Тәртіпке бағынған құл болмайды

1252

 Жер бетін жайлаған коронавирус індетінен етек-жеңін жинай алмай жатқан әлем жұртының үрейі әлі басылар емес. Осы кеселге байланысты  барлық өңірде қатаң шаралар қолға алынып, карантин жарияланса да, заңға бағынбай қылмысқа барып жатқандар да бар.

     Әшейінде құқық қорғау органдарын жерден алып, жерге салатын қараша  қазір осы құзырлы органдарға тәртіпке бағынбағандарды қатаң жазалауды, ырыққа көнбей баратын  індетті таратушылар осы заңдық талапқа бағынбайтындар деп жар салуда. Алайда, қоғамдық тәртіпті күзетуде өздеріне жүктелген міндеттерін абыроймен атқарып  жүрген қызыл жағалы полицейлер де  дәрігерлермен қатар күндіз- түні елдің тыныштығын күзетуде. Әсіресе, базарлардағы жабайы саудаларды ауыздықтауда санитарлық- эпидемиологиялық қадағалау  мекемесімен бірлесіп, күресіп жатқан полицейлер карантин шарттарын бұзғандар мен және медициналық бетперделерді заңсыз саудалағандары құрықтауда. Онсызда «танауын тасқа соққан балықтай сансырап қалған халықтың қалтасын қағуда, қысыл-таяң уақытта «екі асап биге шығуды» көздейтін пысықайлар әрі алаяқтармен арпалысып жатқан ішкі істер органдарының криминогендік жай-күйі туралы ақпаратқа зер салып көрелік.

      Алматы облысы полиция департаментінің берген мәліметіне жүгінсек, елмізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері өңірдегі қылмыстар саны 40,7 пайызға төмендепті. Мәселен, қылымыстық құқық бұзушылықтың барлық түрінде төмендеу бар дейді. Демек, елдегі қиын жағдайды қылмыс жасамаса «бастары ауырып, балтырлары сыздап» қалатын бұзақылар да түсінсе керек. Әсіресе, кісі, тонайтын қарақшылардың қолымен жасалатын қылмыс 36,8 пайызға, бұзақылық 31,25, өзгенің мүлкіне көз салу 56,7, зорлық-зомбылық көрсетіп зорлау 33,3, өрістегі малды үйірлеп, табындап, одан қалса қорадағы  қолды қылатын мал ұрлығы 25,5, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру 21,8, өзгенің көлігін ұрлап кету 22,2 пайызға төмендеген. «Ауру қалса да әдет қалмайды» дегендей,  күнделікті тіркеліп  есепке алынып жататын сан түрлі қылмыстар мүлде тоқтап қалған жоқ, тоқтауы да мүмкін емес. Әлемді жаулаған коронавирус  қылмыскерлердің санасына салмақ салып тұр.  Қылмыс хроникасы да жұқпалы індет сияқты бірде үдеп, бірде бәсеңдеп тұруы заңдылық құбылыс. Елді есінен тандырып жатқа індет өршігелі бері үлкен қала Алматы мегаполисінің қасындағы Алтын-Орда базарының аумағында бір ұрлық дерегі тіркеліп, ол ізі суымай ашылыған. Бұл  Қарасай ауданына қарасты аймақ. Дәл осы өңірде өзгенің мүлкін ұрлаған 29 дерек тіркеліпті. Сұғанақ қолды мұндай қылмыскерлер Жетісудың басқа өңірлерінде де бары айдан анық. Полицейлердің айтуынша өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тура осы Қарасай ауданында 74 қылмыс жасалыпты. Сан жағынан көрсеткіш төмендегені мен сапа жағын алып қарасақ қылмыскерлер әлі айылын жия қойған жоқ. Қылмыстың төмендеу деңгейін өңірлердегі карантин мезгілімен салыстыруға болады. Себеп, әр қадам аттаған сайын постар мен полицейлер,  әскерилердің жіті қадағалауында тұрғандықтан қылмыскерлер де аяқтарын аңдып басуда. Тек оңтайлы сәтті күтіп, жемтігін аңдыған  жыртқыштай бұғып жатқандарын байқауға болады. Бұған да нақты мысалдар кетіре кетейік. Төтенше жағдай енгізілгелі бері облыс аумағында кісі өлтіру немесе қарақшылық шабуыл жасау сынды ауыр қылмыстар тіркелмепті. Бұған біздің де алып-қосармыз жоқ. Құдай, уақытша болсада мұның бетін аулақ қыла тұрсын. Онсызда, «жау-жағадан алғанда бөрі етектен тартыпты» дегендей, «шықпа-жаным, шықпа» деп, әрең күнелтіп отырған қарашаның күнделікті тұтынатын азық-түлігінің бағасын аспандатып, қалтасын қағып отырған алып-сатарларға жем болған қауым, онсыз да жұқпалы індеттен қырылып қалмасақ екен деп үрейленіп отыр. Бірақ… Осының астарында көп сауал жатыр. Күннен-күнге шарықтаған баға, жабылып жатқан базарлар мен сауда нүктелері қылмыстық криминогенді көбейтіп жібермей ме? –деген күдік те көкейде тұр. Елдің ахуалы күннен-күнге тарылатын болса, сонау 1998 жылдары шарықтау шегіне жеткен қарақшылық шабуылдар, ұйымдасқан қылмыстық топтар қайта өршуі мүмкін деген ел ішінде алып қашпа әңгімелер өріп жүр. Алайда, ол кезеңмен қазіргіні  салыстыруға мүлде келмейді. Одан бері 20 жылдан астам уақытта ішкі істер органдарындағы заманауи техникалар, тәжірбиелі мамандар толықты. Алайда, қылмыскерлер де түрленіп сала беретін  тоты құстай түрлі айла-шараларға барып жүр. Оны соңғы жылдарда жасөспірімдер арасындағы қылмыс  көрсеткішінен көруге болады. Қазір уақытша болса да бәсеңдеген қылмыспен көңілді жұбатуға мүлде болмайды. Оның басты себебін мақала басында айттық. Олар  Алматы қаласына кіре берістерге қойылған 17 блок-бекеттер. Бұл блок-бекеттердің негізгі міндеті – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Әрі коронавирустың  алдын алу. Ең  көп блок-бекетте Қарасай ауданының аумағына орналастырылған.

