Тәрбие басы – отбасы

0
2248

Дүниеге келгеннен кейін адам өмірі ақ пен қара жолақтан, таңдау мен шешімнен тұрады.  Дұрыс шешім қабылдап, жақсы жолға түсу адамның бала кезден алатын тәрбиесіне тікелей байланысты. Сондықтан болар, дана халқымыз бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Қыздары қылықты, ұлдары ұлықты болу үшін барын салған. Әрдайым «ешкімнің ала жібін аттама, үлкендерді сыйла, кішілерге қамқор бол» деп үйреткен.  

Бүгінгі күннің тәрбиесінде сәл өзгешелік бар. Ақылды, елгезек балалардың орнын, ерке, сабырсыз балалар басуда. «Ұрса – ұр, тепсе – теп, сенікі дұрыс» деген сияқты сөздер баланы дөрекілікке үйретеді. Үлкенге деген сыйластық, кішіге деген кішіпейілділікті көру арман болып бара жатқандай. Ешкім баласының жаман болғанын қаламайды, әрине. Бірақ қазіргі кезде айналада болып жатқан зорлық-зомбылық, қаскөйлік, ұрлық, қасақана адам өлтіру сияқты оқиғалар да бала санасын уламай қоймайтыны сөзсіз. Оның үстіне осынау дамыған заманда ұялы телефон ұстамайтын бала жоқ шығар, сірә. Күндіз-түні телміріп телефонға қарап, қала берді теледидардан, компьютерден нешетүрлі миға қонымсыз дүниелерді көріп, тіпті соны қайталауға тырысып жатады. Дүниеге келе сала әуен тыңдатып, әртүрлі мультфильм қосып бала кезінен телефонға байлап тастайтын да өзіміз. Жылай қалса қолына телефон ұстата саламыз, «алдана тұрсын, қазір шаруамды бітіріп алайын, сосын алам» деп жүріп баланың ұялы телефоннан не көріп жатқанына да мән бермейміз. Қарап тұрсақ баланы ғаламтор тәрбиелеп жүр. Бұл, ғаламтор тек қана жамандыққа тәрбилейді, оның ешқандай пайдасы жоқ деген сөз емес. Керісінше, оның пайдасы көп, білмегеніңді үйретіп, адассаң жолды да тауып береді. Ғаламтордың арқасында жетістікке жеткен адамдар да қаншама. Тек пайдасын біліп, уақытымен пайдалана білсең болғаны. Ал, біздің балалар күн демей, түн демей ашып алып пайдасы жоқ бейнероликтар мен ойындардан басқа ештеңе көрмейді.

Бұрынғыдай емес ғаламторға да қазір нешетүрлі қисынсыз ойындар, түсініксіз мультфильмдер жүктелуде. Бірде сіңілімнің телефонмен ойнап отырғанын көріп қасына бардым. Қарасам, барлығымыз бала кезде ойнаған, кәдімгі «қуыршақ Барби». Бірақ біздің кездегі қарапайым, ханшайым болып жүрген қуыршақ емес, аяғы ауыр қуыршақ. Сенесіз бе?! Аяғы ауыр. Тек аяғы ауыр болса жақсы екен, ол бейнероликте тіпті оның қалай сәбилі болатынына дейін көрсетеді. Мұны көргеннен кейін кішкентай 6 жастағы сәбидің психологиясы қалай болмақ?! Осындай сұмдық ойындардың салдарынан күн сайын адам шошырлық оқиғалар орын алып жатыр. Әрдайым дұрыс шешім қабылдап, дұрыс таңдау жасау барлығының бірдей қолынан келе бермейді. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» демекші, кез келген адам қателеседі. Бастысы, сол қателіктен сабақ алып, алдағы уақытта оны қайталамау. Әсіресе, бала тәрбиесіне келгенде асығыс шешім қабылдамай, дұрыс таңдау жасай білу қажет. Не көріп жатқанын, не тыңдап жүргенін бір сәт қадағалап қойған жөн.

Еліміздің жарқын болашағы – бала тәрбиесінде. Жақсы тәрбие алып, жан-жақты, алғыр, ақылды болып өскен бала ата-анасына тек жақсылығын көрсетіп, еліне қызмет етіп, туған жерінің дамуына үлкен үлесін тигізеді.  Еліміздегі орын алған қанды қақтығыстарды көргенде, көңілге қонымсыз жаңалықтарды естігенде бірден соларды жамандай бастаймыз. Ал, жақынымыз бірдеңе бүлдіріп қойса «соның кесірі, содан көргенін жасады» дейміз. Теледидар, телефон, ғаламторға жабамыз, қасындағы достары, айналадағы адамдардан көреміз. Біз сол жағдайдың алдын алуға болатын еді деп ойламаймыз. Кінәні біреуден іздейміз. Балаға жас кезінде әсер ететін құбылыстар әр түрлі болғанымен, оларды тәрбиелеуші – ата-ана. «Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болмақшы» деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, баланың жақсы жолға, я болмаса, жаман жолға түсуі отбасында алған тәрбиесіне байланысты. Отбасы баланың бойына рухани қасиеттерді сіңіретін мектеп іспетті.

  М. МҰРАТБЕКҚЫЗЫ.

Кілтсөздер:ПЕРЗЕНТ ҮНІ


ПІКІР ЖАЗУ