Электроретинограф аппараты сатып алынды

0
848

Талдықорған қаласындағы облыстық аурухана  көз мүгедектері  үшін ең соңғы үлгідегі  электроретинограф  аппаратын  сатып алды.

Алматы  облыстық  «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлікен Дәркембаевтың айтуынша, Алматы облысы бойынша  бірлестікте тіркелген  1-2 топтағы көз мүгедектерінің саны  1500-ге жуық. Сол  мүмкіндігі шектеулі жандардың   мүгедектікті  алуы   үшін  Алматы қаласына барып  толық тексеруден  өтуі  керек екен. Бірақ, олардың  қаражаты жетпей, қалталары көтермейтіндіктен, осы  мәселені алға тартып, бірлестікке өтінішерін білдіріпті.

«Еліміз бойынша электроретинограф аппараты Алматы қаласында ғана бар. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өтінішімен бір жарым жылдай жүгірдік.  Облыс әкімдігіне, облыстық  денсаулық сақтау  басқармасы мен аурухана басшыларына  мәселемізді   шешіп берулерін сұрағанбыз. Айтылған сөз   жерде қалмай, нәтижесін берді. Басшылық тарапы берген  уәделерінде  тұрды.  Аурухананың бас дәрігері Анарбек Монголханұлы  айтқандай,  бұл –  соңғы үлгідегі,  республика бойынша  нөмір бірінші  аппарат  болып табылады. Облыс орталығы Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханада  осындай жаңа үлгідегі аппараттың қойылып отырғанына  қуаныштымыз.  Осы іске үлесін қосқандарға,  әсіресе,  аурухана басшысы Анарбек Монголға бірлестік атынан шынайы алғысымызды білдіреміз» – деп ағынан жарылды Әлікен Әділбекұлы.

Аурухана басшысы А. Монголдың сөзіне жүгінсек, «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің  ұсынысы  бойынша  ауруханаға  осындай   құрылғы  алу керек деген хат түскен. Өткен жылғы бюджеттен үнемдеу жасалынып,  18 млн. теңгеге  ең соңғы  үлгідегі электроретинограф  аппараты   сатып алыныпты. Ендігіде, қоғамдық бірлестікте тіркеуде тұрған 1-2 топтағы көз мүгедектері,  көз ауруына  шалдыққан   науқастар үшін  осы аппарат арқылы  қызмет көрсетілмек.  Бұл құрылғымен жұмыс істейтін маман, аурухананың  офтальмолог-дәрігері  Индира Хамитова  да  арнайы дайындық курсынан өтіпті. Көз дәрігерінің  жаңа аппарат арқылы басталған жұмысының  алғашқы  күнінде  өңірімізден келген 10 адам толық тексеруден өтті.

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.

Сурет ғаламтордан алынды.

 


ПІКІР ЖАЗУ