«ЫМБАППАП, ЫМБАППАП, СУ ДА КЕТТІ ҚЫМБАТТАП»

0
1188

Жарықтық, жаның жәнатта болғыр, марқұм, Ұлы Отан соғысының ардагері, қаламгер, кеңестік кезең Талдықорған өз алдында облыс болып тұрғанда облыстық «Октябрь туы» газетінде қызмет атқарған Уәлихан Нұрқасымов шіліңгір шілдеде таңдайы кеуіп, сыра ішуге барса, кружкасы 25 теңге тұратын сыра, 35 теңгеге қымбаттап кетіпті. Бір сомға төрт кружка сыра ішетін едік, енді үш кружка ғана ішетін болдықдеп кейіген ағамыз: «Ымбаппап, Ымбаппап, Сыра кетті қымбаттап» деп өлеңдетіпті. Сол ағамыз айтқандай, бүгінгі қоғамда сыра да, су да қымбаттап кетті ғой. Жалпы қымбаттамаған не қалды өзі.

Бұл қымбатшылықты жоғарғы билік өкілдерінің өздері ауыздықтай алмауда. «Өзім өлейін деп жатсам, өлген әкем түсіме кіріпті» демекші, былтырдан бері әлемді шырғалаңға салған індеттен етек-жеңін жинай алмай отырған қазақстанда егістікпен айналысатын шаруашылықтар дабыл қағып, тіршілік нәрінің тарифтік бағасының көтерілуіне наразылықтарын білдірген болатын. Онсызда базарлардағы көкөністер мен дәнді-дақылдардың бағасы күн сайын құбылып тұр. Енді, шаруалар үшін егіс алқаптарын суаратын судың тарифі көтерілсе, күзге қарай, дәнді-дақылдардың бағасы тағы шарықтайтыны сөзсіз. Себеп, кеткен шығынды өнген өнімнен өндіріп алуға шаруалар жанталаса кірісетін болады. Ал, оның зардабын қарапайым халық көреді.
Алматы облысы аграрлы аймақ болғандықтан елді мекеннің бәрі шаруашылыққа тәуелді. Малмен, егістікпен күнелтіп отырғандарды қолдап, қорғайтын үкіметтің ауыл туралы сан түрлі бағдарламасы бар. Бірақ, бұл бағдарламалардың қызығын ірі шаруашылықтар көріп, ұсақ шаруалар қазанның түбіндегі қаспаққа қарап қалған. Мәселен, дау-дамай болып жатқан суға қатысты берілетін субсидияға ұсақ шаруашылықтардың қолы жете бермейді. Ертеден қаракешке дейін жер тырмалап, төрт түлік өргізген шаруалардың да шешілмей жатқан мәселелері шаш етектен. Субсидияға бірінің қолы жетсе, енді бірі ала алмай зарығып жүр. Енді бірі субсидия аламыз деп шақшадай бастары шарадай болып, несие төлеуде түрлі кедергілердің барын айтып, зар қағуда. Әсіресе, ұсақ шаруашылықтардың зар-мұңы, құлақ тұндырып бас айналдырады. Көктем шыға жер тырмалап дәнді-дақылдар егеміз дегенде егістік көлемін суаратын судың тарифтік бағасы көтеріліп шыға келді. Бұған дейін жанар-жағар май бағасына наразы болып келген шаруалар енді судың зардабын таратын болдық деп шулап жүр. Мамырдың бірінен бастап елімізде бірыңғай тариф енгізілді. Бұл тек қана егістік алқаптарына ғана қатысты емес, қаладағы, даладағы тұрғындар үшін, ауыз су тарифіде көтерілетін болады. Мәселен, Панфилов ауданының диқандары тіршілік нәрінің әрбір текше метріне 0,42 теңге емес, 0,74 теңге төлемек. Мұны тура егіс алқабын суаратын кезде естіген шаруалар судың бағасын екі есеге көтеріп жіберген қаулыға орай шу шығарып, айғайға басқан-ды.