«Соғысқа аттанғанда әкемді тyрмеге әкетті»

0
1019

Халқымыздың басынан небір зұлматты кезеңдер өтті. Биыл 75 жыл толатын Дүниежүзілік екінші соғыс қасіреті де қазақтың соңғы көрген алапат жылдарының бірі еді. Майдан өтіне қаншама боздақ аттанып, соның жартысы ғана туған топырағына тірі оралды. От пен оқтың ортасынан аман шығып, еліне оралғасын да өлшеусіз еңбек еткен сондай азаматтардың бірі – Ғайыс Егембердиев. Ғасырға жуық жас жасаған көкірегі шежіре  ақсақалмен Наурыз мерекесі қарасаңында барып, сұхбат құрып қайттық.

– Батыста амал мерекесі басталды. Сізді де бір жасыңызбен құттықтаймын. Одан ары ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз да келді. Қазір наурыз 89 жылдан бері тойланып жүр дегенімізбен, Кеңес үкіметі орнап наурызға тиым салғанға дейін бұл қазақ ішінде аталып өтіліп келді ғой. Сіздердің балалық шақтарыңызда қалай еді өзі?

– Иә, Орынды айтасың. Наурыз біздің балалық, бозбалакезімізде қазақ ауылдарында тұрақты аталып өтілетін. Бұл өзі үлкен мереке болушы еді сол тұста. Әсіресе, оңтүстік жұртына наурыздың жылы самалы ерте жетіп, жер ерте құрғайды ғой. Көк те шығып үлгіреді. Қазіргі жұрт жаңа жылды қалай қарсы алса, сол уақытта, бізде де сондай көңіл–күй болушы еді. Балалар мәз–майрам болып мерекенің лебі сезілетін. Қазіргіден басқаша тұғын. Алдымен үлкен кісілер бір–бірінің үйіне кіріп, аруақтарға құран–хатым түсіретін. Кедей-кепшіктер, жарлы-жақпайларға қамқорлық жасалатын. Әркім өз әліне қарай наурыз көжесін жасайтын. Адамдар шақырмаса да барып, дәм татып, ризашылығын білдіріп, ақсақалдар батасын беріп жататын. Қазіргідей киіз үйді көрініске тігіп қойып, қарап отырмайтын. Қазір наурыз келгені 22 жақындағанда ғана байқалады ғой. Ол кезде олай емес-тін.  Айналып келгенде заман өзгерді. Соған орай наурызды да тойлау басқаша сипат алды ғой.

– Оңтстікте деп қалдыңыз, туған ауылыңыз, өскен ортаңыз туралы айта отырсаңыз?

– Мен қазіргі Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Бірлік ауылының тумасымын. Сол жерде өсіп, өндік.  Әкем бес уақыт намазы толық шаруаның адамы болды. Сол Бірлікте жүргенде соғыс басталды. 18жасымда әскер сапына алынып,  Беларусь майданындағы сұрапыл соғысқа қатысып кете бардым.  Қарап отырсаң енді 8 жылын балалық десең де ес біліп, етек жапқан 10 ақ жыл ғой. Ауылда әке – шешемнің қасында болдым.

– Соғыстан кейін сіз қаруыңызды қаламға айырбастап отыз неше жыл баспасөзде еңбек еттіңіз. Кеңестік цензурада жүрсеңізде қоғамдық құрлыстың көптеген жақтарын жаздыңыз. Ал тәуелсіз елдіңқазіргі БАҚ –  да не кемшін деп ойлайсыз?

– Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де біраз жылға дейін баспасөз арқылы өз пікірлерімді, ойларымды айтып, жазып жүрдім. Кейінгі кезде жастың ұлғаюымен оны қойдық. Бірақ, өздеріңіз секілді журналистер келгенде айтарымды айтып қаламын. Қазіргі баспасөзде бәрі айтылып жатыр. «Сын–шын болса» бұл аса пайдалы.Отыз жылдан астам қалам ұстадық, өз кезінде айттық та, жаздық та. Қазір жастың ұлғюымен не жазып не қойып жатқанын толық біліп отырмын деп айта алмаймын. Бәлкім менің айтқым келген дүниелерді жастар жазып, қаузап жатқан да шығар…

– Жастар демекші, қазіргі аға буын жастарға сын көзбен қарайды. Ұрпақ тәрбиесі нашарлап бара жатырмыз деп айтамыз. Бұған өзі кім кінәлі?

