Науқасты жылы сөзбен де емдеуге болады

0
2910

Медицинаның негізгі күші саналатын медбикеле сырқаттың   сауығып, аяғына тұрып кеткеніне дейін бәйек болады. Яғни, жауапкершілік жүгінің көбі медбикеге түсетіні  белгілі. Бүгінгі мақаламыздың желісі  медицина саласында тапжылмай   35 жыл еңбек етіп келетін білікті маман, үшінші санаттағы медбике Айнагүл Бегалинова туралы өрбімек.

 Денсаулық сақтау саласының үздігі, білікті маман Айнагүл Ақашқызы  1985 жылы Талдықорған қаласындағы медициналық училищені бітірген.  Алғашқы еңбек жолын Балпық би ауылындағы Туберкулез стационарынан бастап, он жылдың ішінде өзінің қарым-қабілетін таныта жүріп Текелі қаласына ауысады. 

  Текелі қаласындағы аурухананың жүйке аурулар, одан кейін жұқпалы ауралар бөлімінде қызмет ете жүріп  өзінің  жарты өмірінің қалай  өте шықанын білмей  қалғанын айтады.

 «Алғашында қандай мамандық таңдау жайын ойламадым. Өйткені әкем кішкене кезімізден бізге  дәрігер боласыңдар деп құлағымызға сіңіріп тастаған. Екі әпкем де осы салада. Біреуі зейнетке шықты, екіншісі  зейнет  жасына жетіп қалды.

 Әкеміз малшы болған. Ол тұста  дәрігерлерге   аса мұқтаждық болды ғой. Сол үшін үш қызының да  дәрігерлік мамандықты иеленсе екен  деген арманы болса керек-ті. Үйде 10 баламыз. Әкемнің айтқанымен дәрігерлік мамандықты таңдасам да, жұмысымды қатты жақсы көремін» – деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.

Ол еңбек ете жүріп отбасылы болды, ана атанды. Бүгінде Алла берген ұлының қызығын көруде.

 «Жалғыз ұлым бар. Ендігі арманым сол ұлымның қызығын көріп, немере сүйіп,  әже атанғым келеді. Карантин тұсында үйімізге бармай, туыстарым мен баламыд бірнеше айлап көрмедім. Себебі, жұқпалы аурулар бөлімінде жүргесін тіпті қиын ғой. Ауру  жұқпасын деп барлық талапты орындадық », –  деген  Айнагүл Ақашқызы барша халықты дүр сілкіндірген коронавируспен күресте дәрігерлер  денсаулықтарына төнген қауіпке қарамастан, күні-түні аянбай еңбек еткенін айтады. «Әлі күнге індетпен күресті жүйелі жалғасуда. Алғашында елімізде науқастармен тікелей қатынаста болған дәрігерлердің басым көпшілігі вирус жұқтырып, емханалар карантинге жабылғаны баршамызға аян. Ауру жұқтыру қаупі мамандардың өзіне тікелей байланысты болды.  Жұмыс тәжірибесі жеткілікті маман өзін де, пациенттерді де қорғай алады. Шыны керек, жұмыс істеген осыншама жылда қазіргідей жағдаймен бірінші рет ұшырасып тұрмын. Адамдар түн демей, күн демей, бірінен соң бірі түседі. Ұйқы дегенді ұмыттық. Күн ара бір тәулікке шығамыз. Дем жетпей қиналған адамдар, жөтелі асқынқан адамдар. Түрлі науқастармен жұмыс жасадық. Өте қиын кезді бастан кештік. Үстіміздегі киімнің өзі ауа өткізбейді. Салмағы да біршама. Дегенмен, бұл бізге берілген сынақ деп білемін. Ел  біздің көмегімізге мұқтаж. Біз оны сезінеміз» –дейді ол.

Ойлап қарасақ, күллі байлықтың жиынтығы  ақша яки таудай үйілген алтын емес, деннің саулығы ғана. Сол себепті, басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса ем іздеп, бәріміз алдына баратын дәрігерлер қауымының қоғамдағы орны да ерекше. Ақ халатты абзал жандардың еңбектерi қандай марапатқа болса да лайық.

«Өздеріңіз білетіндей дәрігер мен медбикелер бірнеше айлап үйіне барған жоқ. Аяқтан тік  тұрып қызмет етті. Дегенмен, басшылық еңбегімізді елеп-ескерді. Үйге бармаған кезде Текелі қаласындағы»Щвейцария» мейрамханасына орналастырды. Ол жерде тамақ, қызмет бәрі жоғары деңгейде болды. Айлығымыз да еселеніп төленді. Еңбегімізді бағалап, құрмет көрсетіп жатқан жандарға алғысымды білдіргім келеді. Бұл қиын сәттен бірлігімізбен, ынтымағымызбен жеңіп шығамыз. Мен оған кәміл сенемін.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» демекші, бұл жағдайда ең алдымен спортпен шұғылданып, иммунитетті көтеретін өнімдерді пайдаланған дұрыс. Таза ауада ұзақ жүріп, жиын, басқосуларды азайтқан жөн. Кішкентай баласы бар  ата-аналарға айтарым, баланың дұрыс тамақтануына баса көңіл бөлу керек. Сақтық шараларын барынша ұстансақ, біз жеңбейтін індет жоқ деп ойлаймын. Ең бастысы ел болып күресуді тоқтаптауымыз керек. Бұл уақытша сынақ», – дейді медбике Айнагүл Ақашқызы.   

Медицина қызметкері болу адамға жарық сыйлау деген сөз іспетті. Олай болса, тек ісімен ғана емес сөзімен де  емдей білетін  Айнагүл апайымыз сияқты ақ халатты абзал жандарымыз көп болса екен деп тілейміз.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Кілтсөздер:МЕДИЦИНА


ПІКІР ЖАЗУ