қамтылған.

Сарби ӘЙТЕНОВА

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