Қар көбесі сөгілді, абайлайық!

0
1500

Көктем келісімен жылғалардан су ағып,  бөгеттер бұзылып, өзендер арнасынан тасып, қауіптің беті қайтқанша бейғам жұрттан ұйқы қашатын. Жыл сайын суы мен нуы мол Жетісу өңірінің жоқ дегенде бір елді мекенінде апатты жағдайлар орын алып, халық тарапынан «Табиғаттың тосын мінезіне неге дайын отырмаймыз? Апатты жағдайлар неге жыл сайын дәстүрлі түрде қайталана береді? Жауапты мекемелердің салғырттығы ма, әлде олардың тарапынан алдын алу шаралары дер кезінде жасалмай ма?» деген сұрақ үсті-үстіне қойылатын. Ал биыл ше? Биыл қардың түсімі мен жердің қатуы жылдағыдан аз болуына және ауа райының жылылығына байланысты жазықтағы қар ретімен еріп, тез сіңді. Бастапқыда 38 қауіпті аймақ тіркелгенімен, қытымыр мінезін танытпаған Қыс-Атаның арқасында олар да кезегімен тізімнен сызылды. Енді алдағы аптада күтілетін жауын-шашын салдарынан таулы аймақтардағы еріген қар тасқынға айналмас үшін дайындық шаралары күшейтілсе құба-құп болар еді.

Мәселені екінші жағынан алып қарасақ, еріген қар мен жаңбыр суы сіңіп үлгермегенінен, үлкен тоғандар мен бөгеттердің суынан бөлек, тұрғындардың өз уақытында арық жүйесі тазаланбауы салдарынан да судың тасуы орын алатын жағдайлар кездеседі. Әрі қыс тұрмақ көктем мен ала жаздай есік алдындағы тоғандарынан су асып жатса да мән бермейтін халықтың немқұрайлығы тағы бар. Сондықтан да халықпен ұдайы үздіксіз байланыс жасайтын төтеншеліктер бұл жолы да өткен жылдары апат болған орындарға барып, алдын алу шараларын жүргізуде. Биылғы апатты аймақтарды да назарға алып, қазіргі уақытта таулы аймақтарды жіті бақылауға алған.

Соның аясында қардың түсімі мен еруі, жердің тоңы мен сіңуі, апатты аймақтардағы жағдай, алдын алу шаралары турасында төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Азамат Жұртбаевпен аз-кем әңгімелескен едік. Ол өткен жылдары мазасы қашқан халықтың биылғы жылғы жағдайы туралы: «Қазіргі уақытта жазық жерлердің қары еріп бітті. Былтыр ақпан айының соңы мен наурыз айының басында аулаларға су кіріп, апатты жағдайлар орын алған. Ал отыз сегіз қауіпті аймақ біздің бақылауымызда болды. Қазір барлығы дұрыс, қорқыныш сейілді. Биыл тасқын жүргені туралы оқиғалар тіркелген жоқ. Енді таудағы қар қалды. Жалпы тау қары мамыр айынан кейін ери бастайды. Қатты нөсерлі жауын жауып, күн ысып кетпесе таудағы қардың еруі де ретімен болар. Жалпы департамент су тасқынының алдын алу шараларын ұйымдастырып, апатты жағдайға дайын отыр» – дейді.

Төтеншеліктер аяз сына бастағаннан бері үй-үйді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қолға алған. Мәселен, Қызыл тас саяжайында су тасқынына қарсы акция ұйымдастырып, арықтарды тереңдетіп қазу, тазалау шаралары туралы халықпен кеңесіп, су тасқынының алдын алуға шақырды. Сонымен бірге апаттың алдын алуға байланысты жыл басынан бері теледидарда 14 апатты алдын алуға байланысты үндеулер, баспа беттерінде 25 мақала, электронды ақпараттарда 20 мақала жариялаған. Әрі облыс бойынша су тасқыны қаупі төнген немесе туындаған жағдайда халықты уақтылы хабардар ету үшін SMS-хабарламаларды жіберіп отырады.

Десе де, ұзақ мерзімді жобалау бойынша жаңбырлы апталар әлі алда. Сондықтан облысымызда жауын-шашының мол болатына байланысты өзен арнасының сығылысуы, таулы өзендер баурайының тегіс аумағында еріген қар суынан жайылма учаскелеріне су деңгейі көтерілуі сынды жағдайлар әлі сейілген жоқ. Апат туындаған жағдайға «Сақадай сай отырмыз» деген төтеншеліктер тасқынының алдын алып, жоюға арналған қор (запас) құрғанын тілге тиек етті. Нақтыласақ, қорда 121 655 қап құм, 8 474 тонна инертті материал, 294 тонна жанар-жағармай, 37 келісімшарт тіркелген (апат болған жағдайда осы мекемелер адамдарды азық-түлікпен қамтамасыз етеді) 120 тонна азық-түлік бар.

Сөз соңы

«Жақсылық ағаш басында, жамандық аяқ астында» демекші, апат айтып келмейді. Ауа райын болжаушылар айтқандай осы апта жауын-шашынды болып, солтүстік өңірлерде қар, оңтүстік өңірлерде жаңбыр жауса, жазық даладан келетін ерінді су біраз әбігерге салуы мүмкін. Мұның барлығы су айдындарының арнасынан асуына сеп болуы ықтимал. Сондықтан жазықтағы қар еріді дегенімізбен, таулы аймақтың қары бірден ерісе тағы да тасқынға айналмақ. Біз бұл жерде жамандық шақырып тұрғанымыз жоқ. Әйткенмен, «да-йынбыз», «бәрі сақадай сай тұр» десек те, табиғаттың тосын мінезімен күресуге келгенде қауқарсыздық танытуымыз бек мүмкін.

Ауызды жиып болғанша, тарихында бұрын-соңды мұндай су апаты болмаған ислам мемлекетінің бірі Иранның 31 провинциясының 25-ін су тасқыны жайлады. Еліміздің Шығыс Қазақстан облысының аудандарында су тасқыны үйлерді шаюда. Қостанай облысында да биыл қар тиісті нормадан аз түскенімен су тасқыны қаупі сақталып отыр.

Ал суы мен нуы мол жер жәннаты Жетісуда, әрине, су ресурстары көп екені белгілі. Аймақта 75 су қоймасы, 85 тоған және 21 бөгет (плотина мен дамба), 33 гидрожелі, 156 магистральдан құралған, жалпы саны 370 гидротехникалық нысан бар. Оның 122-сі республикалық меншікке, 159-ы коммуналдық меншікке, 89-ы жеке меншікке қарайды. Сондықтан көктем келді дегенімізбен гидротехникалық нысаны да, жауын-шашын мөлшері де көп облысымызды нөсерлі жаңбыр қуатының қатты болуы алаңдататыны сөзсіз. Бұдан шығатын қорытынды – қауіп толықтай сейілгенше, билік тарапынан дайындық пен бақылау шаралары күшейтіліп, қараша қауым апатты жағдайға сауысқандай сақ отырулары қажет.

Ұзын сөздің қысқасы: тасқыннан ада, апаттан алшақ болсақ екен. Бұл жылғы көктем басқа көктемдерден өзгерек өтсе дейміз.

Шынар ЖЕҢІСҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