МАҢ-МАҢ БАСҚАН МӘДЕНИЕТ…

Қала орталықтарынан шалғай орналасқан ауылдарда мәдениет саласының мәлім мөлшерде ақсап тұрғандығы жасырын емес. Әсіресе мәдениет ошақтарының, соның ішінде мәдениет үйлері мен кітапханалардың бүгінгі жай-күйі тіпті сын көтермейді. Бұл туралы талай мәрте биік мінберлерде айтылып, әкімдіктер тарапынан халыққа уағда берілгенімен, нәтижені көріп отырған біз жоқ. Алтайды айта жалыққан Жамал апамды қайдам, әйтеуір «мәдениеттен» мақұрым қалған ауылдағы ағайынның осы мәселені көтере-көтере мезі болған түрі бар.

«Күлтөбенің басындағы жиын» бұл ауылдарда мектептің аядай ғана акт залында, спортзалында өтеді. Әкім-қараның есеп беру жиынына да, кездесулерге де қарақұрым халықты осы бір залға лық толтырады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «нарық заманы» орын алып, мәдениет жайы кейінге ығысып қалған еді. Ал бүгін заман түзелді дегенімізбен, орнын түзер олқылықтар қатары аз емес.

Елімізде ахуалы көңілге медеу тұтуға келмейтін мәдениет үйлерінің қарасы көп. Біразының төбесінен су кетіп, ендібірі мүлдем ескірген ғимараттарда отырғанына біз куә. Ғимаратының өзі сын көтермей тұрғанда «Ауылдарда концерт неге қойылмайды?» деу ханның ерке қызының қиғылығына ұқсап кетер дейміз де, үнсіз көндігеміз.

Көп ауылдарда мәдениет үйі түгілі, жастар баратын, демалатын орындар мүлде жоқтың қасы. Соған сәйкес жастардың түрлі бұзақы әрекеттерге баруы да жиі кездеседі. Оның себебін түрліше жобалаймыз. Ал шындығында, кім көше кезеді, бұзақылық жасайды? Жауабы сол – айналысар ісі жоқ жасөспірім. Сондықтан бюджеттен қаржы бөлініп, ғимарат күрделі жөндеу жұмыстарына жұмсалғанда жұрттан бұрын қуанатын жастар болмақ.

Тағы айта кететін бір жайт, аудандық, ауылдық жерде өткізілетін шараларды көбіне мектеп оқушылары мен қызметкерлері ұйымдастырады. Олар: «Біздің еңбегімізге соқыр тиын да төленбейді. Уақытымыздың тығыздығын айтсақ, әкімді ортаға салып, міндеттейді» – дейді. Басқа-басқа директорынан бас-тап қарапайым қызметкеріне дейін бесаспап болуы керек мәдениет қызметкерлерінің мұнысына не деуге болады?

Тәуелсіздік алғанымызға 27 жылдан асса да облысымыздағы Іле ауданының орталығында аудандық мәдениет үйі жоқ. Үлкен көлемдегі жиындар мен есептер әлі күнге дейін көбіне Чапай ауылдық округіндегі мәдениет үйінде өткізіледі. Аудан басшылығы мәдениет үйін салуды сонау жылдардан бері жоспарлап келеді. Бірақ, «Құрғақ қасық ауыз жыртадының» керін киген уақыт болып тұр. Заманға сай мәдениет үйі жоқ аудан – ол қандай аудан демеске шарамыз қалмады.

Ал кітапхана жайы да ығыр болған мәселе қатарында. «Мәдениеттің мәйегі – кітап» екенін білгенімізбен, іске келгенде тағы да шорқақтық таныттық. Жалпы алғанда еліміздің қала және аудан орталықтарында орналасқан 4000 кітапхана бар. Ауылдағы кітапханалардың басым бөлігінде жеке ғимарат жоқ, әкімдік пен мектептен бір-екі бөлме бұйырған. Бірді-екілі бөлме болғандықтан кітаптарды орналастыру, сыйғызу, жарқыратып көрсету де оңайға соқпайтыны түсінікті. Ауылдардың саны көп, сондықтан кітапхананың жағдайы ретімен түзеле жатар деп ақтауға келеді. Ал аудандық кітапхана жоқ болса ше? Мысалы, Қаратал ауданының аудандық кітапханасы мектеп ғимаратында отырғанына не дей аламыз?