    Жалпы Алматы облысы бойынша Алматы қаласының іргесіндегі аудандарда қылмыс жиі жасалатын. Қазіргі таңда  сауысқандай сақ  қимылдаған құзырлы органдардың қырағы көзінде тұрған аймақтарда қылмыстық ахуалдың төмендеуіне осы себеп. Дегенмен, 42 адам ҚР ӘҚбК-нің 476-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 40 адам кіріп-шығудың ерекше тәртібін бұзғаны үшін, ал екі азамат көп адам қатысатын іс-шара ұйымдастырғаны себепті жазаға  тартылыпты. Олардың 30-ына  3 тәуліктен 10 тәулікке дейінгі әкімшілік қамау түріндегі санкция қолданса, қалғандарына 10 АЕК мөлшерінде айыппұл  салынған. Халық батыры Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Тәртіпке бағынған құл болмайды».  Ғаламшарды шарлаған кемесапты кеселден, күніне ажал құшып жатқан адамзатты құтқарудың емін таба алмай, дағдарып қалған әлем медицинасымен ғалымдардың «шақшадай бастары шарадай» болып жатқанда  қазақстандағы қылмыс хроникасының  бәсеңдеп тұрғанына   тәуба  дейсің! Жаратқан жаппар ием, елді  індеттен, ел ішіне бүлік салатын бүлікшілерден,сұқ көздер мен сұғанақтардан, жемқорлар мен алаяқ, баукеспе қанішерлерден сақтай гөр дегенді халық та жиі айтатын болған! Бұған біздің де алып-қосармыз жоқ!

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Бөлісу:
ТегтерЗАҢ

ПІКІР ЖАЗУ