Қайырымдылық керуені Талдықорғанда

0
1886

Талдықорған қаласындағы орталық «Иман» мешітінде 500 отбасына көмек көрсетілді. Елдегі төтенше жағдайға байланысты ұйымдастырылған  игі шараға «Daco Motors» компаниясы мен «Alem Fighters» спорт мектебінің өкілдері демеушілік жасаған. Олар көпбалалы аналар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына азық-түлік салынған қораптар таратты.

Осы уақыт аралығында 8 мыңнан аса азық-түлік қорабы үлестірілген. Оның 6 мыңы Алматы қаласында таратылса, 2 мың қорап өңірдегі көмекке мұқтаж жандарға берілмек. Шараны ұйымдастыруға атсалысқандардың бірі танымал спортшы Ардақ Назаров алдымен жиналған жұртты қасиетті мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– Ел жанашырлары мен қайырымды жандар бар, бәріміз жұдырықтай жұмылып осы бір қиын-қыстау кезеңді де еңсереміз деген ойдамын. Бұл істі алғаш бастағаннан бері көмекке мұқтаж жандардан 87 мыңнан астам хат келді. Елде болып жатқан жағдайларға байланысты түрлі қиындықтар да туындап жатыр. Сол себепті, жәрдемді қажет ететін жандарға аз да болса қолдау көрсету мақсатымен осы шараны бастадық,– дейді ол. «Жақсылық жәшігін жолдаймыз» атты акция аясында жалпысы 100 миллиондай қаржы жиналып, 260 тонна азық-түлік дайындалған. Аталған қайырымдылық жұмысына халық арасынан қаржылай  үлестерін қосқан азаматтар да бар екен.

Бастаманы қолға алып, ақшалай көмек жинай бастағанда халықтан түскен ең көп сома 1 миллион 300 мың теңгені құраса, ең азы 77 теңге еді. Осылайша жиналған 71 миллион теңге қаражаттың тек 20 пайызы біздің компанияның үлесінде болса, қалған қаржы қарапайым жұртшылықтан аударылды. Сондықтан, арамызда ел басына күн туған шақта көмек көрсетуден аянбайтын мейірімді жандар өте көп деп ойлаймын,– дейді «Daco Motors» компаниясының директоры Сырымбек Тауұлы.

Өз кезегінде ҚМДБ Талдықорған өңірі бойынша бас имамы Ардақ Оразбаев сөз алып, қайырымдылық жұмысына ризашылығын білдірді.

– «Осындай ізгілікті істер мен кең жүректі азаматтар елімізде көп болған сайын мұқтаж жандар да қалмас еді. Сондықтан қысыл-таяң тұста бір-бірімізге қолдау көрсетуден аянбайық»,– деді ол.

Шараға Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов қатысып, игі бастаманы ұйымдастырушыларға өңір тұрғындары атынан алғысын жеткізді.

Л.КӘЛІМХАН.

 

Кілтсөздер:#BizBirgemiz


ПІКІР ЖАЗУ