ЛАБАСЫ ЕТЕГІ — БІРЛІКТІ ЕЛ МЕКЕНІ

0
14

Лабасы етегі — береке мекені,
Жыл сайын бұл жерде, мереке өтеді.
Үшарал Жаркенттен, Нарынқол, Кегеннен,
Тараздан, Семейден,

Тұлпарлар әкеліп, бәйге алып кетеді.

Лабасы тауының етегінде орналасқан Лабасы ауылдық округіне қарасты елді мекендер Талапты, Жамбыл, Мәмбет, Еңбекшіқазақ сияқты 4 ауылдан құралған. Округ бойынша барлық адам саны — 5100, олардың ішінде Талапты ауылында -1118 адам, Жамбыл ауылында — 1084 адам, Еңбекшіқазақ ауылында — 881 адам, Мәмбет ауылында — 2017 адам.
Осы округке қарасты 4 ауылда 4 орта мектеп, 4 балабақша, 4 мед.пункт, 4 мешіт бар. Көшелерінің бәріне түгелдей асфальт төселген, электр шамы тартылған, газ кіргізілген. Жалпы елдің әл-ауқаты қанағаттанарлық күйде.
Округ әкімі Кешуов Тимур Мұқанұлы 2024 жылдың наурыз айынан бастап қызмет жасап келеді. Барлық туындаған мәселелерді Уалиев Бақыт бастаған ақсақалдар алқасы мен округ әкімшілігінде көп жылдардан бері қызмет атқарып келе жатқан бас маман Сармолдаева Анар сияқты тәжірибелі адамдармен ақылдаса отырып шешімін табады.
Аумақтық жағынан ауылдары бөлек болғанымен, «жұмыла көтерген — жүк жеңіл» демекші, қандай да бір қажеттіліктер туындаған кездерде ауыл ақсақалдары мен белсенді жастар ақылдасып бір мәмілеге келеді. Сол қажетті кезеңдердің бірі – Наурыз күндері. Биылғы Наурызға дайындық барысымен танысуға барған сапарымыздағы көргендерімізбен газет оқырмандарымен бөлісейік.

ТАЛАБЫ ТАУДАЙ — «ТАЛАПТЫ» АУЫЛЫ

Талапты ауылы Көксу өзенінің сол жағалауында Лабасы, Шөладыр тауларының етегінде орналасқан. Жері сулы, топырағы құнарлы табиғаты жанға жайлы, егістігі, жайылым жері мол берекелі ауылдар қатарынан саналады. Заманауи тұрғыдағы орта мектеп, мәдениет үйі, мед.пункт, мешіт үйі, түзу көшелер, жасыл ағаштар ауылдың ерекше сәнін кіргізіп тұр. 2025 жылы ауылға газ тартылды, тұрғындар шетінен газ пештер орнатып қызығын да, жылуын да көріп отыр. Ауыл азаматтары ауылдың әлеуметтік жағдайына ұдайы көңіл бөліп тұрады. Талапты ауылындағы орталық көшенің тең ортасына шырша ағаштарын егіп оны қазіргі талапқа сай қоршап қойды. Егістікке су келетін тоғандарды техника жалдап тазарту жұмыстары, қажет жеріне көпір салу, мешіт үйіне күрделі жөндеу, ауылдың кіреберісіне «Талапты ауылы» деген жазуы бар арка жасалынды. Осының бәріне қаражат халықтың ортақ ақшасы. Соңынан бір тиынына дейін есеп берілетін тәртіп қалыптасқан. Кейде ауылдан өсіп шыққан ауқатты азаматтардың да көмегі тиіп жатады. Мәселен: кәсіпкер Манаповтар әулеті (Манапов Қоблан бас болып) барлық көшеге жаңартып асфальт төсеп берсе, Алмабеков Жұмабек мешіт үйін, қатымхана үйін өз қаржысымен тұрғызып берді. Осындай ауыл десе өз үйіндей көретін азаматтар мүмкіндіктеріне қарай көмектерін жасап тұрады. Биылғы Наурызға деген дайындық та жаман емес сияқты.
Барлық ауыл тұрмысына байланысты ортақ жұмыстарды ұйымдастырушы азаматтар, атап айтсақ: ауыл ақсақалдарының төрағасы — Биядилов Нұрқадыр, әрқашан белсенділік көрсетіп жүретін Нұрғазынов Бекберген, Бітібаев Ғабиден, Нұртілеуов Қазбек, Бейсбеков Ғазиз, Сережанов Құдайберген. Наурыз қарсаңындағы тігілген қазақ үйдегі дастархан мәзірін келістірушілер Сапақова Нұргүл, Асқарбаева Гүлбар, Имашева Эльмира т.б. көптеген ауыл әйелдері ұйымдастыру барысында септігі тиіп жатады.

