Реформашыл мемлекетіміздегі білім сынағы
«Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға (қазақ жанына) үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» деген ұлт ақыны Мағжан Жұмабаев. Бала бойына адамдықтың асыл қасиетін қалыптастырып, дүниеге кірпіш болып қалануына да зор ықпалын тигізетін – мектеп. Бірақ реформалары жыл сайын өзгеретін елімізде мұғалімнің мәртебесі төмендегелі қашан. Ұстаз мәртебесін құлдыратып алып, жоғары нәтиже сұрайтынымыз қызық. Қызық емес-ау, қиын. Біз бұл ретте он бір жылдық білімнің нәтижесі деп Ұлттық бірыңғай тестілеу мәселесі төңірегінде сөз еткелі отырмыз.
ҰБТ-ның уақыты жақындағалы қорқыныш, үрей пайда болса, тестілеуден соң жылаған түлектер, уайымдаған ата-аналар саны артып, өкінішке орай түрлі қиын жағдайлар орын алады. Осымен он алтыншы рет өткізілгелі отырған ҰБТ-ның тыныш аяқталған кезі жоқ. Әйтеуір бір шу шығады. Соңында бірі дұрыс реформа жасамаған білім жүйесін, бірі баланы қадағаламаған ата-ананы, бірі немқұрайлы оқыған оқушыны кінәлау басталады.
Біз білімнің сапасын анықтап отырған құрал тестілеу жүйесінен қазіргі таңда әлемнің көптеген мемлекеттері үзілді-кесілді бас тартып отыр. Тіпті кәрі құрлықтағы дамыған ел – француз халқы осы тестіден бас тартуын талап етіп, ереуілге шыққан болатын. Ал негізінде тестік бақылаудың түрлері өте ерте заманнан басталады. Б.з.д. III ғасырда Ертедегі Вавилонда мектеп оқушыларының жазу дағдысын тексеру үшін алғашқы емтихандар жүргізілген. Осы сынақты өткен адам ғана екінші кезең әңгімелесуге шақырылған. Осындай сынақтар Ежелгі Грецияда, Спартада, Қытайда чань-мектептерінде да жүргізілген.
Жалпы тест сынағы ойлануға уақыт бермей, қолма-қол жауап беру үшін қолданылған. Яғни, жеңіл сұрақтар беріліп, тереңнен ойлануды қажет етпеген. Бүгінде көзіміз көріп жүр, мектеп оқушылары он бірінші сыныпта мектеп бағдарламасын игеруден қарағанда тест жаттауға көп көңіл бөледі. Өткен жылдары сынақ тапсырған кім-кімнен сұрасаңыз да 90 пайызы жаттаған тест сұрақтарын ұмытып қалған. Анығында түсінбей, тек сынақ үшін жаттағанын алға тартады. Ал, түсініп-білген тақырыптарын ешқашан естен шығармайтындарын айтады.
Сондықтан да тест жүйесі туралы пікір халық арасында екіге жарылған. Шындығында ескі жүйені қайта қалпына келтіруді қолдайтындар саны көп. Жыл са-йын тест оқулықтары мен оқыту құралдарын жаңарту үшін бөлінген 500 миллиондай теңге қаржы, әр оқу жылы соңындағы жұқарған жүйке, көзден аққан жас, ең құрығанда соған сәйкесінше мида қалмаған білім болмаса бұл тестілеудің не керегі бар деуіміз заңды ғой.
Дегенмен, білім саласындағы билікте отырғандар бұл реформаны «Дұрыс, бұдан артығы жоқ» деп, осы сынақтан айнымай отыр. Ал Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы еліміздің білім беру жүйесіне 2004 жылдан бастап енгізілген. Содан бері әр жыл сайын сынақтың сауал-дары толықтырылып, сұрақ саны, пән саны, жауап саны өзгеруде.