«Жоғарыда отырған шенділер шаруалармен қоян-қолтық жұмыс жасаудың орнына, белден басып, білгендерін жасай бере ме?Аяқтарына етік киіп, қолдарына кетпен ұстап, танапта жүріп көрсін! Бұл не деген масқара, бюрократтық қашан тоқтайды», – дейді олар. Баймолда Ахмет, шаруа: «Өткен жылы үш мың алты жүз елу теңгеден төлегенбіз. Ал енді биылғы тариф бойынша 6382 теңге төлейміз. Сонда екі есеге көбейді,» — деп налиды. Бұл бір ғана Жаркент өңірінің диқандарының ғана зары емес. Өңірдің барлық шаруаларына тән. Егістіктің тарифін қымбаттатып жібергенін шаруақожалықтарының иелері, Қазсушаруашылық мекемесіне барғанда қаулымен таныстырыпты. «Бізге алдын-ала ескертілген жоқ,»-деп отыр. Тарифтың көтерілуі Өмірсерік Дәулетияров сияқты азын-аулақ жері бар шағын шаруашылықтарға қиын болайын деп тұрған сыңайлы. Ол «ала жаздайғы еңбегіміз еш кете ме» деп шырылдайды.
Өмірсерік Дәулетияров, шаруа: «Жалғыз су емес, жанар-жағар май, техниканың күші барлығы жылдан- жылға көтерілуде. Ал өнімнің бағасы көтерілмейді. Енді былтырғы есеппен есептегенде шыққан шығынды ақтай алмаймыз».
Дәулетбай Құрманбайұлы, шаруа: «Дәнді-дақылды көктем шыға салысымен егеміз, күтіп-баптаймыз, суарамыз, түптейміз, оның бәрі қаражатты қажет етеді. Ал, күзде сұраған бағамызға өткізе алмаймыз. Тұқымда, жүгері де, беде де қымбаттады. Енді осыдан кейін азық-түлік тағы қымбаттайды. Үкіметтен ештеңе сұрап отырғанымыз жоқ. Күзде жүгеріні қымбаттатамыз, басқа амал жоқ».
Бозторғайдай шырылдаған шаруа-лардың сөздерінің жаны бар. Айта-айта жауыр болған су мәселесі енді тарифтік бағаға келіп тірелді. Танаптарды суаратын кезде суға жарымай қызыл-шеке болып, дауласып жүрген диқандарға қара су қалдақтың қанындай қат болып тұр. Шаруашылықтағы су мәселесі Еңбекші-қазақ, Көксу, Ескелді аудандарының шаруаларын екі ұдай күйге салуда. Суғару алқаптарындағы судың бағасы екі есе қымбаттағанына ашынған шаруалардың бірі Шелек өңірінде бас көтерген болатын. Бұл биыл ғана болып тұрған мәселе емес, әуелі көктемде судың бағасы көтеріледі, содан соң жаздың ортасында алқапқа су жетпейді. Нарықтың талабы деп «бүйректен сирақ шығаратын» су мекемелеріне «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ па?» дейді шаруалар.
Қанатбек Молдажанов, Еңбекшіқазақ ауданы ауыл тұрғыны: «Мына ауылшаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары жұмысын тастауға мәжбүр. Бізге тіршілік көзі су керек. Құлпынай пісіп жатыр. Ертеңгі күні қызанақ, қырыққабат өніп шығады. Уақытысында суғарылмаса еңбегіміз еш, тұзымыз сор болмақ. Әрі бағасы удай қымбат. Оны жаңағы шаруа қожалықтарының қалтасы көтере бермейді. Бүгінгі ұсынып тұрған баға, шаруалардың қамын күйттеген баға емес».
