“Қазақ тіліне қызмет етуді жалғастыра беремін”

1578
"ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУДІ ЖАЛFАСТЫРА БЕРЕМІН"

Қазақ тіліне шынайы жанашырлық танытып, оның өркендеуіне  сүбелі   үлес  қосып,  зерделі зерттеулер жасап жүрген түрік ғалымдарының бірі – Оғыз Доған. Ол – тілдің мәртебесін көтеруде  әлеуметтік желіде  өзекті  мәселелерді қозғаған қазақ тіліндегі бірқатар ғылыми еңбектердің авторы.  Филология ғылымдарының докторы Оғыз мырзамен әңгімелесудің  сәті туды.

 АЛАТАУ: – Оғыз мырза, кез келген адамды тілімен, туған елімен, жерімен байланыстыратын бір керемет сезім бар. Ал сізді қазақ тілі және Қазақстанмен не байланыстырады? Мұнда келудегі мақсатыңызбен бөлісе отырсаңыз?

Оғыз ДОҒАН: – Менің ғана емес, бүкіл түркі баласының арасында Қазақстанмен үзілмейтін бір байланыс бар. Себебі, күллі түркі жұртының түп тамыры, ең қымбат әрі қасиетті мекені Қазақстан болып табылады. Мәселен, мұсылман халқы  үшін Мекке мен Медина қалалары рухани қасиетті мекен болса, ұлттық тұрғыдан қазақ жері де түркі халықтарының атажұрты деп есептеймін. Мектеп қабырғасында оқып жүргенімде ақын Мағжан Жұмабаевтың:

«Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тілім,

Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім,

Таралған түрік балаларын бауырыңа

Ақ қолыңмен тарта аларсың, сен, тілім!» деген өлең жолдарын көңіліме тоқып, оны Мағжаннан маған берілген тапсырма, өсиеті деп қабылдағанмын. Сол тұстарда қазақ елі мен жері бізге беймәлім болса да, Мағжан өлеңдері арқылы атамекенді танып-білдім. Осылайша жоғары оқу ор-нын тәмамдай салысымен 1995 жылы атажұртымыз – Қазақстанға алып-ұшып жеткенмін. Елге алғаш қадам басқан сәттегі толқынысым мен қуанышымды  сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тіпті, ұшақтан түсе сала қасиетті қазақ жеріне тәу еткенім де әлі есімде. Келген соң Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде, Шымкент пен Кентау қалаларындағы оқу орындарында  қызмет атқардым.

АЛАТАУ: – Бүгінде қазақ тілінің мәр-тебесін көтеру мақсатында елеулі еңбек етіп жүрген өзге ұлт өкілдері саусақпен санарлық. Сіздегі қазақ тіліне деген қызығушылық пен құрметті оятқан не нәрсе?

Оғыз ДОҒАН: – Қазақ тіліне деген қы-зығушылығымды оятқан бірден-бір дү-ние – Мағжан өлеңдері еді. Бұған қоса, анам да қазақтың қызы болғандықтан, өзімді қазақпын деп есептедім. Жоғарыда айтып өткенімдей, саяси қуғын-сүргін құрбанына айналып, жас болса да ұлты үшін күресіп, жанын пида еткен Мағжанның шығармашылығындағы әрбір ой мен айтылған әрбір сөз мен үшін, жалпы түркі баласы үшін берілген бұйрық іспетті. Сол себепті «Қазақ тілін қорғау – Мағжанның маған берген өсиеті» деп айтып жүремін.

АЛАТАУ: – Өзіңізге белгілі, 2025 жылға дейін Қазақстан латын әліпбиіне толығымен көшетіндігі жоспарлануда. Сіздіңше қазақ тілінің мәртебесін көтеруде жаңа әліпбидің алар орны қандай? Белгілі бір артықшылықтары бар ма?

Оғыз ДОҒАН: – Латын әліпбиіне көшуді барынша қолдаймын. Тіпті, Қазақстан бұл мәселеде сәл кешікті деп те айтуға болады. Себебі, қазіргі таңда қолданып жүрген кирилл әліпбиінен жаңа әліпбиге ауысудың артықшылықтары баршылық. Біріншіден, латын әліпбиіне көшу арқылы қазіргі қазақ тілінің дыбысталуындағы өзгерістерден арыламыз. Яғни, қанша ғасыр бойы орыс халқының таңбасын қолданып келгендіктен, қазақтың төл дыбыстары өзгеріске ұшырап, қолданыстан қалып барады. Екіншіден, латын әліпбиіне көшу арқылы Қазақстан түркі әлеміне жақындай түспек. Алайда, түркі халықтары бір-бірінің тілін жақсы ұғынып, тез үйреніп кетуі үшін таңдаулы тіл мамандарын тарта отырып, латын әліпбиінің ең жақсы әрі қолайлы нұсқасын таңдаған абзал. Өз басым Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының ұсынған әліпбиі қазіргі таңда түркі әлеміне ең ыңғайлы нұсқа деп есептеймін. Бүгінде әлі заң жүзінде бекітілмесе де, айналамызда қолданылып жүрген нұсқаны тіл білімі саласының маманы ретінде аса құптай бермеймін.  Ал болашақта түркі әлемінде қазақ тілі көш бастайды деген сенімдемін. Егер Қазақстан латын қарпін жақсы игеріп, дұрыс қалыптастыра білсе, басқа түркі тілдес халықтарына қазақ тілін меңгеру оңайға түспек.

