Түлектер аттестат алды

1485

3-4 маусым күндері Алматы облысының барлық мектебінде салтанатты түрде түлектерге аттестат тапсыру рәсімі өтті. Шараның күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режиммен, бекітілген тәртіпте жүргізілуі қамтамасыз етілді.

Бүкіл әлемдік пандемияға байланысты қауіпсіздік шара-ларын сақтау мақсатында биылғы түлектерге аттестат тапсыру салтанаты да жылдағыдан өзгеше аталып өтті. Жыл сайын бұл іс-шара маусым айының ортасында өткізілетін. Алайда елдегі ерекше жағдайды ескере отырып, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов алдын ала өзгерістермен таныстырған. Ол мектеп біті-рушілер үшін қорытынды аттестаттау емтихандары болмайтынын және ҰБТ-ға қашықтан дайындалу қажеттілігін ескере отырып, бұл іс-шараны маусым айының басында өткізу жоспарланғандығын жеткізген болатын.
Сондай шаралардың бірі Талдықорған қаласындағы да-рынды балаларға арналған үш тілде оқытатын №20 арнаулы лицейінде өтті. Үлкен өмірге қадам басқан түлектер үшін салтанатты түрде соңғы қоңырау соғылып, ұстаздары ақжарма тілектерін жаудырды. Жиынға Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ қатысып, лицейдің өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берудегі жеткен жетістіктеріне тоқталды. Осы орайда дарынды балалар даярлауда лицей ұстаздарының еңбегі орасан зор екенін тілге тиек етті.
Жалпы биылғы жылы лицейде 36 оқушы жас түлек атанса, олардың алтауы «Алтын белгі», тоғызы «Үздік аттестат» иегері. Бұдан сырт халықаралық, республикалық, облыстық пән олимпиадалары мен ғылыми жоба байқауының жүлдегерлері бар. Лицей директоры Сәлима Мәмлеева да түлектерге сәт-сапар тілеп, құттықтауын жеткізді.
– Құрметті түлектер, бүгін сіздер үшін де, ата-аналар мен ұстаздар үшін де толқынысты сәт. Қимас мекен, алтын ұяға айналған лицейдегі алаңсыз күндер аяқталып, азаматтық жауапкершілігі мол кезеңге аяқ бастыңыздар. Лицей қабырғасында алған білімдеріңіз бұл жолда сенімді серік болады деп сенемін. Лицей – ол болашақтың балауса сәттерінің куәсі болған, балдәурен бала шақтан арман толы болашаққа жетелер білімнің алтын шамшырағы.        Лицейіміздің өркендеуіне өз үлесін қосқан түлектерімізді мақтан тұтамыз. Барлығымыз үшін биылғы оқу жылының соңғы тоқсаны ерекше жағдайда өтті. Қашықтан оқыту кезінде ата-аналар қауымы ұстаздармен бірлесіп, жұмысты дұрыс ұйымдастыруда ерлік таныттыңыздар. Қиын кезде балаларға тіреу болып, өлшеусіз еңбек еттіңіздер. Сіздердің қолдауларыңыз үйде отырып білім алуға жағдай жасауларыңыз қашықтан оқытуды ұйым-дастыруға мүмкіндік берді. Сол үшін сіздерге алғыс айтамын! Ал, түлектерге ақ жол тілеймін, біз артқан үмітті ақтайды деп сенемін, – деді ол.
Бұл күні облыс көлемінде 15 256 түлек мектеп бітірді. Олардың ішінде 1177-і «Алтын белгі», 851 түлек «Үздік аттестат» иегері. Айта кетсек, аттестатты салтанатты тапсыру шарасы мектеп қабырғасында шектеулі конигентпен өткізілді. Яғни, шараға түлектер мен олардың ата-анасы ғана санитарлық-гигиеналық шектеулерді қамтамасыз ете отырып қатыстырылды.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ
Суретті түсірген Ж.МҰСАБЕКОВ.

Бөлісу:
ТегтерБІЛІМ

ПІКІР ЖАЗУ