Бейсен Құранбек мұражайы ашылды

0
3135

Қазақ телевизия саласында ойып тұрып орын алған майталман тележүргізуші Бейсен Құранбек көзі тірі болғанда 9 жетоқсан күні 49 жасқа толар еді. Мәңгілік мекеніне аттанғанына жарты жылдан асса да, жұлдыздай жарқ еткен дара тұлғаны халқы жадынан бір сәтке де шығарған емес. Мамандығын жан-тәнімен сүйіп, ел-жұртына «Айтуға оңай», «Қарекет» сынды бағдарламалар арқылы жақын таныс болған белгілі журналистке осы уақыт аралығында көрсетілген құрмет те ерекше. Марқұмға арналып кітап шығарылып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Енді, міне, соның жалғасы ретінде Талдықорғандағы журналистер үйінде Бейсен Құранбектің шағын мұражайы ашылды.

аласқан мұражай бұрышына журналистің әр жылдары түскен фотосуреттері, көзі тірісінде пайдаланған бұйымдары мен марапаттары, айкидоға арналған спорттық киімдері қойылған. Шараның ашылу салтанатына жиналғандар арасында марқұмның туған туыс, дос-жарандары мен әріптестері бар. Олардың барлығы да Бейсен Абайұлының жарқын бейнесі жайлы естеліктерімен бөлісіп, оның журналистика саласының өсіп-өркендеуіне қосқан үлесінің елеулі екенін айтты. Алғашқылардың бірі болып сөз тізгінін ұстаған «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін марқұмның тұлғалық қасиеттеріне ерекше тоқталды.
– Журналистика – халықтың атынан сөз алып, халықтың атынан өкіл ретінде үлкен мінберлерге шығатын бірден бір мамандық. Міне, осы жолда Бейсен бойындағы бар қайратын, бүкіл табиғатын арнады. Қолдан келгенінше жұмыстар атқарды. Осылайша жалын атып жүріп көз алдымызда жанып кетті. Бейсеннің өзгелерден ерекшелігі неде деген ойға келетін болсақ, ол ең алдымен өзгелерге бақыт сыйлауға ұмтылған азамат еді,– деді ол.
Расында да, талантты журналист әр қазақтың басына түскен ауыртпашылықты бар болмыс-бітімі, жан-жүрегімен қабылдап, қабырғасын қайыстыра соларға барынша көмек көрсетуге тырысатын. Әр қазақты жалғызына балап,жәрдемдесуден шаршаған емес дейді көз көрген әріптестері. Солардың бірі – Бейсен Құранбектің жақын досы әрі әріптесі Серік Әбікенұлы.
– Бұл мұражай төрт ай бұрын ашылуы тиіс еді. Алайда Құранбек әулетіне арт-артынан үлкен қиындықтар келіп, Бейсеннің соңынан ата-анасы да бақилық болды. Сонымен бұл іс кейінге шегеріліп, бүгін, міне, осы шағын бұрышты Бейсекеңнің аруағы разы болсын, оны қадірлеп-қастерлейтін қалың қазақ осында келіп, оны бір сәт есіне алсын деген ниетпен ашып отырмыз. Досың туралы өткен шақта сөйлегеннен ауыр нәрсе жоқ екен. Десе де, Бейсеніміздің шырағы сөнген жоқ. Осындай шағын мұражайы қойылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли барынша қолдау көрсетіп, қолұшын созды,– деген ол Жетісу жұртшылығы арда ұлын әлі де ардақтайтынына сенімді екенін жеткізді.
Осыдан соң кезегімен сөз алғандардың бәрі Бейсен Абайұлының журналистік шебер-лігі мен адами қасиеті жайлы тебірене еске алды. Лента қию рәсімінен соң алғаш рет өткізілген Бейсен Құранбек атындағы олимпиада жарыстарының жеңімпаздары марапатталды. Алматы облыстық білім басқармасы жанындағы «Жетісу дарыны» атты орталықтың ұйытқы болуымен ұйымдастырылған сайысқа педагогтар мен оқушылар қатысқан. Атап айтсақ, ұстаздар қауымы «Жарқ еткен жасын ғұмыр» тақырыбында эссе, «Тұлғадан жеткен дара сөз» атты сөз зергерлері және «Талантымен танылған тұлға» атты шағын жоба роликтер сынды номинациялар бойынша бақ сынады. Ал оқушылар Бейсен Құранбектің шығармашылығы аясында берілген тақырыптар бойынша мақала жазып, шағын жоба роликтер қорғау арқылы додаға түскен. Жұмыстарды мәдениет және өнер саласы өкілдері, Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінен құралған әділқазылар алқасы бағалап, жеңімпаздарға арнайы диплом мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