Қашықтықтан оқытуға дайынбыз ба?

0
1736

Коронавирус індетінің таралуына орай оқушылар  тоқсандық каникулға бір апта  ерте шықты. Көзді ашып-жұмғанша демалыс уақыты аяқталғанымен,  жаһанды  тәубеге  келтірген вирустың беті қайтар емес. Сондықтан мектеп оқушылары төртінші тоқсан сабағын  қашықтықтан оқитын   болды.

Әлбетте, дәл қазіргі тұста  онлайн немесе қашықтықтан білім беруге сақадай-саймыз ба, жоқ па деген сауал қоюдың да басы артық. Бұл тәжірибеге бейбіт заманда көшсек, мәселенің түйіні тарқатылмай кейінге шегеріле беруі мүмкін ғой. Себебі кей ауылға интернет жетпейді, тіпті толықтай  компьютерленбеген мектептерде бар дегендей. Алайда, дәл қазіргі тұста  осы жолды таңдауға мәжбүрміз.  

Қырық  жыл мектепте бастауыштан сабақ берген Зәуре  апайдың айтуынша, оқушының алдында тұрып сабақ берген мен қашықтан оқытқан екі бөлек дүние. Неге десеңіз, адамда  эмоция болады. Методика деген бар. Онлайн сабақ бергенде оны қолдану екіталай. Әрі мұғалімнің қас-қабағына қарап түсінетін оқушылар бар. Неше түрлі сабақ беру әдісі арқылы жақсы білім беретін ұстаздар көп. Тіпті, кей балалар сабақты тәптіштеп түсіндірген соң ғана әзер қабылдап жатады. Балалардың қабылдау деңгейі әртүрлі. Дей тұрғанмен,  мынандай ауыр шақта бала білімсіз қалмауы керек, оқуы тиіс. Баланы босаңсытпау керек. Жалпы, бұл орынды шешім дейді.

Бұл жайында  Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов  аз уақыт ішінде жұмыс тобы құрылып, мамандар жаңа форматтағы білім жүйесінің моделін жасағандығын айтты. Соныман қатар індет кезеңінде оқу үрдісін ұйымдастыру бойынша уақытша шаралар енгізген көршілес елдердің тәжірибесі, халықаралық тәжірибе зерделеніпті. Мұғалімдер балаларды жаңаша оқытуға дайындалуда. Оқушылар үшін 2 мыңнан астам телесабақ әзірленбек.

Министр әлеуметтік желідегі парақшасында: «Уақытша қашықтан оқыту кезінде мектеп оқушылары қажетті техникамен қамтамасыз етіледі. Қашықтан оқыту жүйесі бойынша қиындықтың туындауы мүмкін екенін жақсы түсінеміз. Бір отбасында бірнеше оқушы оқыса, бір компьютер мен бір смартфонды пайдаланудың ыңғайсыздығы немесе қажетті техниканың мүлдем болмауы мүмкін. Кейбіреулерде интернет байланысы да жоқ. Президент қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тапсырма берді. Бұл мәселе қазір ерекше бақылауда. Әкімдіктермен бірлесе отырып, мектептегі компьютерлерді оқушылар мен мұғалімдерге уақытша пайдалануға беру, тіпті, қажет болған жағдайда, мектептерге қосымша техника (планшеттер немесе компьютерлер) сатып алып, оларды да уақытша пайдалануға беру мәселелерін қарастырудамыз. Кейбір өңірлер бұл жұмысқа кірісіп кетті», – деп жазды.  

 Сәуірдің алтысы күні басталатын қашықтықтан оқытуға Алматы облыстық  білім басқармасының дайындығы қандай? Өңір бойынша қанша оқушы онлайн негізінде үйде білім алады,  онлайн білім алудың негізгі ереже, тәртіптері  қандай? Ұстаздарға онлайн оқыту бойынша дайындық, түсіндірме жұмыстары жүргізілді ме? Интернет, тіпті компьютерге қол жеткізе алмай отырған  отбасылар бар, бір үйде бірнеше бала білім алатын отбасылар бар. Олардың  мәселесі қалай  шешімін таппақ? Ұлттық бірыңғай тестілеуге мектеп бітірушілердің дайындығы қалай жүзеге асырылмақ?  Бұл туралы   Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл ОМАРОВА   былай дейді.

