Шыңғысхан шыққан шың

0
1087

НАҚТЫ кезеңде өз кәсібін ашамын деген жасқа да, жасамысқа да мемлекет тарапынан қолдау зор. Елбасының қолдауымен іске асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар жастар идеясының жүзеге асуына септігін тигізуде.  Жастарға арналған сондай бірегей бағдарламаның бірі – «Zhas Projeсt» әлеуметтік жобасы.

Әлбетте, жастардың идеясы мықты, жоспары сақадай-сай болғанмен, қаржы қолбайлау болса, бизнес әлеміне еркін ену мүмкін емес. Ал «Zhas Project» жобасы  жастарға қаржылай демеушілік жасап,  жеңімпаздарға 1000000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант негізінде қаржы береді. Осы жобаға қатысып, грант иегері атанған Текелі қаласының тұрғыны Шыңғысқан  МҰХАМАДИ    көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға тегін қызмет көрсететін салон ашты.

ЖАС жоба тобының  көшбасшысы Шыңғысхан Асқарұлының   айтуынша, жоба дипломы жоқ, жұмыссыз немесе жалақысы аз, мүмкіндігі шектеулі не ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жандарды қолдауға бағытталған. Бағдарламаға  қатысу үшін 14-29 жас аралығындағы жастар жоба дайындап, бірнеше адамнан тұратын команда жасақтауы қажет екен.

– Халықаралық қайта құру және даму банкі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлесе ұйымдастыруымен жобаның жүзеге асқанына  төрт жылдай уақыт  болғанын білемін. Бүгінгі таңда  бұл жобаның қызығын көріп,  кәсібін ашып, ісін жандандырып жатқан жастар көп екендігін де естіп жүрдім. Екінші топ мүгедегі бола тұра  өзімді қоғамның бір мүшесі ретінде сезінуге, дәл осы жобаның септігі тиер деп шештім. Яғни, көп ойланып, отбасыммен ақылдаса келе жобамен толық танысып, қатысуға шешім қабылдадым. Меніңше, әр адам, мейлі ол мүгедек болсын өмірде өз жолын табуға лайықты емес пе. Шынын айтқанда, өзімді қоғамның бір мүшесі ретінде еліме бір пайдам тисе екен деймін. Сондықтан  тәуекелге бел буып, жоба бойынша 3 адамнан 5 адамға дейін команда жинадым.  Қандай шаруаны бастасаң да  ыңтаңмен беріліп атқару керек екенін, сонда оның   қайырымы  да болатынын анам жиі айтады. Нәтижесінде  жоба грантын жеңдік. Бүгінде жеке кәсібімді бастап,   жұмыссыз жүрген  7 адамды жұмысқа  қабылдап та үлгердім.  Ал жобаның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі, материалдық қиындыққа мұқтаж жандарға (көпбалалы  және аз қамтылған 1-2 топтағы мүгедектер) тегін қызмет көрсету үшін  әлеуметтік сұлулық салонын ашу еді.

Иә,  мүмкіндігі шектеулі   жандарды қолдау, түсіну қиын да болар. Дей тұрғанмен олардың  да өз әлемі бар ғой. Бұл –мүгедектердің, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың өз қаражатын үнемдеу үшін керек  әрі тиімді  жоба болды. Мақсатты  топты жоспарланған қызметтің сандық қамтуы 60-70 адам. Жоба бойынша қызметтің сипаттамасы: тегін шаш қию, тегін маникюр, педикюр, бетті тазалау. Ал қызмет алдын ала жазылған кестемен көрсетіледі.

Кей адамдар  ғимаратты жалдау, жөндеу жұмыстары, қажетті құрал-жабдықтарың бар, бұдан өзге де ірілі-ұсақты заттар үшін де өз қаражатыңды жұмсап отырсың, сонда мұның пайдасы қандай деп ойлауы мүмкін. Бұл орайда айтарым, мүмкіндігі шектеулі жандарға керегі тек мейірім  ғана. Адам қай кезде болсын рухани құндылық іздейді, тіпті кей жағдайда оған материалдық игіліктің де қажет болмауы мүмкін. Ал адамның адамға деген мейірімі, жылы сөзі мен рухани қолдауы қашанда маңызды,  – дейді  «Айя» әлеуметтік сұлулық салонының иесі Шыңғысхан Асқарұлы.

Адамның бақыты – балада демекші,  Шыңғысханның  осындай  шыңға шыққанына  анасы  Нұрсұлу да шын қуануда.  «Кез келген ата-ана баласының денсаулығы жақсы болып, дегеніне жетсе деп армандайды. Бала шағынан  аурушаң болып өссе де, үмітімізді үзбей қай кезде де  әкесі екеуміз  жанынан табылып, қамқор болып келеміз. Оның: «анашым, мен  де достарым секілді  өзімнің сүйікті ісіммен айналысқым  келеді»  деген сөзін естігенде, жүрегім сыздап сала беретін-ді. Кейінгі кезде  оның интернет желісіне кіріп, өзінің қандай кәсіппен шұғылдансам екен деген ынтасын  байқап  қалып жүрдім. Бір күні  осындай жобаға қатыссам деген ойын айтты. Мұны естіп, отбасымызбен шын қуанып қалдық.  Екі  әпкесі де бетінен қақпай, қолдау танытты.  Ана  ретіндегі арманым да ұлымның   өмірден  өз жолын тауып, қатарынан қалмай, еліне кішкене болса да көмегі тисе деп ойлаушы едім.  Адамның елге сыйлы болуының сыры оның адал еңбегінің жемісі емес пе? Қарекет етіп, ешкімге алақан жаймай, отбасына береке сыйлау нағыз ердің ісі  деп санаймын» деп ағынан жарылған  Нұрсұлу апай  ұлының  бұл ісіне ары қарай да  қолдау танытатынын айтты. Сондай-ақ, ана-жүрегі жалға алған сұлулық салоны  ғимаратын  сатып алуға демеушілік көрсететін  азаматтар  табылып жатса, үлкен істің  бастауы болар еді деген ойын  жасырып қалмады.

Қайырымдылықтың үлкен-кішісі болмайды. Анығында, шын көңілмен берілген бір жұтым су да, мұқтаж жанға ұсынған бір үзім нан да қамкөңілдің жанына ізгілік нұрын себе алса болғаны. Қоғам нарықтық заманда қатігезденіп  кетті деп күстаналағанымен адамдар арасында жақсылық жасауға асығатын жандар аз емес. Ендеше, ұлының  ісін қоштап,  Текеліден жеке ғимарат алып  берсе деген  Нұрсұлу ананың  сөзіне құлақ түрер мәрт азаматтар да  табылып қалар деген үміттеміз.

Сарби ӘЙТЕНОВА

Бөлісу:
ТегтерКӘСІП