Нар тұлға Нәби еді нарқы бөлек

871

Өлінің қамын тірі жер,

Тірілер бірін бірі жер.

Тірілікте қашқан қадірің,

Өлгенде ғана білінер.

Өлінің қамын тірі жер,

Жоқтауын салып жүгінер.

Жоғалтып алған асылдан,

Айырылғанда білінер.

Бір күні бізде барамыз,

Сен аман болғай, сірі Жер!

                                           Нұрлан Мәукенұлы

 

     Иә, өлінің қамын тірі жейді. Аруағын аунатып, ас беріп құран бағыштайды. Одан басқа қолдан не келеді. Тіпті,  тірісінде түртпектеп, соңына шам алып түскендер, сол адам ақтық сапарға аттанғанда  жаназаға жиылған жамағаттан имам: «Жақсы адам ба еді деп сұрғанда, иә жақсы адам еді, жарықтық» деп жаман атқа қимай жатады. Ішіңнен күйініп, әттең жақсы адам екенін тірісінде неге айтпадық, неге бағалай алмадық – деп аһ ұрасың. Нәби Сарпеков те өмірден өткелі 13 жылдың жүзі болды. Асыл  ағаны да тірісінде бағалай алмадық. Соңынан шам алып түсіп, тіршілікте қадірін қашырдық. Жанып тұрған от еді ғой, от еді. Елдік мүдде, ұлттық намыс дегенде күндей күркіреп, найзағайдай шатырлайтын. 1989 жыл  Республика бойынша «Қазақ тілі» қоғамы жер-жерлерде құрылып жатты. Облыстан бастап  аудан, қалаларда құрылған қоғам Жаркент өңірінде де құрылды. Соның қоғамдық негіздегі президенті болып  Нәби Сарпеков сайланды. «Октябрьдің 40 жылдығы» колхозында  Екі мәрте Еңбек Ері Н. Головацкийдің қол астында партком хатшысы болып істеген Нәби аға колхоздың 100 мың сом қаражатын «Қазақ тілі» қоғамына аударып жіберген ғой. Үлкен бастыққа жандайшаптанған бәз біреулер  Головацкийге Нәбиді «колхоздың қаражатын шашты» –  деп жамандапты. Азуы алты қарыс, республика түгілі тікелей Москваның өзімен сөйлесетін колхоз бастығы Нәбиге шүйлігеді. Ақылмен, айламен арыстанның азу тісін алу Нәбиге де оңай соқпайды. Бұдан бөлек 1992 жылы республикалық «Азат қозғалысының» жаркенттегі аудандық ұйымының тең төрағасының бірі болып сайланып, ауданда әлеуметтік әділеттіліктің орнығуына дәнекер болды. Сол кезде ауданды басқарған бірінші хатшы Асылмұрат Тұрғанбековтың  іс-әрекетіне, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған бірінші басшыға ашу-ызаға булыққан халық теңіздей толқыды.  «Халық теңіз – хан  көбік, теңіз толқыса – көбік жағаға шығады» –дегендей,  арқа сүйер халықты өзіне қарсы қойып алған басшыны тұмсықтыға  шоқытпай, қалың бұқараны  сабырға шақырып,  елдің бірлігі мен ынтамағын сақтап қалған Мәлік Балғабаев, Нұрсаулет Беляков, Әділжан Сегізбаев, Нұраділ Бегімбет, Болатбай Көбенбаев, Роза Ыстай, Нұрбай Шабеков, Айгүл Әлімжанова, Дүйсен Әлімжанова тағы да басқа   азаматтардың басын қосып,  ұйыстырып істің бас жағында  Наби аға жүрді.

      Аузын ашса  көмекейі көрінетін  қайран ағам  ешкімді алалап,  бөлген емес. Қайта  ел ішіндегі  еті тірі, елгезек жастарды, талантты ұл-қыздарды көрсе қанатының астына алып, қолұшын созып жүретін. Қазақ «көзден кетсе, көңілден таса болады» дейді. Есімі күнгейленгенмен елге-жерге жасаған ұлағатты істерін өз басым түрлі басқосуларда айтып жүремін. Мынау жарық дүниеде  қамшының сабындай ғана ғұмырда қуаныш пен қайғы қатар жүреді. Біреуге ажал ерте, біреуге кеш дегендей. Жас айырмашылығымыз жер мен көктей болса да аға мен інідей араласып, құрдастай сырласып жүрген Нәби Сарпеков бауырым  көктемнің жайма шуақ күдерінде  құдай қосқан қосағы Жаңылмен Алматыға құдалыққа барып, аяқ астынан қан қысымы көтеріліп дүние салды. Күллі мұсылман қауымы тойлайтын  22 наурыз күні қарсаңында дәм тұзы таусылған абзал азаматтың жарқын бейнесі, ақ жарқын күлкісі, бір нәрсеге ренжісе,  екі қолын бір сілтеп кететін шалт қимылы, бәрі-бәрі көз алдымда. Бірде облыс орталығы Талдықорғанға келіпті. Маған Сәуле Ахмадиева телефон шалып:  «Әй, сен қайда жүрсің, біздің құрақ ұшып күткенімізді місе тұтпай, мына жан бауырың сені іздеп жатыр, тездетіп жет» деді. Барсам, баяғының сал-серілеріндей  төрге жайғасқан,  қолтығында қос жастық. Қыз-жіттердің ортасында  әсем ән мен тәтті күйге балқып отырған Нәби аға мені көре салып: «Ой, Айташ, мына жарық дүниде барсың ба? Қайдасың сені табу мұңға айналды, сен жоқ, мына арулардың алдында жағым қарысып, тілім байланып қалды. Мына Сәуле айтысқа шақырып  қоймайды, ақыңды төлейін мені құтқар» деп күлді.

