«Дәрігер міндеті – аурудың алдын алу»

1448

«Басы ауырып, балтыры сыздаған жанның бәрі дәрігерге барары хақ. Шықпас жанға себепкер болатын да дәрігер. Адам жанының арашасы аталған мамандардың қай-қайсын да ардақтауға тұрарлық. Білімі мен білігін ұштастыра білген бес аспап маман да осылардың арасынан табылады. «Қай жерің ауырса, жаның сол жерде тұрады» демекші, ауыздағы отыз екі тістің қадірін қақсағанда біліп жүрміз ғой. Осы мамандықты игеріп, көптің қошеметіне бөленген, еңбек жолын қатардағы дәрігерден бастап, лауазымды қызметкер дәрежесіне жеткен, тіс емханасында елеулі еңбек сіңіріп, кезінде Талдықорған облысы болып тұрғанда тіс емханасын заманауи техникалармен жабдықтап, алдыңғы қатарға шығарған Қанат Сапажанұлы Сапажанов туралы бір үзік сыр айтуды жөн көрдік.

Ардагер ағаның бірінші сәуір туған күні. Жетпіс алты жасқа келген ақсақалды туған күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Алақаны шипалы, көргені көп, көңілге тоқығаны одан да көп кәнігі дәрігермен науқастанып, «Құрақты» емханасында ем алып жүрген жерінен жолығудың сәті түсті. Сонау бала кезімізде «Дәрігерлер ауырмайтын шығар, өз тәнін өздері емдеп алады, дәрі-дәрмектің бәрі қолында», – деп қиялдайтынбыз. Сөйтсек мұның бәрі жалған екен. Құдіреті күшті бір Алланың қолында екенін, өмірді де, өлімді де, түрлі сынақты жіберетін бір Құдай екенін ес біліп, етек жапқанда білдік қой. Оның үстіне кешегі кеңестік идеология «Құдай жоқ» деп санамызды улап, күн көсемді құдай көріп табынғанымыз да рас-ты. – Аға, науқастанып қалыпсыз, Алла шипасын берсін. «Сексен көрейін деген жасым ба еді, быламық жейін деген ассым ба еді?» деген екен баяғыда бір қария. Сол айтпақшы, ақсақалдық жасқа жетіп, сары тісті болғанда, аурудың жаманы шаншу деуші еді, науқасыңыз сол емес пе? – Әй, балам-ай, аурудың қайбірі жақсы дейсің. «Жазым болса, быламыққа да тіс сынады» деген тәмсіл бар. Кәрінің дерті біте ме? Бұтағы арсайған, кәрі ағаш дауыл тұрмақ, жел соқса солқылдайды ғой. Бізді қойшы, өрімдей жастардың ауруы асқынып тұған жоқ па? Жүрек, бүйрек, қант, қан қысымы қыл аяғы ауыздарындағы тістері де бүтін емес деп, сыздаған жараның соқтасын жарып жіберді. – Дәрігердің біреуі өзіңізсіз. Бүгінгі медицинаға көңіліңіз тола ма? Өзіңіз баулып өсірген шәкірттеріңіз бар шығар. Оның үстіне бүгінгі дәрі-дәрмектің күшқуаты да солғын. Қысқа мерзімді емдеу, жекеменшік аурухана бар, бәрі ақшаға тәуелді, сапа жолда қалды, – дедім. Ширығып, көзілдірік астынан қарап отырған ардагер дәрігер тілдің тиегін ағытты: Көне гректердің философы Сократ айтып кеткен: «Үш мамандық, оның ішінде дәрігер, мұғалім тек Құдайдан» деп. Енді менің шәкірттерімнің ішіндегі нағыз дәрігерлік мамандыққа берілген бірі де бірегейі – Қызырхан. Бұл сияқты азаматтар өте аз. Кеңес Үкіметі құлағаннан бері қарай бірталай уақыт өтті. Ол кездегі медицинаның дамуы өзі бір кезең болды. Ол кезең мен қазіргі кезеңді салыстыруға келмейді. Жалпы