Тыныштық пен тұрақтылықтың қорғаны

0
2086

Мемлекет мүддесі жолында қоғам тыныштығын күзетіп жүрген полицияның арқалап жүрген жүгі ауыр. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыратын саланың бірі де, бірегейі осы ішкі істер органдары. Қоғамда полицияның пәрмені жайлы екіұдай пікір бар. Басым бөлігі ішкі істер органдарына түбегейлі реформа қажет екенін жиі айтуда. Тәртіп сақшыларының атқаратын жұмыстары қалың бұқараның көз алдында. Бірі жақтаса, бірі даттайды. Бұл – заңды құбылыс. Демократиялық елдердің бәрінде бар үрдіс.

Аса ауыр қылмыстарды ашуда, қылмыскерлермен бетпе-бет келіп, елдің тыныштығын күзетуде Алматы облысында тәуелсіздік алған жылдардан бері 33 полиция қызметкері қызметтік борышын өтеу барысында қайтыс болған. Бастарын қауіп пен қатерге тіге отырып, қылмыскерлердің жолын кесуде көзсіз ерлікке барып, темірдей тәртіпті қадағалайтын полицейлер елдің қорғаны. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Бұлардың да арасында, қызметтік бабын асыра пайдаланып, тәубесінен жаңылып, жемқорлықпен шатылып жатқандар, болмаса қызмет бабын асыра пайдаланып, Әдеп кодексіндегі мемлекеттік қызметкерлерге тән қағиданы бұзып жатқандар жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Мұндайда біздің қазақ «Бір биеден ала да, құла да туады» дейді. Бұл жалпы республикадағы полицейлерге тән құбылыс.
Қоғамда төрт түрлі салаға адамзат аса мұқтаж. Олар денсаулық саласы, прокуратура, сот және ішкі істер органдары. «Басың ауырып, балтырың сыздаса дәрігерге, ал, құқық саласы бойынша сауалмен прокуратура, сот, полицияға жүгінесің. Жәбірленушінің құқығын қорғап, заң аясында айыпкерді тезге салатын да осы заң органдары. Бұл бағытта Алматы облысы полиция департаменті «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыру шеңберінде департаменттің ресми сайты мен «Instagram», «Фейсбук», «ВКонтакте» әлеуметтік желілерінде парақшалары жұмыс істейді. Онда 85 мыңға жуық жазылушы бар болса, апта сайын жұма күндері онлайн режимде «Instagram» және «Ватсап» арқылы тікелей эфирде азаматтарды жеке қабылдау жүргізілуде. Сонымен қатар, полиция генерал-майоры Серік Күдебаевтың жеке парақшасы ашылса, онда әлеуметтік желі арқылы 200-ден астам өтініш келіп түскен. Өтініштердің барлығына 5 күндік мерзімде жауап берілуде.
Қалың бұқарамен тығыз қарым-қатынас орнатудың нәтижесі де жоқ емес. Елді тәртіпке ұйыстыра отырып, береке-бірліктің шырағын алаулатып отырған жетісулық полиция қызметкерлері қылмыстың алдын алуда бар күш-жігерлерін жұмылдыруда. Бұл бағытта биыл апатты-қауіпті учаскелерде тағы 20 бекет орнатуды мақсат еткен облыстық полиция департаменті француз өндірісінің «MESTA FUSION» 60 бағдарламалық кешені Алматы – Талдықорған автожолында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәртібімен орнатылатынын Алматы облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Серік Күдебаев тоғыз айдың қорытынды есебінде айтты.
Қазір екінің бірінің ажалы автожолдардан болып тұр. Жол жүру ережелерін сақтамай, көлік жылдамдығын арттырған жүргізушілер, қарама-қарсы бағытқа шығып кетуі, болмаса жаяу жүргіншілердің өтпелі және бұрылыстардағы абайсыздығы, оларға жол бермеген көлік иелерінің жауапсыздығы адам өміріне қауіп төндіруде. Қыстың көзі қырауда, көктайғақ болатын қара жолдардың қауіптілігін ескерген полиция республикалық маңызы бар жолдарда жаяу жүргіншілер өтпелері мен бұрылыстарда 4 700 жарық шағылыстырғыш әйнектер орнатқан. Мәселен, «Алматы-Қапшағай» бетон автожолы бойынша қысқы кезеңде дөңгелектердің сырғанамауына мүмкіндік беретін эмульсиялы-минералды қоспалармен жабын төсесе, «Алматы-Талғар-Бәйдібек би» автожолының көлік жүретін бөлігі кеңейтілгенін айтты. Сондай-ақ, білім беру объектілерінің жанындағы 258 учаскеде ақ-сары түсті гаммада жол таңбасы салынғанын, 25 учаскеде жасанды жол кедергілері орнатылып, 1 жер үсті жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы (Қарасай ауданындағы Шамалған станциясында) аяқталса, келесі жылы (Еңбекшіқазақ және Іле аудандарында); екі жер үсті жаяу жүргіншілер құрылысы аяқталатынын жеткізді. Әрі республикалық трассаларда жылдамдық өлшегіштер мен «Крис-П» жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалану жандандырылды. Сондай-ақ, патрульдік полицияның барлық қызметкері портативті бейне-тіркеушілермен (бейне-жетондармен) және ЕРАП базасы бар планшеттермен қамтамасыз етілді. Заманауи технологиямен жабдықталған патрульдік полицияда «Автонавигатор» бағдарламасы орнатылған, ол автоматты режимде автопатрульдерді бақылап және олардың патрульдеу бағыттарынан ауытқу мүмкіндігін болдырмайды. Бұл бір жағынан мемлекеттік қызметкерлер арасындағы Әдеп кодексінің нормаларын сақтауға және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуде тигізетін пайдасы зор деген полиция басшысы, генерал-майоры тіркелген қылмыстардың жалпы санымен жекелеген түрлері бойынша мәліметтерді айтты. 