ОҢАЙ ОЛЖАНЫ ОЙЛАҒАНДАР КӨП

1
2548

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей»,«Еңбек түбі – береке»,  «Еңбектің наны, жалқаудың жаны тәтті». Санамалап айта берсек, осы сынды халық санасына сіңісті болған бабалар сөзінің бәрі де адамды шыншылдық пен адалдыққа тәрбиелейді. Алланың ақ жолымен еңбек етіп, табан ет, маңдай теріңмен адал нәпақаңды тапқанға не жетсін, шіркін. Алайда, «заманына қарай адамы» деп, бәріне жаңа дәуір ағымы мен қоғамдық сананы кінәлап, жасап жүрген «арам» ісін ақтап алатындар да аз емес. Бүгінде біреудің қалтасындағы әмиянынан бастап, құнды заттарының қолды болуы үйреншікті әдетке айналғандай. Тіпті, жеке дүние-мүлкінің өзіне бәз біреулер ие болып, бір сәтте бар жиған-тергенінен айырылған жандарды көре-көре көз, ести-ести құлақ та үйреніп кеткен. Осыған қарап адамдардың жеңіл жолмен ақша тауып, оңай баюға деген құлшынысының күн санап артып бара жатқанын байқаймыз. Қазірде ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруді ойлап, оңай олжаға кенелуді мақсат еткендерге арнайы ұтыс ойындары да ойлап табылған. Жастар арасында «ГИВ» деген атаумен танымал батпан құйрық әрекет бастапқыда  «Вконтакте» әлеуметтік желісінде оқырманның санын арттыру үшін жасалған болса, бүгінде Instagram желісінде көз ілеспес жылдамдықпен қарыштап дамып барады. Соңғы 1-2 жыл көлемінде эстрада жұлдыздарының, желіде танымал блогер, вайнерлердің бәрі шетінен ұтыс ұйымдастырғыш болып кеткен. Әлеуметтік желіде күн сайын елді есінен тандырып, есірткідей елітіп қоятын ұтыс ойындарының түрі де, шарттары да сан түрлі. Бірі билет немесе ән жинағын сатып әлек болса, енді бірінің қойған шарты өздерінің айтуынша «тіптен жеңіл». Бар болғаны оның парақшасындағы «достарының» барлығына жазылып, тіркелсеңіз болғаны. Оның өзі аз дегенде 100 адамнан кем емес. Мұндағы мақсат та айқын – бизнесін дамытып, оқырман жинағысы келетіндердің әлеуметтік желідегі парақшасына барынша адам жинау. Қолынан телефоны түспейтін қазіргі жастар үшін бұл шарттар түкке  тұрмайды. Тіпті, үйде жұмыссыз отырған кейбір жан  осы тектес ойындарға қатысудың шеберіне айналған. Ақшалай және түрлі құнды сыйлықтармен бірге, су жаңа көлігін бәске тігіп, «бәрі де тегін» деген  жарнамамен елді еліткендердің парақшасын ойын аяқталғанша сәт сайын аңдып отырудан жалықпайды.Ойын ұйымдастырамын деп оңбай опық жегендер де, сергелдеңге түсіп сан соғып алданғандар да жоқ емес. Еске сала кетсек, ел аумағында төтенше жағдай енгізіліп, карантин жарияланғанына қарамастан әнші Ернар Айдар жалған ұтыс ойнатты деп айыпталған болатын. Әріптестерінің осындай әрекеті жарияға жар болып, былығы ашылса да, жарнамасын желіге жүктейтін елге танымалдылардың қатары әлі де сиремеді. Неге?

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ

Кілтсөздер:НЕГЕ?


1 пікір

  1. Лаззат 16 ноября, 2020 at 00:34 Ответить

    Саламатсызба?!мен феберликта жумыс жасаймын.Мен атымнан Адам кыргызейн дегенмын соган кол ушын берсеныз?