–  Өздеріңізге белгілі, қазіргі кезде әлем болып індетті тоқтату мақсатында жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде, жастар мен балалардың өмір қауіпсіздігі еліміз үшін өте қымбат. Қазіргі жағдайда оқушылар мен жастарды қашықтықтан оқыту –  елімізде қабылданған маңызды шешім. Мұны әр қазақстандық байыбына барып, түсіністікпен қабылдауы тиіс.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2020 жылғы 14 наурыздағы № 108 бұйрығына сәйкес жоғары оқу орындары мен кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының білім алушылары толық қашықтықтан оқытуға көшірілді және 2020 жылғы 31 наурыздағы № 121 бұйрық негізінде  мектеп оқушылары 6 сәуірден, яғни, төртінші тоқсанның басынан қашықтықтан оқытылады.

 Қашықтықтан оқытуға көшу бойынша облыстық білім мекемелерімен, білім беру процесіне қатысушы педагогтармен және де ата-аналармен толықтай бағытталған жұмыстар жүргізілді. Ата-ана мен мұғалімдерге, оқушыларға қашықтықтан оқыту онлайн платформаларында қалай жұмыс істеудің әр қадамын көрсететін ұсынымдардың сілтемелері мен онлайн оқытудың қадамдық нұсқамасы беріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Оқу-әдістемелік орталық тарапынан тәжірибелі мамандардан құрылған педагогтардың ассоциациясы бейнесабақтарды әзірлеп,  You Tube  каналына жүктеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл сабақтарды облыс бойынша мұғалімдер ресурс ретінде пайдалана алады.

 Бүгінде облыс бойынша 760 мектепте 411 036 оқушы білім алады, оның  36 3876 (89%) оқушысында компьютерлік техника бар (компьютер, ноутбук, планшет, смартфон), оның ішінде 353399 (86%) оқушының Интернет желісіне қолжетімділігі бар (кабельді және мобильді 3/4G). Бүгінгі күні мектептердегі бар 5942 компьютер оқушыларға уақытша қолдануға берілді, 56 компьютер демеушілер арқылы алынды. Білім мекемелері бойынша оқушылардың 86% Интернет желісі арқылы қашықтықтан оқытумен қамтылады деп жоспарлануда, аталған оқушылармен кері байланыс «Күнделік» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Оқушыларды қашықтан оқыту Интернет желісімен Bilimland, DarynOnline, Edu Page, Zoom білім беру платформалары арқылы жүзеге асырылады. 

 Интернет желісі қолжетімсіз немесе жылдамдығы төмен елді мекендердегі ұстаздар мен балаларға «Балапан» және «Ел-Арна» телеарналарында 1-11- сынып оқушыларына арнайы сабақ кестесі жасалып, аптасына 5 күн сабақ өткізіледі. Алайда, біздің өңірдің шалғай елді мекендерінде «Балапан», «Ел-Арна» телеарналары қолжетімсіз болғандықтан, «Жетісу» телеарнасынан арнайы уақыт бөлініп, жоғарыдағы   2 телеарнаның мемлекеттік стандарт талаптарына, оқу бағдарламаларына сәйкес телекөрсетілім эфирден қайталап беріледі. Осылайша, теледидар арқылы оқытумен 57505 (14%) оқушы қамтылады, кері байланыс пошта және еріктілер арқылы жүргізіледі.

Сондай-ақ, облыстағы дарынды балаларға арналған арнаулы білім беру ұйымдарының оқушылары өздерінің жеке сұраныстары бойынша мұғалімдерімен келісіп, қосымша онлайн-сабақ ала алады.

 Қазіргі уақытта педагогтар жұмыстың өздеріне оңтайлы және әртүрлі түрлерін (бейне сабақтар, өзіндік жұмыс, онлайн-курстар, чат-сабақтар, веб-сабақтар, телеконференциялар мен форумдар және т.б.), қолжетімді ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (скайп, телесабақ, modul, zoom, электрондық пошта, WhatsApp және Telegram чат, Zoom, Moodle және т. б.) қолданып, дағдыларын қалыптастыруда. Ал педагог-психологтар қашықтықтан оқыту жағдайында білім алушылар мен олардың ата-аналарына  психологиялық қолдау көрсету мақсатында онлайн-кеңестер жүргізуде.