9 айдың қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғалар саны 12,0%-ға төмендеп, адам өліміне әкелген көлік апаттары 19,9%-ға, жарақаттанғандар 11,4%-ға азайғанын айтты. Күре жолдың үстінде аспанда ұшқан зымырандай зулап жүретін, жол қауіпсіздігін сақтауды назардан шығарып алатындарға қатысты жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түрлі шараларды қайта жаңғыртқан полицейлер, патрульдеу бағыттарын қайта қарап, олардың қашықтығын екі есеге дейін қысқартқан. Нәтижесінде полиция нарядтарының тығыздығы екі есе артып, Алматы қаласы маңындағы көлік қозғалысы автожолдарында «Автосураган» атты 10 автоматтандырылған бағдарламалық кешеннің жұмысын қалпына келтірген. Бұл бағытта бүгінде облыс бойынша 26 кешен жұмыс істеуде. Алайда, техникалық құралдармен анықталған жол ережелерін бұзушылықтар саны 17 мыңнан 127 мыңға дейін артқан.Тоғыз айда денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактілері 23,6%, 6 қарақшылық 2,9 есе, тонау 2,2 есе, бұзақылық 39,5%-ға азайды.
Қоғам мүддесін қорғап, тәртіпті қадағалау, барысында қоғамдық орындарда, көшелерде отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында және кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыс 48,4% болса, осы қылмыстарды ашу 9,2%-ға жақсарды. Жеті мыңнан астам қылмыс ашылса, оның 2116-сы бұрын жасалған қылмыс. Ал 516-сы өткен жылдардың еншісінде болып отыр. Бас полицейдің сөзінше, 235 қылмыстық топ ұсталған. Оның 17-сі қарақшылық, 11-і алаяқтық, 375-і ұрлық.
Әлемді жаулаған COVID-19 індеті өршіп, экономика дағдарысқа ұшырағалы, қайта бас көтерген қарақшылық пен алаяқтық, ұрлық-қарлық қылмыстары қайта өршіді. Әсіресе, ұйымдасқан ұрылар тобын құрықтау оңайға соқпай тұр. Қорадағы малды қолтықтап кетіп, өрістегіні табындап, үйірлеп айдағандар, бөтеннің мүлкіне көз алартқан сұғанақ қолдар даладағы да, қаладағы да тұрғын үйлер мен пәтерлерге қырғидай тиюде. «Жеңілдің асты, ауырдың үстімен» жүріп, жандарын қинамай көлденең табысқа кенелгісі келетін қылмыскерлер ерте ме, кеш пе құрыққа түсетіндерін жақсы біледі. Біле тұра «дәніккен қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, жат қылық, жаман әдеттерінен тыйылар емес. Полицияның берген ақпаратына сүйенсек, аяқталған және сотқа жіберілген қылмыстық істердің саны ұлғайған. Қылмыстық істер сотқа дейінгі жеделдетілген тергеу тәртібінде 0,9%-ға, 944-тен 981-ге дейін өскен. Мәселен, Е-УД форматында 4 583 қылмыстық іс тергелген. Әлемді алаңдатқан індетке қартысты сақтық шараларын ескере отырып, жалпы қылмыстық істерді электрондық форматта тергеу үшін 300 жұмыс орны құрылған. Оның 200-і тергеу, 79-ы анықтау, 12-сі учаскелік инспекторлар, 7-еуі кримниналдық, 2-еуі әкімшілік полиция деген генерал Серік Күдебаев келесі жылы тағы 300 жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырғандарын айтты. Қылмыстардың жолына тосқауыл қоюда, жедел және алдын алу іс-шараларының нәтижесі оң өзгерісті көрсетуде. Мысалы, қылмыстарды тіркеу 2,2 есеге азайғанымен, олардың саны 4 мыңнан асып тұр. Нақтылай айтқанда ұрлықтың 30%-ы (1478, -48,8%) үйлер мен пәтерлерде жасалған. Осы қылмыстардың ашылуы 7,6 пайызға жақсарып 54,1 пайызды құраған. Мал ұрлығын тіркеу деректері (729-дан 506-ға дейін) азайып, ұрланған 2 026 бас малдың 971- і иелеріне қайтарылған. Бұл бағытта полицейлер мал ұрлығының алдын алу жоспарын жасағандарын айтуда. 1149 бейнебақылау камерасы орнатылса, оның 61-і негізгі аудандық жолдарда, 1088-і мал сою және өткізу орындарында қойылған. Мал ұрлығына қатысты апта сайынғы аппараттық кеңестерде тыңдалатынын айтқан Бас полицей жыл соңына дейін 250 бейнебақылау камерасын (Қарасайға – 150, Панфилов – 50, Текелі – 50) келесі жылы тағы 11 ауданда 886 камера орнатуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленгенін, Талдықорған полиция басқармасы – 590, Еңбекшіқазақ полиция басқармасы – 150, Талғар – 100, Кербұлақ, Көксу полиция бөлімдері – 8, Ақсу, Балқаш, Алакөл, Сарқан, Кеген, Ұйғыр аудандарында – 5 бейнебақылау қойылатынын мәлімдеді.

Айтақын БҰЛҒАҚОВ
Сурет ғаламтордан алынды


ПІКІР ЖАЗУ