Өткен жазда еліміздің бюджетінен 100 млрд теңгеге жуық қаржы, оның ішінде Мәдениет және спорт министрлігінде 7,8 млрд теңге игерілмеді деп шуладық. Бәрі сай, бәрі дұрыс болып тұрып ақша игерілмей жатса мейлі. Желге ұшыратын есіл ақшаны осы аталған нысандардың құрылысына неге жұмсамасқа. Осы жайттар мәдени тұрғыдан дамыдық па, әлде рухани азу алдында сәл-ақ қалдық па деген сауал туындатады.

Жоғарыда аталған мәселелер жөнінде Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқар-масының баспасөз хатшысы Тастамбеков Нұрасыл Дәулетханұлымен әңгімелескен едік.

– Облысымызда «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында қанша мәдениет үйіне күрделі және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде? Қанша мәдениет үйінің жобалық-сметалық құжаттамалары жасалды? Жалпы облыс көлемінде мәдениет саласына жыл сайын қанша инвестиция бөлінеді?

– 2019 жылы «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында облыс аумағында 3 мәдениет үйіне қайта жөндеу және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Олар: Жамбыл ауданы Үңгіртас, Балқаш ауданы Құйған және Қарасай ауданы Шамалған ауылдық мәдениет үйлері.

2019 жылы облыс аумағында Ақсу ауданы Көшкентал; Алакөл ауданы, Үшбұлақ, Екпінді; Ескелді ауданы Ақын Сара, Көкжазық; Іле ауданы Чапай, Ақши; Кеген ауданы Жалаңаш, Қарқара, Бөлексаз, Тасашы; Кербұлақ ауданы А. Сарыбаев; Райымбек ауданы Қақпақ, Сарыжаз, Сүмбе; Ұйғыр ауданы Үлкен Ақсу т.б. ауылдық мәдениет үйлерінің жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда.

Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдармаласы аясында «Еңселі ауыл – ертеңім» атты жобаны іске асыру мақсатында 2017 жылы Сарқан аудандық мәдениет үйінің, Жамбыл ауданының Мыңбаев ауылдық мәдениет үйінің, Талғар аудандық мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Сарқан ауданы Бақалы, Алакөл ауданы Бұлақты ауылдық мәдениет үйлері жаңадан ашылды.

2018 жылы облыс бойынша мәдениет саласының 4 нысанына күрделі жөндеу жұмыстарына қаражат бөлінді. Яғни, Қарасай ауданы Қаскелең қаласы аудандық кітапханасы, Сарқан ауданы Черкасск ауылдық мәдениет үйі және Ільяс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының қасбетіне күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Биылғы жылы Сарқан ауданы Черкасск ауылдық мәдениет үйі мен Кеген аудандық кітапханасы жүйеге қосылды. С. Сейфуллин атындағы облыстық кітапханаға қаржы бөлініп, ағымды жөндеу жұмыстары атқарылды. Кеген ауданы Алғабас ауылдық мәдениет үйінде және Балқаш ауданы Ақдала ауылдық мәдениет үйлерінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.

Жалпы саланың 2018 жылғы жыл басындағы бюджеті 3 838,1 млрд теңге болса, жыл соңында 10752,9 құрады.

– «Ауылым – алтын бесігім» атты ауылдық мәдениет үйлері мен клубтары арасында өткен облыстық конкурс мәдениет үйлерін дамытуға қаншалықты септігін тигізеді?

– Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын басшылыққа ала отырып, халықтың рухани және эстетикалық сұранысын қанағаттандыру жолында облысымыздың барлық аудандарында, елді мекендерінде қолдау тауып, ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың жұмысын жандандыру мақсатында Алматы облысының әкімі Баталов Амандық Ғаббасұлының қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының, облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «Ауылым – алтын бесігім» атты ауылдық мәдениет үйлері мен клубтар арасындағы мәдениет күндері ұйымдастырылады.

Жаңа форматта бастау алған ауыларалық мәдениет күндерінің ережесіне сай облысымыздағы ауыл тұрғындарының мәдени бос уақытын ұйымдастыру, мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, Қазақстан халқы мәдениетін жандандырып дамыту, ауыл жастарының ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтары мен танысып, эстетикалық, рухани тәрбие алу бағытындағы жұмыстар бағаланды. Конкурсқа аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің ұсынысымен өз аймақтарындағы ең үздік деген екі, үш мәдениет үйлері мен клубтары қатысады.

Мәдениет үйлерінің жұмысын бағалаған әділқазылар алқасы ереже талаптарына сай 10 бағыт бо-йынша мәдениет үйінің сыртқы, ішкі безендірілуі және көгалдандырылуын, материалдық-техникалық жағдайын, мекемеге тиісті барлық құжаттарының жасалуы мен оның орындалуын, көркемөнерпаздар үйірмелері мен атағы бар ұжымдардың жұмысын, қолөнер шеберлерінің көрмесін, мәдени іс-шаралардың өткізілу деңгейін, тұрғындармен қамтылуын, кадрлардың сапалық құрамы және «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жас мамандардың тартылуын, жарты сағаттық концерттік бағдарламаның сапасы мен жалпы ұйымдастыру жұмыстарын саралап қорытындысын шығарады.

Нәтижесінде мәдени-көпшілік шараларды жоғарғы деңгейде өткізіп, «Үздік» деп танылған ауылдық мәдениет үйлері облыс әкімінің Алғыс хатымен, дыбыс аппаратурасымен, компьютермен және 300 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Сыйлықтар мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында берілді.

– Іле ауданының орталығында аудандық мәдениет үйі әлі күнге жоқ.  Алдағы уақытта ғимарат салу жоспарланып, құжаттары дайындалу үстінде дейді. Бұл қаншалықты рас?

– Өтеген батыр ауылында аудандық мәдениет үйін салу үшін Қуат шағын ауданы Қапал батыр көшесінен 0,410 га жер телімі бөлінді. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу бо-йынша жұмыстарды бастау үшін 2017 жылғы 31 шілдедегі №467/17-13 келісімшартқа қол қойылды. Қазіргі уақытта «Қазақ жобалау құрылыс» ЖШС жобалық-сметалық құжаттама дайындауда. Іле ауданының өңірлік әлеуметтік-экономикалық даму жос-парына сәйкес жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталғаннан кейін 2020 жылы мәдениет үйінің жаңа ғимаратын салу жоспарлануда.

– Ал Қаратал ауданының аудандық кітапханасы мектеп ғимаратында отыр. Жаңа ғимаратқа қашан көшеді?

– Бүгінгі күні Қаратал аудандық кітапханасының  48 мың дана кітап қоры, 2 мыңнан аса оқырмандары бар. Өзінің арнайы ғимараты болмағандықтан, Үштөбе қаласындағы А. Пушкин атындағы орта мектебінде 270 шаршы метр көлемінде уақытша орналасқан.

Аудан әкімдігінің теңгерімінде тұрған аудандық кітапхана ғима-ратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, 2014 жылғы 14 наурыздағы №18-0166/14 мемлекеттік сараптамасы алынған.

Тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілген жағдайда аудандық кітапханада кітаптарды сақтай-тын қоймалар, медиатека, оқырмандар залы, кітаптарды қабылдау бөлмесі, кітапхананың шаруашылық құралдары мен техникасын сақтайтын арнайы бөлмелер, мамандардың кабинеттері іске қосылады. Орталықта орналасқан бұл ғимарат қала келбетін келтіріп, халыққа қызмет көрсетері анық.