Қашықтықтан оқу барысында сабақ кестесі мектеп алды даярлық сыныптарына, 1-9 сыныптарға сағат 8.30-дан, 10-11 сыныптарға сағат 14.00-ден дүйсенбіден жұманы қосқанда 30 минутқа дейінгі аралықта жасалады.

Сондай-ақ, 1 сәуірде мектеп алды даярлық сыныптарына, 1-9 сыныптарға сағат 09.00-ден, 10-11 сыныптарға сағат 14.00-ден сынама сабақтары, 2 сәуірде сағат 10.00-де мектепалды даярлық сыныптары, 1-4 сыныптар, сағат 12.00-де 5-9 сыныптар, 14.00-де 10-11 сыныптар ата-аналары үшін «Біздің мектепте қашықтан оқыту қалай жүргізіледі?» жиналыстары, 3 сәуірде сағат 10.00-де мектепалды даярлық сыныптары, 1-4 сыныптар, сағат 12.00-де 5-9 сыныптар, 14.00-де 10-11 сыныптар оқушылары үшін «Мен қашықтан қалай оқимын?», «Өзіңді вирустық аурулардан қалай сақтауға болады?» жиналыстары қашықтықтан өткізілді.

 Сонымен қатар, қашықтықтан оқытуда біршама қиындықтар да кездесуде.

Педагогтардың ақпараттық құзыреттілігін анықтау мақсатында мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде 7 300 педагогтың қашықтықтан оқыту технологияларын қолдануда қиналатындықтары анықталды. Аталған мәселені шешу үшін педагогтарға қашықтықтан оқытуда платформаларды пайдаланудың жолдарын меңгерту үшін «Ұстаз» орталығында онлайн курстар ұйымдастырылуда. Мұнымен қоса  Алматы қаласындағы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы филиалымен бірлесіп, мектеп басшыларына, педагогтарға қашықтықтан оқытуда кездесетін кедергілер және оны шешу жолдары жайлы вебинарлар, интернет-форумдар ұйымдастырылады.

Интернет желісіне және басқа да байланыс құралдарына қолжетімділігі жоқ білім алушылардың оқу тапсырмалары бір аптаға әзірленіп, еріктілер арқылы балаларға жеткізіледі және орындалған жұмыстар жинақталады.

Төтенше жағдайға байланысты 2020 жылдың наурыз айындағы ҰБТ мерзімі де кейінге ауыстырылды. Қазіргі уақытта мектеп түлектері Ұлттық тестілеу орталығының сайтында ҰБТ онлайн байқау сынақтарын тегін тапсыру мүмкіндігін иеленді.

Қазірде орын алып отырған жағдайға байланысты қашықтан оқыту тек Қазақстан ғана емес, әлем елдерінде қолданылып отыр. Осыған орай, ата-аналар мен педагогтар ұжымы толық қолдау көрсетіп, індеттің таралуының алдын алуға бар мүмкіндігін пайдаланады деген сенімдеміз.

 P.S. Қалай болғанда да, еліміздің оқушылары  жаңа жүйе бойынша білім алуға көшеді. Мұның аясында әлі талай сын-ескертпе айтылатыны да заңдылық. Сан түрлі кемшіліктің болатынын министрлік те жасырмайды. Себебі, төтенше жағдайдың салдарынан еш дайындықсыз көштік. Бастысы – оқушылар білім алудан қол үзбеу керек. Ал, мектеп бітіруші түлектер үшін де сынақ жылы болғалы тұр.  11 сынып оқушыларының наурыз айында тапсыратын ақылы тест сынағы (ақшасы төленген) да өткен жоқ. Алда пәндер бойынша емтихан, арғы жағында жоғары оқу орнына түсу үшін бағы сыналатын ҰБТ бар. Оған дейін коронавирус кеселінің  беті қайтып, қалыпты өмірге ораламыз деп сенейік.

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.   

Кілтсөздер:БІЛІМ


ПІКІР ЖАЗУ