Өнегелі ісімен үлгі болған…

0
2363

 Тарих қойнауына көз жүгіртсек  отбасы, ошақ қасында бала-шағасына, ағайын-туысына ғана қамқор болып қоймай, дүйім халыққа еңбегі сіңген аналарымыз аз емес.  Солардың  бірі – еңбегімен есімі елге танылып, қоғамда өзіндік орнын қалыптастырған Бижамал РАМАЗАНОВА.

Қаршадайынан халқына қалтқысыз қызмет етіп келген қайраткердің ғұмыры – бүгінгі ұрпаққа  өнеге десек  болады.  Жер жәннаты Жетісудың тумасы    Ақсу ауданына қарасты  Қызылағаш топырағында дүниеге келген. Жастайынан білімге құштар болған Бижамал апа  еңбекқорлығымен дараланып, ауыл мектебін үздік бітіріп, қысқа мерзімді педагогика курсында оқыды. Алғаш еңбек жолын мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндерге әріп үйретуден бастап,  Түрген педагогика училищесі жанындағы мектеп мұғалімдерін даярлайтын курсты аяқтап, ұстаздық жолын жалғастырды. Жоғары білімін шыңдай түсуді мақсат еткен жас маман кейіннен Алматы қаласындағы мұғалімдер институтын, Абай атындағы педагогика инс-титутын тамамдады. Ұстаздық ете жүріп қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысты. Ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында  лауазымды басшылардың назарына ілігіп, комсомол ұйымдарына жұмысқа тартылды.

Алғашқыда  Талдықорған облыстық комсомол комитеттерінің нұсқаушысы, кейін Қаратал  аудандық, Талдықорған қалалық және облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет жасады. Жауапкершілігі мол қызметті абыроймен атқара білген маман кейіннен Талдықорған қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, одан соң Талдықорған облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары міндетін иеленді. Осы өңірдің өндірісін өркендетуге, мәдениетін дамытуға, халқының тұрмысын жақсартуға өлшеусіз үлес қосқан Бижамал Рамазанқызы салиқалы еңбегі үшін талайдың құрметіне бөленген  де еді. Қазақтың біртуар тұлғасы Дінмұхамет Қонаев мемлекет басқарған тұста Бижамал Рамазанқызы Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы, Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының хатшысы міндетін атқарып, мемлекет және қоғам қайраткері ретінде танылды.

Жалпы, ғалым апаның  көзі мен тәрбиесін көргендер оның байсалды, қарапайым, зиялы әрі білімді адам болғанын тілге тиек етеді. Солардың бірі талай жылдан  бері газетіміздің тұрақты оқырманы, «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісінің иегері,   зейнеткер Шаймұрат Шаяхметов  ағамыз   өткен күндердің еншісіндегі басынан өткен бір  оқиғаны баяндап берді.

 «Жүйткіген уақытқа шара бар ма?!  Ол тұстарда  Ақсу ауданының  Қызылтаң совхозында Бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болып қызмет еттім.  Бұл 1963 жыл еді. Сол жылы  елімізде алғаш телевидение ашылып,  біздің ауылдағы жастардан құрылған көркемөнерпаздар  оркестрі  концерт беруге арнайы шақырылды. Сөйтіп, Қызылтаң ауылының директоры Қарабек Заманов    бастап, Жоғары Кеңестің  депутаты Сайлаубек және мен Алматыға жолға шықтық. Концерт беруге келсек те оркестрдегілердің  үстінде  телевидениеге  түсуге жөні түзу   киімі болмады.  Содан  есіме Бижамал Рамазанова  түсті. Сол жылдарда ол   Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының хатшысы болып сайланған болатын. Сөйтіп, тәтемізді   жұмыс орнына арнайы іздеп бардым. Қолымдағы партбилетімді көрген күзетшілер мені бірден кіргізді. Осылайша тәтемізге  бар жағдайды түсіндіріп айттым. Ол сөзге келмей бірден Қазақконцертке хабарласты. Телефон тұтқасын көтерген адамға: «Ақсу ауданы Қызылтаң совхозына қарасты Ойтоған ауылынан келген көркемөнерпаздар оркестріне концерт беру үшін арнайы киім керек, оркестрдегі 17 ер мен қыз баланың киімін беріңдер»  деп  тапсырма берді. Бұл мәселе шешілген соң, қазақбайшылыққа салынып  ауылдағы клубқа қажетті дүниелер  қажет екенін айтып едім бұл мәселем де шешілетін болды.  Алматыдан шыға берістегі  70 разъезде  арнайы қойма  меңгерушісіне  телефон арқылы хабарласып, барлық мәселені тізіп айтып, тапсырма берді. Сөйтіп, оркестрдегілер концерт беретін сахна киімін алды. Мен болсам  Алматыдан шыға берістегі  70 разъездегі арнайы қоймаға бардым. Осылай, әлгі жерден қолымыз жетпей жүрген қажетті заттар:  малшыларға  керек  ер тоқым, радиоқабылдағыш, кілем дейсің бе бәрін сатып алдым. Бұл орайда не айтқым келді.  Алдына барған  адамды  жылы қабақпен қарсы алып, айтқан мәселені байыппен тыңдап қана қоймай, оның шешілуіне мұрындық болып, қолұшын беруінің  өзі  Бижамал Рамазанованың   қандай басшы болғанын көрсетеді. Шынында да, ол  нағыз  елге ұйытқы бола білген,   қазақтың қайраткер қыздарының қатарын толықтырған ғибратты ғұмыр иесі бола білді.  Өзінің іскерлігімен, ұстаздығымен, дипломаттығымен  ел мақтанышына  айналған жан деп танимын мен оны.  Өмірден өтсе де, оның  жасаған жарқын істері  ел    жүрегінде мәңгі сақталады» – деп өткенді  еске түсірген  Шаймұрат ағаның  жанары  жасқа тұнып сала берді…

Сөз соңын Бижамал Рамазанованың  бір сұхбатында айтқан өз сөзімен аяқтауды жөн көрдік:  «Мен өзімнің өміріме дән ризамын, өзімді бақытты жандардың бірімін деп есептеймін. Менің ең үлкен бақытым – халқымның осы азат күнге жеткенін, өсіп-өркендегенін көргенім. Қазағымның қайғысына да, қуанышына да ортақтас болып, елімнің болашағы үшін теңіздің тамшысындай болса да, еңбегіммен үлес қосқаным үшін бақыттымын. Елбасымыз қашанда бір-бірімізбен тату болайық, қазақша сөйлейік, білімімізді тереңдетейік деп айтып келеді ғой. Мемлекет басшысына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Біз, аға ұрпақ, жастарға сын айта бермей, қолдау көрсетуге тиіспіз. Біздің сенеріміз, алдымен, Алла болса, екінші – жастарымыз. Ең кереметі – қазіргі біздің жастарымызда еркіндік бар».

Дайындаған С. ӘЙТЕНОВА.


ПІКІР ЖАЗУ