Талғат Нұрғайыпов, ауыл тұрғыны: «Бұл судың бағасы негізсіз қымбаттағаны былай тұрсын уақытысында жеткізіп бере алмайды. Танаптарды суғаратын уақытта қырықпышақ болып жатамыз. Уақытысында суғар-ылмағандықтан аламыз деп, жоспарлаған өнімді, ала алмаймыз. Былтыр қаншама гектар жерге егілген өнім су тапшылығынан күйіп кетті. Жылдан-жылға, су тапшылығынан өнім алу қиындап барады». Бұл – Шелек ауылындағы шаруалардың назы. Өткен жылы шаруа қожалықтары суармалы суға бір гектарға 18 мың теңге төлесе, биыл баға 33 мың теңгеге бірден көтерілген. Бағаның тым аспандап кетуіне жауапты мекеменің басшысы, Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы филиалының директоры Серікқали Мұқатаев түсінік берді.
Бізде 2018 жылға дейін басқа тариф болған. 2018 жылдан бастап Қазақстан бойынша бірыңғай тариф енгізілген. Бірақ, Шелек ауданы суды көп алғаннан соң диверсифицияланған тариф болды. Бірыңғай тариф енгізілгені барлық РГКП филиалдары шығында болды. Жаңа бағамен есептедік, бір гектарға 18-20 мың шығын кетеді екен. Ал делдалдар гектарын 35 мың теңге алып жатыр. Халық шешімге келсе, онда СПК қажеті жоқ болса, біз дайынбыз. Ол СПК-ның жұмысын біз атқарамыз. Еңбекшіқазақ ауданындағы 10 мыңнан аса шаруа қожалығына бұған дейін суармалы суды ауылшаруашылық өндірістік корпоративі жеткізіп келген. Ендігі жерде ортадағы делдалдар болмайды. Тиісінше, су бағасыда арзандау болады.
Айтулы өңірдің диқандары негізінен соя, жүгері, бидай және жоңышқа, жеміс-жидектерін егеді. Осы арада Абайдың: «Бас-басына би болған өңшең қиқым» деген сөзі ойға оралады. Қайда барсаң да желімдей жабысып делдалдар жүреді. Су саласының жұлын-жүйесіне жегі құрттай кіріп алған делдалдарда өз бағасын қойып, суды шаруаларға қалаған бағасымен сатып келген. Міне, былық пен шылықтың кесірі, дәнді-дақылдар егіп, мал өсіріп отырған шаруалардың шаруасын шатқаяқтатып отырғандардың бір парасы ортадағы делдалдар. Азық-түлік өнімдерінің қымбаттауына да осылар дәнекер болуда. «Қызды мен алсам, қызығын қырықпай көріпті» демекші, жандарын қинамай, шаруалардың азаптанып өсірген өнімдерін көтерме бағамен алып, базарларға қалауынша баға қосып, халықтың қалтасын қағып отырған делдалдарға тұсау салынбай, шаруаның да, қараша қауымның да, әл ауқаты ауырлай бермек. Су бағасының көтерілуі шикізатқа байланысты- деген «Қазсушаруашық» мекемесі, құрғақшылық алдымен диқандарға қауіпті екенін жасырмайды. Былтыр пандемия басталғанда, шаруалардың бас ауруына айналған су тапшылығы биыл тағы да алдарынан шығып тұр. Су тапшылығын тартқан шаруалардың бірі облыс орталығы Талдықорған қаласының іргесінде тұратын Еркінбек Сіләмов жылына жүгеріден 40 пен 50 центнер арасында өнім алады. Су тапшылығының салдарынан бұл көрсеткіш былтыр 36 центнерді көрсетіпті. Бүгінде шаруаның 600-ден астам суармалы жерінде, дәнді- дақылдардан арпа, бидай, соя, жүгері және қызылша мен жоңышқа себілген. Айтуынша, осының барлығына жыл сайын 2 миллион жарым текше метр су қажет екен.
«Былтыр 1 ай жарым бойы суды жөнді бермей қойды. Суға берген тапсырысымыз уақытында орындалмады. Мәселен, өткен жылы облыс әкімдігінің айтуымен суды тек қызылшаға ғана бергені болмаса, соя, жүгері секілді дәнді дақылдарымызды мардымды суғара алмадық. Соның салдарынан өнімділік өте төмен болып, қатты зиян шектік. Ал, биылғы жағдайымыз қалай болады? Оны бір құдай біледі. Әкім суғару каналдарын жасап береміз деген. Бірақ, әзірге ешқандай өзгеріс көріп отырғанымыз жоқ», – дейді Е.Сіләмов.
