Жақсы кісі

190

Ел оны жақсы дәрігер, жақсы басшы десе, мен жақсы кісі дер едім. Қазіргі алмағайып заманда жақсы кісілер қарасын көп кезіктіре бермейтіндіктен, арамызда осындай жандардың барына риясыз қуанасың.

Шын мәнісінде, мені оның «алтын қолды» дәрігерлігінен бұрын кісілігі мен кішілігі тәнті етті. Сондықтан да болар жақсы кісіні бұрыннан жақсы танитындай күйде жүресің үнемі. Ал, жақсы кісі туралы жақсы сөз жазудың өзі бір жағымды әсер қалдырады ғой. Сол жақсы сөз – миының қатпар-қатпарына дейін медицина ұғымдары ұялаған жанның төл мерекесі тұсында айтылса нұр үстіне нұр емес пе?!
Мақаламызға арқау болған жақсы кісі – Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханасына алғаш 2006 жылдың 15 тамызында табан тіреді. Алматыдағы С. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің емдеу факультетін бітіріп, жолдамамен келген жас маманды сол кездегі аурухананың бас дәрігері болған Маралбек Біліспекұлы қызметке алады. Интернатураны хирургия бөлімі бойынша тәмамдағаны- мен орын болмай, білікті маман Мандат Есенғараұлымен ақылдаса келе травматология бөліміне орнығады. Өзі жақсы адамға мың кісілік орын бар деген осындайда айтылса керек-ті. Сөйтіп, жақсы кісі кездескен кедергі қиындықтарға қарамастан травматология бөлімінен өз орнын табады. Оның өзі айтқанындай, 2007 жылы жарақат бойынша біріншілік мамандандыру курсынан өтіп, сол уақыттан бастап травматологияға деген қызығушылығы оянады. Науқасқа ота жасай отырып, аяғынан тік тұрғызу, әрі алғысын алудан артық бақыт жоқ екенін де осы мамандықтың қыр-сырына үңілу арқылы сезінген. Алайда бұл кезеңде травматология бөлімінде жаңа технологиялар енбеген еді. Десе де 2010 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасының сол кездегі басшысы болған Маралбек Мейірбеков, аурухананың бас дәрігері Тұрлыбек Жоламанұлы және бас травматолог ретінде өзі бастап халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырады. Бұл жиынға әлемнің 25 мемлекетінен 250-ден аса травматолог келіпті. Жақсы кісінің сөзінше, мұндай конференцияны ұйымдастырудың басты себебі өңірдегі травматологиялық қызметті республикалық көлемде ғана емес, халықаралық деңгейде таныту, жетістіктерді көрсету және тәжірибе алмасу болатын. Жаңа технологиялық операцяларды жасауда жарақат бөлімі ел бойынша бірінші орынға шыққанын мақтанышпен айтты ол. Осылайша, травматология бөліміне қарқынды түрде жаңа емдеу технологиялары енгізілген. Елімізде жанбас сүйектеріне ота жасайтын үш клиника болса, соның бірі осы облыстық аурухананың травматология бөлімі болып табылатындығын бірі білсе, бірі білмес сірә. Қазірге дейін травматология бөлімінде жоғары сапалы технологиялар бойынша түрлі операциялар жасалуда. Сонымен қатар, ғылыми-институттың деңгейінде жасалатын жоғары технологиялық 60-тан астам ота түрлері де осы бөлімде жасалып жүр. Бұрын отадан кейін бірнеше уақыт балдақпен, гипспен жүретін болса, қазір жаңа операциялардан кейін екінші күні-ақ науқас аяғына тұрып жүріп кетеді.
Облыстық аурухана өңірдегі емдеу мекемелері арасындағы қарашаңырақ болып табылады. Осы мекемеде алғаш еңбек жолын бастаған жақсы кісі 2010 -2011 жылдар аралығында «Облыстық аурухана» МКК директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып та қызмет етті. Басшылық қызметте жүрсе де бір сәт өзінің кәсіби ісінен қол үзіп қалмады. 2011-2016 жылдар аралығында жарақаттанушы науқастардың жиілуіне орай травматология бөлімінің бөлім меңгерушісі ретінде ауыстырылды. Осылайша, медицинаға деген адалдығы мен еңбекқорлығы оның одан әрі өсіп, қанат қағуына жол ашты. 2018 жылы С. Асфендияров атындағы Ұлттық Медициналық университетінің «Экономика және бизнес» мамандығы бойынша магистратурасын бітірді. Білімін жетілдіре жүріп Талдықорған қала-сының көпсалалы ауруханасының политравма және қалпына келтіру ортохирургия бөлімінің бөлім меңгерушісі ретінде қызмет атқарды. Мұнан кейінгі жылдарда Алматы қаласындағы ШЖҚ «№4 Қалалық клиникалық аурухана» МКК бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек етті.
Қысқасы, медицина баспал-дағын аттаған жылдардан күні бүгінге дейін ол гиппократ антына адал қызмет атқарып келеді. Қандай істе де өзінің кісілігі мен кішілігін жоғалтпады. Алакөлден түлеп ұшқан жақсы кісінің біліктілігін елеген өңір басшылығы оны өзі еңбек еткен мекемеге директор етіп тағайындады. Бір ғасырлық тарихы бар облыстық ауруханаға басшылық ету, ұжымды айрандай ұйыту да оңай шаруа емес. Десе де, ақырын жүріп, анық басуды өміріне негіз еткен жақсы адамның ісі жақсылыққа толы боларына сенеміз. Себебі, ол шынымен де жақсы кісі.
Сөзімді Жұматай (О) ақынның өлеңімен түйіндеуді жөн көрдім.

Сендер аман болыңдар, жақсы
                                                              адамдар,
Сендер жайлы шырқалар асқақ
                                                               ән бар,
Күйіп кетсін көре алмас
                                                    пәтшағарлар.
Сендер аман болыңдар жақсы
                                                            адамдар,
Қарап өссін сендерге басқа жандар.

Сарби ӘЙТЕНОВА

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