ЖЫРЛАРЫ ЖАЛЫНДЫ, ІСТЕРІ ЖАҒЫМДЫ — ЖАМБЫЛ АУЫЛЫ

Жамбыл ауылы аудан орталығы Балпық Би кентінен 10-15 км шамасындағы қашықтықта республикалық автотранспорт жолына жақын орналасқан шағын ауыл. Табиғаты жанға жайлы, адамдары ынтымақты, ауылдан шыққан ұлдары қайырымды. Бір ауылдық округте болғандықтан бұл ауылда да Талапты ауылы сияқты көп мәселелер ортақ шешімін тауып жатады. Ауылдағы ақсақалдар алқасының төрағасы Өмірбеков Асқар бастаған ауылдың жанашыр азаматтары Қуанбаев Қанат, Бұтабаев Рүстем, Жайбосынов Мадияр, Өмірбеков Сәкен сияқты тепсе темір үзетін жастар ауылдың әлеуметтік жағдайларына басшылық жасап көптеген мәселені шешіп келеді. Ауылдан көтеріліп шыққан ауқатты азаматтар демеушілік көрсетіп, қолұшын беруде. Достыбаев Ержан, Усманов Асхат ауылға ең қажеттіліктерді жасауға өз қалтасынан қаржы бөліп мүмкіндік жасады.
Мәселен, Достыбаев Ержан ауылға көрнекті етіп мешіт салып берді. Орталық көшенің асфальтын жаңартып, жаяу жүргіншіге арналған жол салып, бірдей материалмен қоршау жасатты. Былтырғы жылғы Наурыз қарсаңында жүлде қорына 1млн. тг ақшалай, сондай-ақ — 2 мотоцикл алып және 1 тай сыйлады.
Сол сияқты Усманов Асхат ауылдағы ескі клуб үйін күрделі жөндеуден өткізіп, спорт кешенін жасап, ішіндегі барлық керек-жарақтарымен түгелдей қамтамасыз етілді. Содан бері ауыл жастары күрестің самбо, дзюдо түрлерімен айналысуда, бапкері Сережанов Тәңірберген талай жарыстарға қатыстырып балалары жүлделі оралуда.
Солардың қатарында Өмірбеков Сәкен — 1 тай, Имантаев Қанат — 1 тай қосты. Ауыл белсенділерінің айтуынша, Наурыз мерекесін өткізетін орынға ауыл атынан қазақ үй тігіледі.Қазақ үйдің ішіндегі безендіру жұмыстарын, дастархан, ас мәзірін, тазалық сияқты жұмыстарға Кеңсабанова Зәуре, Шәріп Мақпал т.б. әйелдер азды-көпті ортақ іске өз үлестерін қосушылар табылып жатады.

ЕҢБЕКҚОР ЕЛДІ МЕКЕН – ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ

Еңбекшіқазақ ауылы да жоғарыда айтылған екі ауылмен бірге қайнасқан ағайындас адамдар ел қатарында еңбек етуде. Ел қатарында дейміз-ау, турасын айтып тарихқа жүгінсек, нағыз табыскер осы ауыл азаматтары еді. Соғыстан кейінгі жылдары колхоз бастығы Мұқаш Бабашевтың тұсында миллионер колхоз атанып, еңбектің биігіне көтерілген ауыл болған. Бұл ауылдан Социалистік Еңбек Ері Мәмилә Әлімбаева, белгілі киноактер Әлімғазы Райымбеков, СССР спорт шебері Сәлім Еркенов, Гір көтеруден Гиннес кітабына енген Сламжанов Әмірбай сияқты азаматтар бой көрсеткен жалпы жұртқа танымал ауыл. Биылғы жылы Наурыз мерекесін өткізу кезегі осы Еңбекшіқазақ ауылының үлесіне тиіп отыр.
Еңбекшіқазақ ауылының белсенді азаматтарының бірі Ашимов Мұқтармен сөйлесіп қалудың сәті түсті.
— Мұқтар, сен осы ауылға жаны ашыр азаматтың бірісің. Биылғы жылғы наурыз мерекесінің өтуіне жауапты ауыл екенсіңдер. Оны ауыл әкімі Тимур Мұқанұлынан естіп білдік. Дайындық қалай жүріп жатыр?
— Биылғы Наурыз тойды біздің ауыл жігіттері ұйымдастырып басқарып өткізеді. Әрине, төрт ауыл өз үлестерін қосады. Бұнда ауыл жігіттерінің демеушілігі мен бәйге, көкпар, қошқар көтеру, арқан тартыс, гір көтеру, қазақша күрес т.б спортық ойындар өткіземіз. Ауыл азаматтары әркім шама-шарқына қарап, қолда бар теңгесімең, көлігімен қымбат уақытын бөліп, көмектесіп жатыр. Белсенді жігіттер Сапашов Дархан, Аділбеков Думан, Белгібаев Мұхтар, Орманбетов Марат және ауыл ақсақалы Бабашев Емберген ағамыз бар. Көже пісіретін, дастархан мәзірінің келісті болуына жұмыс атқаратын келіндерге ақыл қосушы Омашбекова Күлімбала, Әмірова Кенжебала, Орынбаева Жұмай сияқты ақылгөй әжелеріміз, апаларымыз бар. Ия, бірінші жыл емес Наурыз той өткізіп жүргенімізге. Төрт ауылдың жігіттерінің қолдауымен жылда демеушілік танытып жүрген Жақанов Дәулет Сейфоллаұлы, Усманов Асхат сияқты азаматтардың көмегі болады. Одан қалса ауыл әкімшілігінің қолдауы бар. Жақсы өткіземіз деп ойлаймыз.

