РЕФЕРЕНДУМ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

0
16

15 наурыз күні елімізде жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдум өтті. Бұл саяси науқан елдің даму бағытын айқындайтын маңызды кезең ретінде тарихта қалары сөзсіз. Референдумға қатысу деңгейінің жоғары болуы қоғамның өзгерістерге бейжай қарамайтынын көрсетті деген пікірлерін айтуда лауазымды қызметкерлер.

Жалпы алғанда Қазақ елі осы уақытқа дейін 1926 жылғы Қазақ АКСР Конституциясын, 1937 және 1978 жылдардағы Қазақ КСР-інің Конституцияларын көрген.
Ал Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері 3 рет (1993, 1995, және 2022 жылдардағы түзетулермен) Конституция қабылдады немесе елеулі өзгерістерге ұшыратты.
Алғашқы 1993 жылғы Конституция 28 қаңтарда қабылданған, тәуелсіздік алғаннан кейінгі тұңғыш Ата Заң. Екіншісі 1995 жылғы 30 тамызда референдум арқылы қабылданған, бүгінге дейін қолданыста болған негізгі заң. Ал 2022 жылы 5 маусымдағы республикалық референдум нәтижесінде Конституцияның 30-дан астам бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген, бұл «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасына негіз болды.
Бірақ 1995 жылғы Конституцияға бұған дейін де (1998, 2007, 2011, 2017, 2019) бірнеше рет өзгерістер енгізілгенімен, 2022 жылғы реформа ең ауқымдысы болды.

2026 ЖЫЛ 15 НАУРЫЗ РЕФЕРЕНДУМЫНЫҢ НӘТИЖЕСІ

Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, дауыс беруге құқығы бар 12 482 613 мыңнан астам азаматтың – 73,12 пайызы референдумға қатысқан. Күннің алғашқы жартысында-ақ халықтың белсенділігі байқалған: мысалы, сағат 14:00-де қатысу көрсеткіші 51,93 пайызға жеткен. Кешкі сағат 20:00-де дауыс бергендер саны 9 миллионнан асқан көрінеді. Орталық комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіровтің мәлімдеуінше, референдумда дауыс беруге нақты — 9 127 192 адам қатысқан.
Дауыс беру қорытындысы бойынша қатысқан азаматтардың 7 954 667-ы немесе 87,15 пайызы жаңа Конституцияны қолдаған. Бұл нәтиже ұсынылған өзгерістерге қоғамның айқын сенім білдіргенін көрсетеді. Сонымен қатар, оң шешім елдің басым бөлігіндегі өңірлерде қолдау тапты (Ол туралы толық ақпаратты ұсынылған кестеден көре аласыздар).
Ал Референдумға шығарылған мәселені қабылдамаған азаматтар саны – 898 099 адам. Барлығы 146 558 бюллетень жарамсыз деп танылды.

ӨЗГЕРІС

Жаңа Конституция негізгі заңның шамамен 84 пайызына өзгеріс енгізді. Ең маңызды жаңалықтардың қатарында вице-президент лауазымының енгізілуі, бір палаталы Парламент – Құрылтайға көшу, сондай-ақ Халық кеңесі атты жаңа консультативтік органның құрылуы бар. Президенттікке үміткерлерге қойылатын талаптар да күшейтіліп, мемлекеттік немесе сайланбалы қызметте кемінде бес жыл тәжірибе болуы міндеттелді. Сонымен бірге азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, жеке деректер қауіпсіздігі, тіл мен дін мәселелері, отбасы институты және халықаралық келісімдерге қатысты нормалар нақтыланды.
Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгерістер саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған. Алайда олардың тиімділігі қабылданған нормалардың іс жүзінде қалай жүзеге асатынына байланысты болмақ. Яғни, реформа қағаз жүзінде ғана емес, нақты өмірде де нәтиже беруі тиіс.

ОБЛЫС КӨРСЕТКІШІ

Жетісу облысында өткен референдум да қарқынды әрі ұйымдасқан түрде өтті. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев жұбайымен бірге Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында орналасқан №389 учаскеде дауыс беріп, өз таңдауын жасады. Өңір басшысы бұл науқанды ел болашағына әсер ететін маңызды қадам ретінде бағалады.
Өңір бойынша дауыс беруге құқығы бар тұрғындар саны 437 мыңнан асқан. Соның ішінде екі жарым мыңнан астам адам алғаш рет дауыс беріпті. Жалпы облыста 468 учаске жұмыс істеді. Оның 40-ы белгілі бір санаттағы азаматтарға арналған арнайы орындар – әскери бөлімдер, медициналық мекемелер мен басқа да жабық нысандарда ұйымдастырылған.
Барлық дауыс беру орындары қажетті құралдармен толық жабдықталған. Кабиналар, жәшіктер, сондай-ақ бақылаушылар үшін жағдай қарастырылған. Ұйымдастыру жұмыстарының сапасына ерекше мән берілгені байқалады.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қатысуы да назардан тыс қалмаған. Учаскелердің басым бөлігі бірінші қабатта орналасып, арнайы пандустар мен бағыттаушы белгілер орнатылған. Сонымен қатар көру қабілеті төмен жандарға арналған құралдар қойылып, арба пайдаланушыларға ыңғайлы кабиналар дайындалған. Талдықорған қаласында арнайы «Инватакси» қызметі жұмыс істеп, сурдоаудармашылар да тартылған.
Референдумның ашық өтуін қамтамасыз ету үшін облыста жүздеген комиссия жұмыс істеді. Барлығы үш мыңға жуық адам ұйымдастыру ісіне тартылып, дауыс беру процесін бақылап отырды. Бұдан бөлек, қоғамдық бақылау да жүзеге асырылды.
Сайлаушыларға ақпарат алу мүмкіндігі де жасалған. Учаскелерде қажетті мәліметтер, түсіндірме материалдар мен Конституция жобасының екі тілдегі нұсқалары орналастырылды. Сонымен қатар онлайн қызметтер мен уақытша тіркеу орындары іске қосылып, тұрғындарға қолайлы жағдай ұсынылды.
Референдум күні алғаш келгендерге, алғаш рет дауыс берген жастарға және жасы үлкен азаматтарға шағын сыйлықтар берілді. Ал облыс тұрғындары үшін қоғамдық көлік сол күні тегін жүрді. Мұның бәрі халықтың белсенділігін арттыруға бағытталған шаралар ретінде ұйымдастырылды.
Референдум қорытындысы қоғамның өзгерістерге дайын екенін аңғартты. Жоғары қатысу мен қолдау деңгейі жаңа Конституцияның дәрежесін күшейтті. Ендігі негізгі міндет – осы реформаларды толық әрі тиімді жүзеге асыру. Бұл Қазақстанның саяси жүйесін жаңартып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға мүмкіндік беруі мүмкін.

Ғаламтор желісіндегі жаңалықтар негізінде материалды дайындаған:
Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