Шаруалар «су дұрыс берілмеді» деп назын айтса, «Қазсушаруашылық» РМК Алматы филиалының құрылымдық бөлімшесі болып табылатын Талдықорған өндірістік учаскесі жоспарды артығымен орындадық дейді. Мекеме басшысы Мырзахан Құдайбергенұлы:
Өткен жылы 189 шаруа қожалығына 44 миллион текше метр су беру жөнінде келісім шарт жасағанбыз. Алайда, біз 1 миллион 623 мыңға жоспарды артық орындадық. Мұндағы 1 текше метр судың құны – 42,1 теңгені құрайды. Иә, былтыр маусым айында су тапшылығы қатты көрінді. Бұған тауға түкен қардың аздығы және сол мезгілде күннің күрт суытып кетуі басты себеп болды. Яғни, таудағы қары ерімей тұрып алды. – дейді.
М.Әбдішев осы уақытқа дейін мұндай нәрсе болмағанын айтып, су жиналатын платинадан 2 текше метр ғана су алынғанын, кейін күн жылынған соң бұл көрсеткіш 6-ға жеткенін. Негізі, бұрын бұл платинадан 9 текше метр су шығатын. Су жеткіліксіз болғандықтан оны шаруаларға үнемдеп беруге тура келгенін. Былтыр «Шымыр» каналына (10,1 шақырым) күрделі жөндеу жұмыстары басталып, ол аяқсыз қалғанын. Тендер ұтып алған мердігер мекеме «ақша толық бөлінбеді» деген сылтауды алға тартып, құрылысты жөнді жүргізбегенін. Тек, 1,4 шықырым жерге бетон арықтар қойылды. Қалған жерлер қазылған күйде әлі жатыр. Бұдан бөлек, арықтың маңайында қиылған ағаштар тазаланбаған. Осының кесірінен қазір 2 мыңнан аса гектар егістік алқабына су беретін арық жоқ. Енді су берумен айналысатын мекеме ондағы 89 шаруаға ескерту айтып, әзірге ештеңе сеппей тұра тұруларын сұрағанын ақпарат құралдарында айтқан болатын. Су жүйесіндегі түйіні тарқатылмаған мәселелер шаруалардың жыл сайын таусылмайтын қиса-дастанына айналып барады. Әйтпесе, аграрлық сала саналатын Жетісу өңірінде бірінші шаруалардың сұранысы дер кезінде өтелуі тиіс еді.
«Бұл жайттан әкімдіктегілер де хабардар. Олар мердігер мекемені қузап, 1 мамырға дейін каналды жасатамыз деген. Дегенмен, бұлай отыра беруге болмайды деген «Қазсушаруашылығы» РМК Алматы Филиалының құрылымдық бөлімшесі болып табылатын Талдықорған өндірістік мекемесінің басшысы Мырзахан Құдайбергенұлына қоңырау шалып, «Шымыр» каналына қатысты жұмыстарды сұрап білдік. Мырзахан Құдайбергенұлының айтуынша:«Қазір каналдың маңайынан қосымша арықтар қазылып, шаруаларға су жеткізу мәселесі жандануда. Ал, канал құрылысы күзге дейін жалғасады. Қазірге тығырықтан шығудың амалы осы ғана,» – деді. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев Панфилов ауданына барып шаруалармен кеңес өткізуіне байланысты аудан әкімінің ауылшаруашылық жөніндегі орынбасары Шухарат Құрбановпен байланысқа шығып мән-жайды сұрап білдік.
