ҚОРДАҒЫНЫ ҚОЛҒА ҰСТАТА ҚОЙМАЙДЫ

0
1347

Зейнетақы қоры ­­– аузы буылған қап сынды. Аты өзіңдікі болғанымен, заты – үкіметтікі. Қаласаң да, қаламасаң да жалақыңнан жырып әкеп әр ай сайын қапқа жинайды. Қыпшақ ақыны Саиф Сараи «Бейнет көрмегенге зейнет те жоқ» дегені бар. Бірақ біздің жағдайда бейнет көрсең де зейнетақыңды алдыңа төгіп, қордағыны қолға ұстата қоймайды. «Заман қалай өзгереді, заң қалай бұлтарады, біз зейнетке жеткенше кім бар, кім жоқ» деп жұрттың дегбірі қашқаны рас. Зейнет жасын ұзартқан сайын тірнектеп жиғаным тістегеннің аузында кете ме деп алаңдағаны тағы өтірік емес.

Сөйтіп жүргенде билік тарапы үміт беріп, қордағы ақшаны мерзімінен бұрын мақсатты пайдалануға береміз бе, жоқ па деген сауалды талқыға салды. Тоқ етерін Президент Қ. Тоқаев мырза былтыр қыркүйек айында айтты: «Үкіметке жыл соңына дейін жұмыс істейтін азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін, мысалы үй сатып алу немесе білім алу үшін мақсатты пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырамын». Бұл хабарды естіген ел құлағы елең етті. Үйсіз жүрген жұрт «Басыма баспанамды қалқитатын болдым» деп дәмеленсе, балтыр сыздап, басы ауырған ел дертімнен айығатын болдым деп бір қуанды.
2021 жылдың 2 қаңтар күні Мемлекет басшысы арнайы заңға қол қойды. БЖЗҚ мен «Отбасы» банк (бұрынғы «Тұрғын үй құрылыс» жинақ банкі – ред.) келісімшарт жасасып салымшының жиналған ақшасына баспанамен қамтуды көздеді. Қартыққа жиған ақшасын жастықта жаратқысы келгендер көп. Көптігі сонша, бір мезет ішінде банктің де, қордың да базасы қиналып, қызмет көрсету, өтініш беру жұмыстарын кешеуілдеткені бар. Жинағыңыз шекті сомадан асса болғаны, баспана алуға немесе ипотекалық несиені жабуға мүмкіндік бар деген. Осы бір тармақтың өзінде талап күшті. Түсте айтылған «жарлыққа» кешке барып құжат өткізген елдің көңілі су сепкендей басылды. Бізден алған ақшаның берілуі оңай шаруа емес болып шықты. Енгізілген бұл заңнама дәулеті төмен халықтың оң жамбасыман келмейтіндей дерсіз. Мәжіліс депутаттары тарапынан шекті соманың мөлшері азайтылса деген ұсыныс айтылды. Алайда, оған пысқырып қараған ешкім жоқ.
Тиісті мақсатта пайдалану үшін шотта шекті сома қалуы шарт. Ол әр жастағы адам үшін әртүрлі. Алдын ала есептеулерге сай 20 жастағы салымшының «жеткілікті шегі» 1,72 млн. теңге. 30 жаста болсаңыз салымыңыз -2,5 млн. 40 жаста – 3,4 млн. 50 жаста – 4,5 млн. теңгеден асуы шарт. Осы сомадан қалғанын азаматтар қажеттіліктеріне жұмсай алады. Мұндай мүмкіндікті қарастыруға ел ішінде 721 мың ғана қазақстандық мүдделі болып щықты. Яғни, жалпы сомасы 1,4 трлн.теңгені құрайды. Статистикалық мәлімет бойынша, Алматы, Маңғыстау облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары алғашқы үштіктен көрінді: олар жеткілікті шектен жоғары зейнетақы жинақтарына ие екен. Көш бастап тұрған Алматы облысының жалпы жинақ қоры 658 млрд.теңге.