– Заман деп айтамын. Қазір кімді кінәлағандайсың? Жастар заман ағымымен ағып барады. Оған ақыл айтар, бұрыс іске кетіп бара жатса тоқтау салар үлкеннің сиқы қандай? Мәселе оында.  Буындар арасында байланыс жоқ. Бір– бірімен байланыссыз кетіп барады. Кішісінде үлкенді сыйлау, сөзін тыңдау жоғалған жерде осылай болады. Бұл жақсылық емес. Кеңес заманында басқаша еді ғой. Ең бастысы әр буын ортасында сабақтастық бар еді. Қазіргілерге өз жолы дұрыс. Жастар үлкенді тыңдауды қойды ғой. Мысалы мен мақтанғаным емес, 18 – ге толар толмаста соғысқа кеттім. Қазіргі сол жастағылар әлі бала. Былайша айтқанда, менің балалғымның жігіттігімнің жартысы соғыспен өтті. Қазір балалар арасында армияға барудан қашатын жайттер бар. Бұл тәрбиенің о баста дұрыс жүргізілмегендігінен ғой. Қазіргі адамдардың мінез-құлқын бұрынғымен салыстыра алмайсың.Бірақ, осыған да тәубә деймін. Жастардың болашағына үмітпен қарау керек. Бәлкім, нәсихат жұмыстарын жақсартса олар да дұрысталар, жөнге келер.

– Жастарға үлгі өнеге беретін өздеріңіз сияқты қазыналы қариялар ғой. Жергілікі әкімдік сіздердің ғибаратты өмір жолдарыңызды жас буынға насихаттау жұмыстарын жүргізгенде жағдай басқаша болар ма еді?

– Олар бізді жеңіс мейрамы жақындағанда іздейді ғой. Басқа уақытта біз кімге керекпіз?Өз басым ешқандай материалдық қажеттілікке мұқтаж адам емеспін. Тәубә. Бірақ, бізге не керек? Біз сияқты үлкен адамдарға шынайы ниет керек. Ардагерлердің үйіне басшылықтың нұсқауымен, немесе жылдағы дәстүр бойынша әйтеуір селсоқ келе салу үрдіске айналды ғой. Бұрындары қалай еді. Бәрі жақсы болатын. Ел басқарып жүрген азаматтар дәйім қарттарға кіріп батасын алып, жөн–жосығын көрсетіп тұратын. Қазір әйтеу бару керек, кіре салу керек деген әңгіме… Солар жастармен біз сияқты қарттарды кездестіріп, нәсихат жұмыстарын жүргізсе кім қой демек?! Әрине, қазір жүр десе шауып ере кететін хәлде емеспін. Бірақ, осы істерді басқа да өнегесі мол жандармен жүргізсе болады ғой. Жоғарыда да айттым ғой. Үлкендер мен жас буын арасындағы байланыс үзілген. Ешкім-ешкімге керек емес сияқты. Жақсылықты нәсихаттау керек. Жақсы адамдардың тағылымды істерін кейінгі ұрпаққа үлгі – өнеге қылу керек.Дүние осылай аман сақталып тұрса, ол жақсы жандардың бар болуынан.

– Жақсы жандардың бірі өзіңізсіз. Жастық өміріңіздің жартысын біздің қазіргі бақытымызға арнадыңыз. Сол үшін сізге де рахмет айтамыз. Сіз рахмет айтатын жандар барма?

– Бар қарағым,мен жақсылығын көрген жандарға өз уақытында ризашылығымды білдіруге тырысамын. Талай адамға айттым да. Өз өмірімде ешкімнің ала жібін аттап, жұмысымнан кінәрат шығарған жан емеспін. Сұрағыңа орай бір оқиға есіме түсіп кетті. 18 жасқа енді толып жатқан шағым. Соғыс басталған уақыт еді.  Жоғарыда айттым ғой, әкем шаруаның адамы еді. Бірақ бес уақыт намазын қаза қылмайтын ғадеті бар тұғын. Онысы енді құлшылық. Соны көп көрген жергілікті белсенділер әкемді молда-қожасың деп 8 жылға соттап жіберді. Сотына да қатысып та үлгермедік. 20 күннен кейін майданға аттанғалы жатқанмын. Ақыры осы жағдайға байланысты сол кездегі  Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы Ә. Қазақбаевқа өлеңмен хат жазып жібердім. Онда әкемнің кінәсіздігін, өзімнің соғысқа аттанып бара жатқанымды, өзімнен үлкен ағамның алдыңғы шепте отан қорғап жатқанын жаздым. Сомен,Латвиямайданындағы алғы шепке аттанып кеттім. Бір жарым жылдан кейін соғыс поштасымен маған бір хат келді. Онда «Солдат Егембердиев сіздің жазған өтінішіңізге сәйкес, әкеңіздің ісі қайта қаралып, кінәсіздігі анықталды», –деген бір ауыз сөз екен. Екі күннен кейін үйден «Жәкең үйге келді»,– деген хат келді. (Әкемді Жәке деуші едім). Сонда мен мұсылманшылықты, адамшылықты алғаш рет сезіндім. Ол кез енді белгілі ғой,соғыс, соғыстың артындағы тыл жұмыстары, жетіспеушілік, кейбір жерде ашаршылық дегендей… Қазақбаевтыңхатымды алып, оған жауап қайтаруын үлкен адамгершілікке баладым. Жапан түздегі құм ортасынан бір баланың жазған хаты екен дей салуға болады ғой. Бірақ, өйтпепті. Сол кісінің азаматтығын үнемі еске алып, зор құрметімді білдіремін, рухына рахмет айтамын. Кейін «Социалистік қазақстан» газетінде жүргенде де біраз адамның жақсылығын көрдім.