медицинаның бағыты – аурудың алдын алу. Ол дүниежүзілік медицина қауымдастығының өзінде де мойындалған. Америка Құрама Штаты Совет Үкіметінің медицинасын өзіне кіргізіп алды да, бізге жарамайтын қалдықтарын лақтырып тастады. «Біреудікі біреуге қыз көрініпті» дегендей, батысқа еліктейміз деп солардың заңын да, зәнталағын да сүзгіден өткізбей өзімізге жұқтырып алдық. Соның бірі – мынау портал, он күндік ем-дом. Егер кәнігі маман кадрлар мен заманауи технологиямен толықса жекеменшік емхана, аурухана болуға мен қарсы емеспін. Жекеменшік тұрмақ, мемлекеттік бюджеттен қаржыланатын ауруханаларда да аурудың алдын алу саласы кенжелеп қалды. Советтік кезеңде әрбір аудандық аурухана түгіл, кішкентай медпунктің өзінде орта білімді тіс дәрігері отыратын. Олардың барлығының жұмысы сол шаруа адамдардың тісін қарап, алдын алу шараларын жүргізетін. Мектептерде тіс дәрігері отыратын. 1979 жылы қалалық тіс емханасының бас дәрігері болып тағайындалдым. 1980 жылы сол тіс емханасын облыстық дәрежеге көтердік. Штат көбейді, бүкіл облыстық емханаға қатысты құрал-саймандары бір қолға үйлестірілді. Тіс емханасының 300-ге жуық атаулары бар. Осының барлығы жөнге келтіріліп, 1981 жылдан бастап ауылшаруашылығында жүрген шалғай аудандардағы орталық тұрмақ, малда жүрген малшылар мен механизаторлар егіс басында тістерін емдедетін. Олар алтыннан тіс салғызатын. Үкіметтің алтыны арзан әрі таза болатын. Сол шаруаларға қолжетімді болу үшін облыстық денсаулық сақтау бөлімінің бастығы марқұм Лұқпан Нұрғазинұлымен келісіп, механизаторлар ауылшаруашылығында жүрген адамдарды бірінші кезекте, Ұлы отан соғысына қатысқан ардагерлерді кезексіз қабылдап, тістерін емдеп, сұраныстарын өтейтінбіз. Қазір соның бірі жоқ. Ақшаң болса емделесің, жоқ болса, кетік ауыз кемпірауыздай таңдайдағы тамағыңды шайнап жұта алмайсың. Кеңестік кезеңде тістерін емдету үшін бізге алтынның арзандығын біліп шетелден емделуге әрі тіс салғызуға келетін. Ол кезде бір грамм алтын – 12 сом. Ол енді өте арзан. Ал, механизаторлардың айлық жалақсысы 100, 200, тіпті науқан уақтында кейбіреулері 300 сомнан алған комбайншылар болды. Тіс емханалары Алакөлден, Сарқаннан, Көксудан, Панфиловтан, Текеліден бастап, барлық аудандарда халыққа қызмет көрсетті. Тіпті балалар емделетін тіс емханасын аштық. Қаланың қазіргі 4 шағын ауданында әлі істеп тұр. Сол, тіс емханасының проектісін жасатқызып, 1982 жылы Дінмұхамед Қонаев келіп өзі ашып ризашылығын айтып кеткен, – деген Қанат ағамыз бүгінгі медицинаға деген көзқарасын да жасырмады. – Қазіргі медицинаға елдің қолы жете бермейді. Портал деген пәле шықты. Оны сарылып күтеді. Кезегі келгенше өліп кетуі де мүмкін. Ондай жағдайлар көп кездеседі. Бұл – менің жеке пікірім. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, бұрынғы жүйе дұрыс болды. Қазір мысалы ауруханаға 10 күн жатасың, 10 күннің ішінде сізді айықтыңыз ба, айықпадыңыз ба айдап шығады. Науқасыңыздың асқынған түрі басылса болды. Бұрын ауруды сауықтырмай, емханадан шығармайтын. Мысалы, кейбір аурулардың өзінің бір уақыты бар, 30-40 күн емдейтін. Ал елді мекендерде денсаулық саласы әлі ақсап тұр, мамандар жетіспейді. Ең сорақысы балаларға қатысты педиатор мамандығын жоғарғы оқу орындарында жауып тастады. Педиаторлар жетіспейді, ал бітіріп барған мамандардың көбісі ештеңені білмейді, ақшамен оқығандар. Ескіні аңсағаным емес, кеңес үкіметі кезінде жалпы медицинада конференциялар өтіп тұратын. Әрбір науқастың, әрбір аурудың түрін жеке-жеке талдайтын. Дәрігерлер білімін жетілдіретін, түрлі сынақтардан өтетін. Сонау Москва, Украинадан, басқа мемлекттер мен қалалардан айтулы дәрігерлер келіп тәжірибе алмасатын. Агитбригада болып елді мекендерді, шаруаларды аралайтынбыз. Түрлі технология алдық дейді, соны игеретін мамандар жоқ, қаңтарлып тұр. Медицинаны ақылы оқытудың өзі үлкен қателік. Мұнда білім жоқ. «Мұрның қайсы десең, құлағын ұстайды». Ол жалғыз медицина емес, бүкіл білім саласында солқылдап тұрған жара. Енді білім болмағаннан кейін қандай сапа күтесің. Дәрінің бағасы апта сайын өседі. Дәрілердің анықтамасын оқи да алмайсың, өте ұсақ әріптермен бір метр қағазға жазылған. Совет үкіметінде дәрінің жарамдылық мерзімі 10 жылға дейін болған. Олар өндіріске енгенге дейін қоянға, тышқандарға тәжірибе жасайтын. Ал қазіргі дәрідәрмекті білмейсің, асқазанға деп ішсең ертең бүйрегің ауырады. Жалпы, антибиотиктерге байланысты көңіл толмайды, – дейді. Қанат Сапажанұлы айтқандай, бүгінгі медицинаның көлеңке тұстары жайлы айтылып та, жазылып та жүр. Әсіресе, кадр мәселесінде тұралап тұрған саланың бірі де осы медицина. Білікті маманның жоқтығынан перзентханалардағы аналар мен балалар өліміне дәрігерлердің тікелей кінәсі бар. Тіс емханаларындағы кісі өліміне де жол берген – дәрігерлер. Шыбын жанына шипа іздеп келген дертті жандарға әу баста дұрыс диагноз қойылмай, жан-жақты сарапталмай, ағаттыққа жол беріп, артынан арыз жазып дәрігер деген атқа кір жұқтырып кеткендер де бой көрсетіп жүр. Білім мен біліктілік ұштаспаған сәтте әрі адамның тағдырына жауапты маманның өз ісіне немкеттілікпен қарауы медицинаның басына қара бұлт үйіріп тұрғанын білдіреді. Жемқорлықтың бір ұшы осы медицина саласында жатыр.

ТҮЙІН:

Қанат ағаның туған күні құжат бойынша – бірінші сәуір. Ал, өзінің айтуынша өмірге наурызда келіпті. Ата-анасы мал шаруашылығында жүріп, туған балаларына уақтылы құжат алмапты. Бұрынғы кезеңде жұмысбасты пенделердің бәрі сондай-ды. Ағаның да ата-анасы туу туралы құжатты кешеуілдетіп алыпты. Тіпті ағамыз атжалын тартып, қызметте жүргенде анасына жора-жолдасымды туған күнге шақырамын, қазан көтеріңіз деп, аста-төк дастархан дайындап, жолдастарын шақырса, «бірінші сәуір алдайтын күн», – деп ешкім келмей қойыпты. Ертесі келген жолдастарына құжатын көрсетіп, бірінші сәуір туған күні екенін дәлелдепті.

Айтақын МҰХАМАДИ

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