ЭКМО құрылғысын қолданып өкпесі 100 пайыз қабынған келіншекті емдеп шықты

0
1148

 Алматы облысының дәрігерлері қос  өкпесі бірдей қабынған науқасты алғаш рет ЭКМО аппаратына қосып, емдеп шықты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығымен Талдықорған облыстық ауруханасының, кардиологиялық, перинаталдық орталықтардың, Талдықорған қаласындағы көпсалалы аурухананың мамандары бірігіп Covid-19-ды жұқтырып өкпесі 90-100 пайызға зақымданған төртінші әйелді аман есен құтқарып қалды.

Жүкті Б. 2021 жылдың 20 сәуірінде Алакөл аудандық ауруханасына жатқызылды. Облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Қанат Жұмашев Алакөлге барып ауыраяқты келіншектің жағдайын көрген бойда  шұғыл  түрде босандырып алды.
3А деңгейінде өте ауыр жағдайда қос өкпесіне 100 пайыз зақым келтірген COVID ассоциацияланған пневмония диагнозындағы науқас санавиация арқылы Талдықорған облыстық ауруханасына жеткізілді.
Нұрсұлтан қаласындағы Ахуалдық орталығымен кеңесе келе Талдықорғандағы төрт аурухана дәрігерлерінің консилиумынан кейін
әйелді денсаулығына байланысты науқастың өкпесін уақытша ауыстыратын экстракорпоральді мембранды оксигенация (ЭКМО ) аппаратына қосу туралы шешім қабылдады.
Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Лейла Серікбаеваның айтуынша, бұл – Алматы облысы бойынша ЭКМО аппаратына қосылып, коронавирустық инфекциядан өкпесі 100 пайыз қабынып, қалпына келген алғашқы науқас.
«Бұл – облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен Талдықорған дәрігерлерінің коронавирустық инфекциямен ауырған науқастарға қарқынды терапия көрсету жөніндегі бірлескен жемісті жұмыстың нәтижесі деуге әбден болады. Бүгін, міне, ол аман есен үйіне оралуда. Оның ары қарайғы жағдайын Алакөл аудандық орталық ауруханасының дәрігерлері бақылап, назарда ұстайтын болады», – деді ол.
Ал, Талдықорған облыстық ауруханасының директоры Анарбек Монгол ЭКМО аппаратын қолдана отырып, реанимациялық шараларды өткізу медициналық қызметкерлерден жоғары кәсіби деңгейді, үлкен күш-жігерді талап ететіндігін  айтады.  Сонімен бірге ол: «Реаниматологтар, пульмонологтар, кардиологтар екі ай бойы науқастың өмірі үшін күресті. Ол бізге 24 сәуірде түскен болатын. Науқас ЭКМО аппаратына 34 күн қосулы жатты. Бүгін, 2021 жылдың 25 маусымында ол аурханадан аман есен шығарылып, Алакөл аудандық орталық ауруханасына табысталып, тұрғылықты жері бойынша одан әрі емін жалғастырады» – дейді. 

Облыстық кардиологиялық орталықтың директоры Нұрсан Сұрашевтың сөзінше, науқастың жанын аман сақтап қалуда Талдықорғандағы төрт бірдей аурухананың дәрігерлері жұмылып үлкен жұмыс атқарды. – Экстракорпоральды мембраналық оксигенация – бұл вирустық пневмонияда, ауыр жүрек жеткіліксіздігінде, жүрек пен өкпені трансплантациялауда қолданылатын жоғары технология. Аппараттың арнайы сорғышы қанды айдау үшін жүректің жұмысын қабылдайды, ал мембраналық оксигенатор өкпенің газ алмасуын орындайды. ЭКМО аппараты адамның өмірлік функцияларын бірнеше апта бойы сақтауға мүмкіндік береді. Бір сөзбен айтқанда, бұл – өкпе мен жүректің уақытша функционалды ауыстырылуы. Бірақ бірде-бір құрылғы жоғары білікті мамандарсыз жұмыс істемейді. Солардың арқасында тағы бір жан ажалдан аман қалды.
Үрейге толы қиын күндер артта қалғанымен, дерттен толық сауығып кетуде емдеудің тағы бір – оңалту кезеңі тұрды. Тыныс алу аппаратында ұзақ уақыт жатып, ЭКМО қолданғаннан кейін науқасты өздігінен қайта тыныс алуға, қозғалуға, жүруге үйрету қажет болғандықтан, ол оңалтудың алғашқы кезеңін Талдықорған облыстық ауруханасының жансақтау бөлімінде жалғастырды.
Бүгін, 2021 жылдың 25 маусымында науқас санавиация арқылы үйіне жолға шықты. Оның ары қарайғы жағдайы аудандық орталық аурухана дәрігерлерінің жіті назарында болады.
Науқасты үйіне шығарып салуда оны осындай жағдайға жеткізіп, емдеуге тікелей қатысқан төрт бірдей аурухананың басшылары мен дәрігерлері келіп, қуанышты күнге ортақтасты.

Өзіне екінші мәрте өмір сыйлауда күн-түн демей екі ай бойы күрескен бүгінгі күннің батырларына науқас жылы лебізін білдірді.
«Ақ халатты абзал жандардың батыл әрекетінің арқасында аман қалдым десем болады» – деген ол өзіне көмек қолын созған медициналық ұйымның басшыларына, дәрігерлерге, медбикелер мен кіші қызметкерлерге шынайы алғысын жаудырды. Осы орайда науқастың ата-анасы да ақ тілегін айтты. «Әр науқастың жаны үшін өз өмірін бәйгеге тіккен дәрігерлер бейбіт күннің батыры әрі еліміздің мақтанышы», – деген аяулы ана олардың адам өмірін сақтап қалудағы ерен еңбектеріне басын иіп, ақ батасын берді.
Өз кезегінде Талдықорған және Алакөл аудандық ауруханаларының басшылары: «Науқас толық жазылып біткенше бақылауымызда болады» – деп сендірді.
Науқас толық қалпына келген соң емдеудің екінші оңалту кезеңін Алакөл аудандық орталық ауруханасында өтетін болады.
Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханалардың басшылары науқасқа құрмет көрсете отырып, үйіне шығарып салды. Өз кезегінде олар өздерімен бірге оның да тажал дертіне төтеп беруде аса шыдамдылық танытып, күрескеніне алғыс білдірді.

Талдықорған қаласындағы облыстық
аурухананың баспасөз қызметі.


ПІКІР ЖАЗУ