– «Социалистік Қазақстан» газетіне де біраз жыл тер төктіңіз. Елдегі ең ықпалды газетте жұмыс жасау екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Өмір жолыңызда осы газеттің алар орны ерекше болар?

– Иә, «Социалистік қазақстан» талай жасты тәрбиелеп шығарған қара шаңырақ қой. Өзім сонда 16 жыл еңбек еттім. Кейін Талдықорған облыстық «Октярь Туы» газетінде бас редактор болдым. Алғаш қалам ұстап, жазудың қыр сырын үйреткен осы «Октярь Туында» зейнетке шыққанша жұмыс жасадым. Сол уақыттарда қазақтың небір дарынды ұлдарымен әріптес, дәмдес, сырлас болдық. Кейбірімен отбасы болып араластық. «Социалистік қазақстанда» істеген уақытымды өмірімнің көркем сәттері, шуақты күндерідеймін. Талдықорғанда да солай болды. Өмір болған соң талай нәрсе бастан өтті ғой. Бірақ, құдай соның бәрінен жақсы өтуге мүмкіндік берді.

– Қазір бізде жеке адамдар есігінің алдына ту іліп қоя алмайды. Үкімет шектеу қояды. Ал, сіз іліп қойыпсыз. Алып тастаңыз дегендер болмады ма?

– Болғанда қандай?! Болды, бір емес, бірнеше кезек келіп айтты. Бізде ту ілмейді, алып тастаңыз деп. Бірақ, әуелгі мемлекеттік рәміздер туралы заңнда бұған рұқсат берілген болатын. Соны айттым. Сосын ол кетті. Артынан бір подполковник келіп тұр. Болмайды деп. Себебін сұрасақ,«Көрші аулада үлкен көмір алаңы бар. Соның ысы байрақты бұлағайды», – деп тұр. Қызым: «Көмір алаңын басқа жерге көшіріңіздер»,– деп еді, подполковник«Оған шамамыз жетпейді»,–деп шынын айтты. Сонда қызым жұлып алғандай,«Көмірді көшіре алмайсыздар, туды жұлып алып тастау оңай ә?»,–деп қарсы сұрақ қойды. Тапқыр жауапқа не айтарын білмей дағдарған офицер үн –түнсіз үйден шыға жөнелді. Содан бері бұл байрақ осы ауланың төрінде желбіреп тұр.

– Өсіп келетін болашақ ұрпаққа не айтасыз?

– Қайыссы бірін айтайын, айтатын дүние көп қой… Ең бастысы, адам өз адамшылығын жоғалтып алмауы тиіс. Ешкімнің ала жібін аттамаған адамның өмірі нұрлы, көңілі жай болады. Жақсылық та жамандық та өзіңе қайтатынын білу керек. Бағана Қазақбаев туралы айттым ғой. Мысалы соның бір ауыз сөзінің өзі біздің әулеттің тағдырын жақсылыққа бұрды. Бір ауыз сөз ғой. Қазіргі адамдарға жетіспейтіні осы бір ауыз жылы сөз. Жақыныңа қимайтын сөзді жатқа қалай айтарсың? Кішілер үлкенді тыңдасын десек, үлкенде соны тыңдататын ақыл, ғибарат болу керек. Менің айтарым осы. Ұлыс аман, жұрт тыныш болсын. Елдің ішін дау, сыртын жау торымасын. Барлық пәле-жала ескі жылмен кетсін!

– Сұхбатыңызға рахмет!

А. НАЗЫМ.



ПІКІР ЖАЗУ