– Қазіргі таңда нақты мәселе шешілді деп айту қиын. Облыс әкімдігі су жүйесіне жауапты мекемелермен байланысып, қазірге су бағасын бұрынғы бағамен ұстай тұруларын сұрауда. Ал, оның қаншалықты жүзеге асатынын бей мәлім десе,бұл хабарды естіген Талдықорған өндірістік мекемесінің басшысы егер су бағасы көтерілмесе мен жұмысшыларды ұстап тұра алмаймын. Қазір еден сыпырушалардың жалақысы 70000-теңге. Ал, біздің жұмысшылардың нақты қолына алатыны 55000 теңге сондықтан мәселе күрделі күйінде қалып тұр-деді өз сөзінде. Құдайберген Әбдішевтің айтуынша:
Талдықорған қаласына қарасты (ұзындығы 112 шақырымды құрайтын) 15 канал бар екен. Бастапқыда су арналары түгелімен бұзылып, күрделі жөндеуді барлығына біржола жасаламақ болыпты. Абырой болғанда, Талдықорған өндірістік учаскесі бұған келісімін бермей, жөндеу жұмысын шетінен біртіндеп жасауға шақырған. Егер, барлық каналдар бұзылғанда, бүгінгі жағдай мүлдем күрделене түсетін еді- дейді. Су жүйесіне қатысты, бұған дейінде шаруаларды демеп субсидиялау тәсілі жүзеге асқан-ды. Бір ғажабы бұл субсидияға Панфилов ауданның шаруалары ілікпепті. Себебін сұрғанымызда, аудан әкімінің ауылшаруашылығына жауапты орынбасарыШухарат Құрбанов: «Субсидия 40 теңгеден жоғарыларға берілді. Ал, бізде судың бағасы бұған дейін ондай бағада болған жоқ. Ал оған кіші шаруалар ілінгенбеді. Бұл мәселені «Атамекен» шешеміз деген әлі шешілген жоқ,»-деді. Түйе толғаққа салып, ұзаққа созылған, ауылшаруашылығындағы басты түйткілдердің бірі осы су мәселесі. Су жүретін каналдар мен платиналар қалыпқа келмей, диқандардыңда жұмысы бір жүйеге түспейтіні айдан анық. Ал, қалпына келтіреміз деп, салынып жатқан каналдардың іске асу мерзімі, орта жолдан тоқтап қалуы, айғай-шу аттаннан кейін қайта жалғасуы жақсылық емес әрине. Жылдан-жылға экологиялық ахуалдың ушығып тұрғаны тағы бар. Мәселен, көрші Жамбыл облысының диқандары судың басты көзін көрші Қырғыз мемлекетінен алады. Көңілі түсе су беріп, түспесе бұрып ала қоятын айырқалпақты ағайындарға жаутаңдап тараздық диқандар жүр. Ал, Алматы облысы көрші Қытай Мемлекеті-мен шекетесіп жатқандықтан, Іле өзеннің басында отырған аспан асты елі трансшекаралық өзендер мәселесін айта бермейді.
Жуықта ғана Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтының Орталық Азияны зерттеу бөлімінің директоры, аға ғылыми қызметкері Чжаң Нин Қытайдағы қолданушысы ең көп «Басты жаңалықтар» (Toutiao) мобильді қосымшасына Қазақстанның трансшекаралық өзендер мәселесі бойынша алаңдаушылық білдіріп отырғаны туралы жазба салыпты. Онда, Қазақстан тараптың, әсіресе депутаттардың осы мәселеге байланысты алаңдаушылық білдіріп отырғанын айтыпты, сосын Қазақстан-Қытай арасында 2001 жылы қыркүйекте келісім жасалып, арнайы комиссия құрылғанын, 2015 жылдан бері трансшекаралық өзендер бойынша квота мәселесі үнемі қаперде ұсталып келе жатқанын айтыпты.
Ол осы мәселе бойынша, Қытайлық ғалымдардың негізгі көзқарасында тілге тиек еткен:
Біріншіден, Қазақстанда су ресурстары тапшы емес. Қазақстанның шығыс бөлігінде су тапшылығының байқалуына суды үнемдеп пайдаланбау себеп. Қуаң жерде егінді көлдетіп суаруға қанша су болса да жетпейді.