АЛАТАУ: – Қазақстанда тұрып, қазақ тілінің сақшысы болып жүргеніңізге біраз болды. Осы уақыт аралығында ана тіліміздің қадір-қасиетін ұғыну мен тілді қолдану мәселелерінде алға ілгерілеушілік яки кемшіл тұстарымызды байқап үлгердіңіз бе?

Оғыз ДОҒАН: – Жұртшылыққа тіл мәселесін көтеруші ретінде 2017 жылғы «Air Astana» оқиғасынан кейін таныла бастадым. Бұл жағдайды көпшілігі қара пиарға балады, өзін танымал ету үшін жасалған жымысқы әрекет деп те ойлады. Алайда бұған дейін қазақ тілінде жазылған еңбектерім мен атқарған жұмыстарымды ғылыми ортадағы әріптестерім, ғалымдар бағалайтын әрі қолдайтын. Мәселен, Мағжан өлеңімен алғаш танысқан 9-сыныпта қазақ тілі үшін қызмет атқаруға өзіме ант бердім. Содан университет қабырғасына оқуға түскенімде өз қалауыммен түркология факультетін таңдадым. Кейін магистратура мен доктарантурада да саналы түрде қазақ тілін таңдап, сол тілде ғылыми деңгейде еңбектер жаздым. Магистратурада оқып жүргенімде «Қазақ, ноғай және қырым тілдеріндегі мақал-мәтелдердің тілдік ұқсастықтары» туралы зерттеу жүргіздім. Ал доктарантурада зерттеген «Қазақ тілінің фонетикасы» атты диссертациям Түркияның танымал баспаларының бірінен кітап болып басылып шықты. Сондай-ақ, «Қазақ тілінің алғашқы грамматикасы» атты кітабым 2003 жылы Түркияда жарық көріп, бұл еңбек екі мәрте басылды. Сатылымда біткен соң үшінші рет қайталап басу жоспарда бар. Қазақ тілінің мәртебесі жөнінде сөз қозғап, әлеуметтік желіде көп талқыланғаннан ке-йін мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бойынша өзгерістер баршылық деп айтуға болады. Біріншіден, мен осы ісім арқылы қазақ бауырларыма рух бердім деп ойлаймын. Екіншіден, біз жазып жүрген ғылыми еңбектер тек ғылыми ортада талқыланып, сұраныста болған еді. Ал бұл оқиға арқылы тіл мәселесі әлеуметтік тұрғыда қаралып, көп-теген адамның бас көтеруіне түрткі болды деп есептеймін. Қазақ тілі – түркі тілдерінің ішіндегі ең бай тілдердің бірі. Қазақ халқы көшпелі ғұмыр кешкенімен, оның ауызша және жазбаша таралған әдебиеті сан ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, тілдік қоры ерекше дамып отырған. Өз басым түрік жастарына «үйренуге тиісті тілдердің бірі – қазақ тілі» деп әрдайым айтып жүремін. Осындай қазыналы, бай тілді сақтап қалу – бүгінгі және болашақ ұрпақ алдындағы басты жауапкершіліктердің бірі.

АЛАТАУ: – Ана тіліміздің мәртебесі мен тілге деген құрметті жас ұрпақ бойына сіңіруде не істей аламыз?

Оғыз ДОҒАН: – «Тәрбие – тал бесіктен» дейді қазақ. Сол секілді ана тілімізді өскелең ұрпақ санасына жастайынан сіңіру – ардақты аналар қолында. Себебі, ұлттық сана-сезім мен құндылықтарымыз, рухани тәрбиеміз бойымызға қалай ана сүтімен даритын болса, ана тіліміз де дәл солай бойымызға сіңеді. Мәселен, мектепте ұстаз оқушысына әр нәрсені нақты тәптіштеп түсіндіріп, үйретеді емес пе? Ал отбасында, ата-анамыздың жанындағы тәлім-тәрбиені бізді отырғызып қойып үйретпесе де, солардан көріп, естігеніміз бен көңілге түйгеніміз бойынша аламыз. Сол себепті, қазақ тілінің асқақтап жоғары дәрежеге көтерілуі мен жас ұрпақ санасында тілге деген құрметтің қалыптасу жауапкершілігі аяулы аналардың мойнында деп есептеймін.

АЛАТАУ: – Қазір немен айналысып жүрсіз? Алдағы уақытта қазақ тілі мен оның болашағы үшін қандай істер атқармақ ойыңыз бар?

Оғыз ДОҒАН: – Қазақ тілін ғана емес, түрік, қырғыз, өзбек, әзірбайжан, түркімен тілдерін жетік меңгергендіктен соңғы 10 жылдан бері аударма ісімен айналысып келемін. Бұған қоса, тарихшы болмасам да, қазіргі таңда Алашорда жайлы кітап жазудамын. Себебі, Түркия елінде әлі күнге дейін Алашорда туралы бір де бір кітаптың жарық көрмеуі мені қатты қынжылтады. Алла қаласа, түрік тіліндегі кітабым аяқталуға шақ қалды.

Ал қазақ тілі үшін атқарар жұмысым әлі де көп. Қайталап айтамын, мен өзге ұлт өкілі емеспін, қазақпын. Біз түркі елі – бір бұлақтан су ішкен халықпыз, біз – бір ұлтпыз. Сол үшін рухани көсем Мағжан ақынның ізімен қазақ тіліне қызмет етуді жалғастыра беремін. Қазақ тілін ең биік деңгейге шығармайынша, тоқтамақ емеспін.

АЛАТАУ: – Сүбелі әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Лина АЙДЫНҚЫЗЫ

Бөлісу:
ТегтерСҰХБАТ

ПІКІР ЖАЗУ