Бөркін аспанға атып, басыма пана табатын болдым деп қуанғандардың бұл мәселе бас ауруын қоздырды. Заң қабылдана салысымен үй бағасы шарқ ұрды. Қорында жинағы бар адамның осы күнге дейін баспанасыз жүруі мүмкін емес. Бірі Есілдің сол жағалауынан қоныс іздесе, енді бірі Көктөбе баурайындағы көпқабаттыны көксейді. Бұл жағдайда әлбетте, сұраныс артқан соң бағаның да аяғын аспаннан бір-ақ келтіреді. Сарапша мамандар пікірінше, сәуір айында баға тұрақтылығы орын алады. Тұрғын үйге жаппай сұраныс арттырмай, үй жайды асықпай-ақ іздестіруге болатындығын айтады. «Қолыңнан келсе қонышынан бас» демекші, қолда тұрған қаржым қорға қайта кете ме деген ел асықпағанда қайтсін?
Әу баста жинақ қаржысын мақсатты түрде үш бағытта жұмсауға болатынын атап көрсеткенімен, кейінірек «білім алу үшін» деген пунктті тізімнен сызып тастады.
Ал, ем қабылдау жайы не болмақ? Қазақта «Ұста көрінсе таға тозады, бақсы көрінсе ауру қозады» деген сөз бар. Індет кезінде денсаулықтан артық байлық жоқ екеніне елдің көзі әбден жетті. Баспананы қажет қылмағандар ем-дом алу мақсатында жаратпақ. Осы екі ортада «Таныс клиникадан түбіртек алып, ақша аудартсаң кейін ақшаны бөлісіп алуға болады» деп жұртты адал жолынан тайдыра бастағандар да бар. Алайда, басқа мәселе емес, ақша беретін кезде мемлекеттің мұндай ағаттыққа жол беріп қарап отыруы мүмкін емес. Алаяқтардың арбауына түсіп қалмасаңыз болғаны.
Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тізімде құны аса қымбат тұратын офтольмологиялық оталар, экстра-корпаральді ұрықтандыру, операциядан кейінгі тыртықтар мен косметологиялық сипаттағы туабітті ақауларды емдеу, стоматологиялық процедуралар бар. Сондай-ақ, салымшылар ел ішіндегі сауықтыру санаторийінде ем алуға құқығы бар. Бір қызығы мамандар аталған тізімде кейбір оталар онсыз да мемлекет тарапынан тегін жасалып келгендігін айтып қалды. Мінбердегілер бұл мәселеде «Кезек күттіруге келмейтін шұғыл оталарға жұмсауға рұқсат. Тегін жолдамада ұзақ уақыт жоғалтуы мүмкін» дегенді алға тартады. Айта кетейік, емделу мақсатында жұмсалатын қаржының қажетті бөлігі ғана салымшыға беріледі. Қолына жинақтағы қаражаттың жартысын ұстата салу деген жоқ. Онымен қоймай, ем алушы жұмсаған қаржысынан 10% салық төлейді-міс.
Зейнетақы қорындағы ақшаны алу туралы бастама өз қаржымызды өзіміз басқара алатын деңгейге жеткенімізді аңғартты. Қордағы жинақты қаржы ұйымдарына құйып, еселеп табыс табуға болады екен деген сыбыс бар. Экономика тілімен айтқанда, «акционер» атанып, алшаң басуға болады. Бұл жөнінде мардымды мәлімет айтылмаған соң, мүйіз сұраймын деп сақалынан айырылған тоқал ешкінің күйін кешіп қалмайын деп сұрау салмай отырғандар көп.
Әлемнің көптеген мемлекетінде зейнет жасы 65 жас болып саналады. Ал, ең жоғарғы зейнетке шығу жасы – 70 жас деп көзделуде. Біздегі ерлердің зейнет жасы — 63, ал әйелдерге – 60 жас деп межеленген. 2015 жылы зейнетақы заңнамасы өзгертілгелі бері әйелдің зейнет жас мөлшері 2018 жылдан бастап кезең-кезеңмен 6 ай сайын ұлғайтылып келеді.
Қазақстанда 11 млн.тұрғынның зейнетақы шоты бар. Шамамен жинақ қоры 12,4 трлн.теңгені құрайды. Бұл қаражатқа Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі кепілдік береді. Демек, қордағы ақшаның мөлшері өспесе де толығымен жоғалып кетпейтініне кәміл сенуге болады деген сөз.

Д.БЕРЕКЕТ.


ПІКІР ЖАЗУ