Екіншіден, ШҰБАР аумағындағы су жүргізу жобалары судың табиғи көбейген бөлігін пайдалануға арналған, аяққы ағысқа жіберілетін судың тарихи орташа мөлшері азайған жоқ, 10 миллиард текше метр су ағып кетіп жатыр.
Үшіншіден, су ресурстарын бөліске салғанда, алаптың жалпы экологиялық ортасын ескерумен бірге, жан басына шаққандағы су шығынын да есептеу керек-депті.
Қытайлар, Іле бойынан өте көп СЭС мен су қоймаларын салып, Іленің суы Шихоға дейін жетіп, жер астымен әкетіліп жатыр-деген ақпаратта тарады. Ал,Қазақстан шекрасындағы Іле өзенің суы екі есеге азайып кеткені айтылуда. Демек, тіршілік нәрі су мәселесінің маңызы күн сайын артып келеді. Суғармалы алқаптарды жүйелеп, ауылшаруашылық саласы жаппай тамшылатып суғару жүйесіне көшпесе тау сағаларынан бастау алып, өзен-көлдерге құятын көл-көсір су сарқылып баратқан барша аян. Қашанғы табиғатқа телміріп, тау мұздықтарының еруіне жалтақтап отырамыз. Су қоймаларындағы судыда ысырап етпей, етек-жеңді жинап, үнемшілдікке бармаса ауылшаруашылығы аяғына жем түскен жылқыдай ақсай береді. Алматы облысында ауылшарушылық жерлерді сурару мұздықтардың еруіне байланысты деген мамандардың пікіріне құлақ түрсек, тау мұздақтары ерігенде су мәселесі толық шешіледі екен. Оның өзі Бартоғай су қоймасына жиналатын көрінеді. Бұл Еңбекші ауданындағы суармалы 32,3 мың га және Шелектегі 14,6 мың гектар жерге қатысты су тапшылығына қарай айтылған факті. Ал, жоғарыда су бағасына қатысты наздарын айтқан, Панфилов ауданның шаруалары Өсек, Тышқан, Қорғас, Бурақожыр, Шежін өзендеріне келетін суға тәуелді. Мәселен, Өсек өзеннен 17 мың гектар, Тышқаннан 5 мың, Қорғастан 15 мың гектар алқап суғарылады екен. Дала аруы жүгерімен айналысатын ауданда 26 2 5 гектар жерге жүгері дақылы егілген. Ауданда 17000 гектар жер тамшылатып, және жаңбырлатып сурару әдісіне көшкен. Келер жылы тағы 7000 гектар жер осы тәсілмен сурарылмақ. Қытай, ғалымының қазақстанға қатысты суды үнемдеп пайдаланбауға қатысты айтқан сөзініңде жаны бар сияқты. Заманауи технологиялара игере отырып су жүйесіне толықтай реформа жасалынбай, тау мұздақтары мен өзген көлдерге құйылатын суларға күні қарап қалған шаруалардың кеудедегі шері шеменге айналып кетуі заңдылық. Себебі, Жылдан –жылға өзен-көлдердің арналары тарылып, судың көлемі төмендеп бара жатқаны мамандардың өздері айтуда. Жылдың мезгіліне қарасақ, қыстың көзі қырауда қар бірде қалың бірде жұқа түседі. Сол кезде таудағы мұздақтарға қарап күнеліп отырған шаруалардың күйі не болмақ. Одан, қалса ауа-райын бағып, жаңбыр жауаса асытық болып, болмаса қуаңшылыққа ұрынатын кездерде аз емес. Демек, суармалы жерлерді кезекпен суғарып жүрген шарулардың да айтатын уәжі бар. Судың басында отырғандар, суға қанып, аяғында отырғандарға су жеткенше алқаптары қурап кететін жиі айтады. Демек, тамшылатып суару жүйесіне толықтай көшпейінше, ескі советтік кезеңдегі үрдіспен ауылшаруашылығы ұзаққа бармайды.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