Түйін:

Тоқырау жылдары талан-таражға түскен талай мәдениет ошақтары қайта қалпына келтіріліп жатқанын жоққа шығармаймыз. Десе де,  ғимараттардың талапқа сай болмай, тозығы жетуі мәдени шараларды тұрақты өткізуге кедергі.

Қараша қауымның: «Есеп бергенде «бәрін қатырамыз» дейді де, артынша бәрі ұмыт қалады»  –  дегеніне «көз үйренді, құлақ естіді» деп жүре беруді тоқтататын уақыт әлдеқашан жетті емес пе?

Сергей Капицаның «Адам-дарға мәдениетті таяқпен болса да үйретуіміз керек, әйтпесе күйрейміз» деген пікіріне зер салыңызшы… Бұдан шығатын қорытынды: экономикалық, әлеуметтік жағдайымыз қанша жерден мықты болғанымен ұлттық құндылығымыз құл-дыраса еш биікке жетпейміз. Сондықтан мәдениет мекеме-лерінің бүгінгі жай-күйі айрықша көңіл бөлетін әрі уақыт күттірмейтін межелі мәселе болуы керек.

Жоғарыда аталған шаралар есеп үшін емес, ел үшін жасалып, заманға сай жабдықталған руханият ошағында халықтың көңілінен шығатын сан алуан шара өткізуге мүмкіндік туады деп сенім білдірдік. Сонда ғана материалдық байлық рухани байлықтың алдына тұрақтамайды. Мәдени өмірге жаңа серпіліс қажет-ақ…

Шынар ЖЕҢІСҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды.

Оқи отырыңыз
post-image
Аймақ

ЖЕТІСУ ДИҚАНДАРЫ ШАРУАҒА КІРІСТІ

Жеті қат көктен құт қонып, жер қойнауын ырысқа толтырған Жетісу жерінде көктемгі науқандық егістік жұмыстар басталып кетті. Бүгінде жер игеріп отырған диқандар мен шаруа қожалығы иелерінің нағыз қарбалас шағы....
post-image
Аймақ

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ТАЛДЫҚОРFАНFА КЕЛДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы жұмыс сапарымен Талдықорған қаласына келді. Сапар барысында бірқатар өндірістік, әлеуметтік және мәдени нысандарды аралап, салтанат сарайына жиналған өңір жұртшылығымен, әр сала өкілдерімен, кәсіпкерлермен кездесті....
post-image
Мәдениет

АЙТЫСКЕР АҚЫНДАР ЖЕТІСУ ТӨРІНДЕ

Қазақтың қасиетті өнері – айтыс. Осы айтыста 30 жылдай жырын жырлап, елдің мұңын жетер жерге жеткізіп жүрген «Айтыстың аққуы» Айнұр Тұрсынбаева өз шығармашылық кешін наурыз айында елорда төрінде дүркіретіп...
post-image
Аймақ

КІТАПХАНА – ЗИЯТКЕРЛІК ДЕМАЛЫС ОРДАСЫ

«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп Әбіш Кекілбаев руханият ордасының бағасын берген еді. Иә, дәуірден дәуірге, ғасырдан ғасырға адамзаттың жылнамасын жеткізіп, парасаттылық пен білімділіктің ордасына...
post-image
Қоғам

ДАРАҚЫЛЫҚТЫҢ КІМГЕ КЕРЕГІ БАР?

Маусым айының соңында жүректері лүпілдеп жүрген түлектер тыныштала ма десеңіз, қателесесіз. Сауданың да қыж-қыж қайнап, бәсекелестіктің де шарықтау шегі осы тұсқа дөп келеді. Себебі, қолына аттестат алған жеткіншектер мектеп...
Тағы қарау