Айта кетейік, өзгерген реформа нәтижесінде 2017 жылы «Алтын белгі» алып, оқуға түсе алмадық деп шағымданғандардың шуы шықты. Нәтижесiнде сол жылғы гранттар саны бастапқысынан 1487-ге көбейіп, алтын белгі иегерлері университеттердiң, бiлiм және ғылым министрлiгi мен денсаулық сақтау министрлiгi қаражаты есебiнен оқитын болды. «Алтын белгіні» тағайындауды мектептің үлесіне бергені министрліктің тағы бір қателігі емес пе деп қаласың мұндайда. Себебі, тамыр-таныстық пен жемқорлықтың иісі білім саласында анқымайды деп айтқымыз келсек те, өкінішке қарай айта алмаймыз.
Иә, өткен жылғы ҰБТ-ның шуы басылды. Алдыңғы жылдардағы оқиғаларды әңгіме қылып айтып отырмыз. Ал биылғы оқу жылының нәтижесі қайтадан ұстаздар қауымы мен түлектерді алаңдатуда. Уақыт жақындаған сайын жарғақ құлақтары жастыққа тимей, түн ұйқылары төрт бөлінген оқушылардың жай-күйіне қарасаң кішігірім соғысқа аттануға дайындалып жүргендей.
«Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек». Не айтқым келгені, айтпаса да түсінікті болар. Биылғы ҰБТ-ның тағы да өз ерекшелігі бар. Форматы баяғыдай. Оқуға түсуші дәстүрлі түрде 3 міндетті пән (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) және 2 бейіндік пән бойынша тестілеуден өтеді. Бірақ, биылғы жылдан бастап ҰБТ жылына 4 рет, яғни, қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айларында өткізіледі. Жоғарғы оқу орындарының ақылы бөліміне оқуға түсуі үшін талапкерге жылына 4 рет өткізілетін ҰБТ-ның кез келгеніне қатысып, шекті балл жинауы жеткілікті. Ал мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау бойынша өтетін конкурсқа қатысу үшін міндетті түрде маусым айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу қажет. Сонымен қатар, қаңтар, наурыз айларында өтетін тестілеуді талапкер ҰБТ өткізілетін өзіне ыңғайлы кез келген пунктіде тапсыра алады. Тек тестілеуге қатысу үшін ҰБТ өткізу пунктіне көрсетілген мерзімде өтініш беру қажет.
2017-2018 оқу жылы республика бойынша ҰБТ-ға қатысу үшін 102 447 мектеп бітіруші өтініш берген, оның ішінде қазақ тілінде – 77 224 (75%), орыс тілінде – 25177 (25%) және 46 ағылшын тілінде. Өтініш бергендердің ішінен 98 698 мектеп бітіруші тестілеуге қатысып, оның 14,6 мыңнан астамы жоғары оқу орынға түсу үшін қажетті ұпайды жинай алмады. Қарасаңыз, нәтиже көңіл көңшітерлік емес.
Ал облысымыз өткен жылы ҰБТ-ға қатысу үлесі жағынан 99,35%-ды көрсетті. Яғни, 17069 түлек мектеп бітіріп, оның 16976-сы қорытынды аттестаттаудан өтті. 840 түлек «Алтын белгі» тақса, 654 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды.
Түйін:
Он бір жыл жинаған білімін сын тезіне салатындар; біліміне сенбей, қойны-қонышын шпорға толтырып, сырттан көмек күтетіндер; бар білгендерін ұмытып қалатын оқушылардың биылғы нәтижесі енді белгілі болмақ. Уақыт таяған сайын «Реформашыл мемлекетіміздің сынақты бақылауға қойған қатаң талаптарының нәтижесі көрінер ме екен? Біліммен емес, тамыр-таныстықпен қалаған бағаларын алып шығатын түлектер саны қаншалықты боларын кім білсін? Облысымызда мектептен түлейтін 14 мыңдай оқушының нәтижесі қандай болмақ?» деген сынды сұрақтар да халық арасында көбейді.
Биылғы ҰБТ-ның «жыры» қалай басталып, қалай аяқталарын уақыт көрсетеді. Әліптің артын бағайық.
Шынар ЖЕҢІСҚЫЗЫ