«Jer Jannaty Jetisy»

0
1504

Жастар арасындағы жұмыссыздықтың кесірінен туындап жатқан этникалық қақтығыстарды жою мақсатында Алматы облысында ұйымдастырылған «Jer Jannaty Jetisy» жобалар байқауы жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Биыл алғаш рет ұйымдастырылған «JJJ» байқауына Алматы облысына қарасты ауылдың 35 жасқа дейінгі, жұмыссыз, қолданыстағы несиелері және ЖК(жеке кәсіп) жоқ кез-келген тұрғынына қатысу мүмкіндігі берілді. Байқау басталғаны туралы хабарландыру жарияланғаннан бастап облыс бойынша 80-нен астам бизнес-идея ұсынылған. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, Lider.Kz еріктілер клубының бизнес қоғамдастығының өкілдері және «Қоғамдық келісім» КММ-нің қызметкерлері бар арнайы құрылған конкурстық комиссия шешімімен 10 жоба үздік деп танылды.
Байқауға қатысушылардың бизнес-идеялары сан түрлі. Полиграфиялық қызметтер орталығы, ойындар мен ойын-сауық клубы, жиһаз құрастыру цехы, тамақ дайындау, балаларға білім беру орталығы, пластикалық терезелер жасау, тігін шеберханалары, сулулық салондары және тағы басқа көптеген ұсыныс болған. Мәселен, Ақсу ауданы Сағабүйен ауылынан қатысқан Мерей Серікұлы кеңсе қызметтерін ұсынатын мекеме ашқысы келетін айтады.
– Менің анам мұғалім болып қызмет атқарады. Содан білемін мұғалімдер бір құжатты жасау үшін 30 шақырым жердегі ауылға барады. Ылғи осы қиындықпен тап болып жүрген анама қарап, неге өзіміздің ауылда осы қызметті ұсынбасқа деп ойладым. Жобаны пысықтап, жан-жақты ойластырып, байқауда бақ сынадым. Менің ұсынысымды қабылдап, қолдау көрсетті. Ашылғаннан кейін төрт адамды жұмыспен қамту жоспарда бар. Осындай мүмкіндік туғанына өте қуаныштымын, алғысым шексіз – дейді жоба жеңімпазы Мерей Толқынов.
Салтанатты шара барысында Қоғамдық келісім КММ-нің директоры Сандуғаш Елубайқызы мен Алматы облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Әсет Шаяхметов меморандум құжаттарымен алмасты. Сонымен қатар жеңімпаздарды арнайы құттықтаған Алматы облысы әкімі орынбасары Рустам Али шара ұйымдастырушыларына алғысын білдіріп, жеңімпаздарға 500 мың теңгелік сертификаттарды табыс етті.

М.АКМАТОВА


ПІКІР ЖАЗУ