ТӨРТ АУЫЛДЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ — МӘМБЕТ АУЫЛЫ

1991 жылардан кейін, турасы — егемен ел болғанымыздан кейін Ленин совхозы «Мәмбет» ауылы деп аталды. Бүгінде де «Лабасы» ауылдық округ әкімшілігі осы орталық «Мәмбет» ауылында орналасқан. Бұл ауылда да Ахметов Асылбек, Бұлынбаев Жанат, Асылбеков Ербол, Әділбеков Дулат т.б. азаматтар жылда дәстүрге айналған Наурыз мерекесі сияқты басқа да көпшілік шараларды ұйымдастыруға бейімделген.
Жылда Наурыз мерекесін жоғары деңгейде ұйымдастырып жүрген Лабасы ауылдық округ әкімі Тимур Мұқанұлынан биылғы дайындық қай деңгейде екенін білдік.
— Әрбір істі бастар алдында округ әкімшілігіндегі білгір, өте жоғары тәжірибелі бас маман Сармолдаева Анар, Уалиев Бақыт бастаған Биядилов Нұрқадыр, Өмірбеков Асқар, Бабашев Емберген сияқты көпті көрген ақсақалдармен ақылдаса отырып ,кез келген мәселенің түйінін шешеміз.
Ең бірінші әр ауылдың азаматтары ешкімнің нұсқауынсыз өз еріктерімен көпшілік болып қаржы мәселесін шешіп береді. Оның сыртында демеушілік жасап келе жатқан азаматтар өз үлестерін қомақты етіп қосады. Жиналған қаржыны әр ауыл азаматтары ішінара құрылған комиссияларымен өздері жұмсап, өздері ел алдында есеп беріп жатады, оған әкімшілік араласпайды. Артылған қаражатты әр ауыл азаматтары ауылдарына қажеттіліктеріне пайдалады. Наурыз мерекесі жылда дау-дамайсыз аяқталып жатады. Биылғы жылы да солай жоғары деңгейде өтетініне сеніміміз мол. Тек қана сол «Ұлыстың ұлы күні» жауын-шашынсыз, аспан ашық болып, күн нұрын төгіп тұрса болғаны.
Әр ауыл кемінде бір қазақ үйден тігеді. Кейбір үлкен әулет ұрпақтары жеке үй тігетіндер де болады. Жалпы он шақты қазақ үй тігіледі. Оның сыртында мекемелер шатыр тігеді. Сауда-саттыққа рұқсат етіледі. Аудандық мәдениет бөлімі үлкен сахнада өнер көрсетсе, аудандық спорт бөлімі спорттық жабдықтарын орнатып, спорттық шараларды жүргізеді.
Былтырғы жылы Алматы, Семей (Абай), Жамбыл облысынан бәйге аттар келіп бәйгеге қатысты. Әрине, бәйгеге ат әкелген әрбір атбегі өздеріне ортақ заңдылықтарымен аттарын бәйгеге қосады. Соңына ала көкпар тартысы болады. Наурыз басталып аяқталғанша қоғамдық тәртіпті қадағалайтын сақшылар, денсаулыққа жедел жәрдем қызметкерлері сақадай сай болып тұрады.
— Біраз жарыс өткізілмекші екен, жүлдегерлерге сый-сияпат жасалына ма?
— Былтырғы жылы жалпы жүлде қоры 5млн. тг болды. Биылғы жылы да осындай қор болып қалар деп, мынадай сыйлықтарды дайындап отырмыз. Мәселен: Аламан бәйге: 1-ші орынға — құнан, 2-ші орынға — тай, 3-ші орынға — телевизор, 4-ші орынға — қой, 5-ші орынға — телевизор. Сол сияқты «Құнан бәйге», «Жаппай көкпар», ұлттық ойындар «Теңге алу», «Аударыспақ», спорттық ойындар «Қошқар көтеру», «Гір көтеру», «Арқан тарту», «Қазақша күрес» т.б. бәріне жүлде бар.
Әкімнің әңгімесінен Лабасы округінде Наурызға дайындықтың жақсы жүріп жатқанын тыңдап мен де қуандым. Сол айтылған істің нәтижелі аяқталуына тілекшімін. Ұлыстың ұлы күні ашық аспан, нұрлы күн болсын!
Ұлыстың ұлы күні,
Теңелген күн мен түні.
Кел бірге тойлатайық,
Наурыз мерекені!

Сембек АБДРАХМАНОВ
«Алатау» газеті