     – Әй, Нәке аға, айтыстың түрі көп қой, түнгі айтыс па, жоқ, күндізгі айтыс па деп  әңгіме  арнасын  қалжыңға бұрып, арғы атаңыз «Сатай»  ақын емес, батыр еді, жағдайыңыз мүшкіл екен, күндізгі айтыстан құтқарайын, ал түнгі айтысқа екі балағыңды түріп өзіңіз кірісіңіз дедім. Қарқылдап күліп, мәз-мәйрам болып: «Әй Айташым-ау, жарайсың, бір ажалдан құтқардың, қасыма келші, мыналарға айбатымызды көрсетіп отыралық» деп, қасына шақырып алды. Әңгіме дүкен құрып, өткен-кеткенді айтып, түннің бір уағына дейін отырдық. Нәби ағаның ұлттық мүдде десе жанып беретін қасиеті бар-ды. Әдеп-ғұрып, салт-дәстүрді ерекше қастерледі. Насихаттап та жүрді. Іскерлігіне қайран қалатынмын. Жоқтан бар жасау Нәби аға үшін түкке тұрмайтын. Ұдайы тынымсыз  қарбалас тірліктің жетегінде жүретін. Марқұм  қан қысымы көтеріліп, аурухана төсегінде жатып, бір есін жиғанда: «Мені мына жерден шығар, көктемгі егіс жұмыстары басталды, шаруа  деген шаш етектен ғой» деп  орнынан тұруға әрекеттеніпті. Бұл неткен қайсарлық? Жан алқымға келіп қалған ажалға мойынсынбай, күйбің-тірліктің тізгініне жармасқан алтын бауырым сол жығылғаннан қайтып тұрмайтынын өзі де, жан жары, бауырлары, біз де білмей қалдық.  Қашан барсаң үлкен басын кішірейтіп, маңайына кіл өнерпаздарды жинап алатын. Өскемендік  Абаш Кәкеновты  бірге туған бауырларынан артық көретін. Оның әншілігіне  домбыра тартысына сүйініп отыратын. Қолы ашық жомарттығына баға жетпейтін, жолдастыққа берік азамат еді. Сол ақкөңілдігінен  таяқтың бір ұшы өзіне тиіп жататын. Ары, жаны таза азамат,  соның бәрін  екі иығымен көтере білді. Бір жиында облыс әкімі болған Заманбек Нұрқаділовпен де ел жағдайына байланысты сөзге келіп ұстасып қалыпты.

     – Әй Нәке аға, «Батыр аңғал келеді»  деуші еді осы аңғалдығың ғой, жардан жантақ іздеген түйедей құлап қалатыныңыз, кішкене айлакер болмайсыз ба? десем, «Сүттен ақ,  судан  таза кім бар дейсің? Мен де жұмыр басты пендемін жаңылысуға хақым бар» деп, қара қылды қақ жарып тастайтын. Бүгінде сол абзал ағаның сара жолына көз жүгіртіп отырсам,  соңынан шырақ алып түскен азаматтардың біреуінің жолына бөгет болмапты, кеудесіне кек сақтамапты, керісінше солармен аралас-құралас жүрді. Міне, тәрбие, тәлім деген қайда жатыр? Бір кіндіктен өрбіген сегіз ағайынды Сарпековтер әулетінің ішіндегі көппен тіл табыса білетін, таудан аққан сарқырамадай тұнықтығы, пәктігі жүзінен көрініп тұратын осы Нәби еді.

      Нәби аға өмірден озған соң бауырларымен біраз жақындасып көрдім. Шынын айтайын,  ешқайсысының  іші бауырына кіріп  кете алмадым. Олар да маған Нәби ағадай жақындасып кеткен жоқ.  Бірде Нәби аға Талдықорғанға келгенде қыстың көзі қырауда аяғын мертіктіріп алды. Бұл оқиғанның желісі жырдан қызық : «Нәке аға,  ауыз бастырық бермесең, Жаңыл жеңешеме терезеден қалай секіргеніңді айтамын» десем,  «Әй, Айташ, сенің ақылың бар ғой, ақын деген екі елді біріктіреді, жауластырмайды» деп сөз тауып кетті. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген қазақтың тәмсіл сөзі қалай орынды айтылған? Баламен баладай, данамен данадай тіл табысқан қайран бауыр, аптал азамат жұдырықтай жүрегімнің түпкірінде мәңгі қалып қойды. 2007 жылы 19 наурызда кенеттен келген тосын ажал ардақты ағаны отбасы, ошақ қасы, туған-туыс, жолдас жораларынан айырып алып кетті.  Ұлардай шулаған халық, қаралы жұрт сол жылы  наурыздың 22-де Нәби  Сарпековты ақтық сапарға шығарып салды. «Өз елі, өз ерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деп  құлгер ақын Ілияс Жансүгіров айтқандай, Жаркенттің күллі халқы, көзінің тірісінде туған еліне-жеріне сіңірген ебектерін елеп, Нәби Сарпековке аудан орталығында үлкен көшелердің біріне есімін беріпті. «Жақсының аты, ғалымының хаты өлмейді» деген осы! Нар тұлға Нәби еді нарқы  бөлек. Жатқан жерің жайлы, жаның жанатта, топырағың торқа болсын, асыл аға! Мен сізді ұмытқан жоқпын. Жаркент жаққа барсам, алдымнан аңқылдап сіз шығатындай боп тұрасыз!…

А. МҰХАМАДИ.

Бөлісу:
ТегтерТҰЛҒА

ПІКІР ЖАЗУ